Қоғам

Қариялар «Қарағайлыда» бас қосты

Қариялар «Қарағайлыда» бас қосты


«Қарағайлы» демалыс санаторийінде ардагерлерді облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан қала басшылығы Қарттар күнімен құттықтады.
Жиынға қалалар мен аудандардан келген ардагер қатысты.
Ең алдымен қала әкімі Ермак Сәлімов, кәсіпкер Әсемхан Досқұжанов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев әр ауданнан ат арылтып жеткен қарияларды «Қарағайлы» демалыс-сауықтыру санаторийінің жай-күйімен таныстырды. Мұнда қарттарға барлық жағдай жасалған. Түрлі ем-шаралық бөлмелер, асхана, қарағайлы орманның таза ауасы қариялардың алаңсыз демалысына лайықталған екен.

-Құрметті ардагерлер, абыз ақсақалдар! Барлығыңызды қарттар күнімен құттықтаймын,-делінген облыс әкімі Даниал Ахметовтің арнайы құттықтауында, – бұл – ұлағат пен шапағатқа толы мейрам, Тәуелсіздікке қол жеткізуіміз сіздер жеткізген ұлы еңбек жолының арқасы. Ұлы Абайша айтқанда, «алдыңғы толқын аға буын ағалар» өздеріңізсіздер. Мерейлі мереке барлығыңызға қуаныш пен шаттық әкелсін. Туған ел, қасиетті Отанды қастерлеудің қайталанбас үлгісін көрсете білдіңіздер. Облыстағы ардагерлер кеңесі ең беделді ұйым. 230 мың ардагеріміз құрамына енетін осы облыстық кеңестің барлық аудандарда 1062 бастауыш ұйымы бар. Міне, бүгін өздеріңіз бас қосып отырған санаторий ардагерлерімізге арналған. Әлеуметтік мемлекеттік тапсырысқа орай жыл соңына дейін санаторийде 927 мүгедек, денсаулығы төмен жандар демалатын болады. Ал 2019 жылдан бастап санаторийде соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері сауықтырылып, бір жылда 3100 ардагерді қабылдамақшы.

Жиында облыс әкімінің Құрмет грамотасымен көп жылғы еңбегі үшін, жастарға тәлім-тәрбие берген, сыйлы да құрметті қария, Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Түңлікбаев марапатталды. Глубокое аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Любоь Романова да осындай марапатқа ие болды. Ал облыс әкімінің мақтау қағазы Риддер қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Клавдия Шушаковаға табыс етілді.

Бұдан кейін ардагерге мерекелік дастархан жайылды. Концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов ұйымның 30 жылдық тарихын баяндап, атқарылған жұмыстар туралы кеңінен айтып берді. Салтанатты жиын соңында қалалық Мәдениет сарайының өнерпаздары туған жер, қазақ халқының салт-дүстүрі жайлы әндерді орындап, қойылым көрсетіп, ардагерлердің өткен өмірлерін, жастық шақтарын еске салды. Көрсетілген шынайы құрметке ардагерлер де риза болды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button