Қарияға – қамқорлық, мүгедекке – мүмкіндік

Қарттық жасқа жетіп, қазынамызға айналып отырған қарияларымыздың, зейнеткерлердің дұрыс демалып, тынығуы үшін бүгінгі күні облыста екі бірдей санаторий қызмет көрсетіп тұр. Екеуінің де қызметі тегін.
Зейнеткерлер екі санаториде тегін демалып, сауығады
Өскеменнен 100 шақырымдай жерде, Шемонайха өңіріндегі Усть -Таловка мен Выдриха ауылында орналасқан бұл демалыс орындарында қарттар 10 күн демалып қана қоймай, балшықпен сылау, фитотерапия сияқты түрлі ем-дом алуларына да болады. Жыл сайын бұл демалыс орындарына облыс бюджетінен 287 млн. 300 мың теңге қаржы бөлініп келеді.
Алайда, мұндай демалыс орындарының барын ауыл тұрғындарының барлығы бірдей біле бермейді. Демалыс орындары қай мезгілдерде жұмыс істейді? Жолдаманы қалай алуға болады? Осы сауалдарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы мамандарына қойғанбыз.
– Зейнет жасына жеткен зейнеткерлеріміздің, сондай-ақ, мүгедектердің бәрі де екі санаторийде 10 күннен тегін демалып, емделіп жатыр. «Уба» санаторийінде-200 адам, Усть-Таловкадағы екінші санаторийде 50 зейнеткер демалады. Жалпы, жылына бұл демалыс орындарында 5750 адам демалып жатыр. Демалуға жолдама берілетіндердің тізімі жылдың басында жасалады. Демалыс орындары демалушыларды қысы, жазы қабылдайды. Халқы тығыз орналасқан қалалар мен аудандардағы зейнеткерлерге демалыс кезегі шамамен екі жылда бір келеді. Мысалы, Өскеменнен биыл – 1846, Семейден – 1777, Бородулихадан – 26, Катонқарағайдан – 43, Күршім ауданынан – 42 зейнеткер демалуда, басқа аудандардан да осы шамада. Санаторийлерге жолдама алу үшін жергілікті жерлердегі аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімдеріне барып, кезекке тұру керек. Демалыс орындарының жағдайлары жақсы. Қазіргі күні Уба санаторийінде төбесі жабық би алаңы салынып жатыр. Қазан айының басында пайдалануға беріледі. Зейнеткерлер түрлі мәдени іс-шараларды енді осы жерде өткізеді, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы Әлия Бариева.
Шемонайха ауданының Выдриха ауылындағы «Уба» санаторийі 2002 жылы ашылған. Басқарма мамандары демалыс орындарының екеуі де зейнеткерлердің көңілінен шығып келе жатқанын айтады.
Қарттар үйі қара шаңыраққа айналып барады
Шығыс Қазақстандағы 8 қарттар үйінде 1024 қария тұрып жатыр. Бұлар тек мемлекеттік қарттар үйінде тұрып жатқандар. Аймақта жаңадан ашылып, ақылы қызмет көрсетіп жатқан бұлардан басқа бірнеше жеке-меншік қарттар үйлері де бар. Қарттар үйінде қара басы ғана қалған жалғызілікті жандар ғана емес, ұл, қызына керексіз болып, қара шаңырағынан қуылып, осы жерден бірақ шыққан қаншама кейуана жүр.
Кейуаналардың тең жартысы қазақ
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы әлеуметтік мекемелермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Әлия Бариеваның айтуынша, кезінде облыста екі-үш қана қарттар үйі болса, соңғы 20 жылда олардың саны арта түскен. Қарттар үйі кейінгі уақытта Первомайка, Самар ауылдарында, Зырян қаласында ғана емес, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында да ашылды.
Ақжардағы қарттар үйінде қазір 73 қария тұрып жатыр.
-Сол қариялардың ішінде қазақтар көп, 73 адамның тең жартысы қазақтар, жалғызбасты қариялармен қоса балалары тастап кеткендер де аз емес. Ақжардағы қарттар үйі кезінде 105 адамға арналып ашылған болатын. Жақында аталған қарттар үйіндегі төсек санын қысқарту туралы бұйрық шықты, қараша айынан бастап бұл қарттар үйі 50 орындық етіліп қысқартылмақ. Қалған адамдар облыстағы өзге қарттар үйіне бөлінеді. Жалпы, алдағы уақытта еліміздегі қарттар үйлері ықшамдалып, шағын үлгіде құрылмақ, -дейді Әлия Бариева.
Белгіленген талаптар бойынша қарттар үйіне жалғызбасты қариялар ғана алынатын болғанымен бүгінде қарттар үйі бала-шағасы барлардың да баратын жеріне айналып барады. Айналасы бірнеше жылдың ішінде бірінен соң бірі ашылған қарттар үйлері күтімді қажет ететін ата-анасын керексіз қылған тасбауыр бала-шағаның көбейгендігінің көрінісі.
Зейнетақылары үшін қайтадан алып кетіпті
Қарттар үйіндегілерге биылдан бастап зейнетақылары бұрынғыдай 100 пайыз көлемде емес, 30 пайыз мөлшерінде ғана беріліп келеді. Қалғаны мемлекетке қайтарылып алынып, қарттар үйінің жеке есепшотына түседі. Бұрын зейнетақыларының 70 пайызын қариялар өз қолдарына алып отырған.
Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы қарттар мен мүгедектер үйінің директоры Нұрлан Асылбекова осындағы қарттар үйінің жағдайы жақсы болғанымен, жаутаңдаған қариялардың жандары жүдеп, көңілдері пәс күйде жүретінін айтады. Олардың шерін, мұңын, зарын жазып, айтпай-ақ қоялық. Жаны жаралы ақсақалдар мен әжелерге жақындап, сауал қою олардың өздеріне ғана емес, журналистерге де ауыр. Бірнеше жыл бұрын осы жердегі қарттар үйіндегі көкірек көзі ашық абыз қарияның бірі теледидардан сөйлеп, жас ұрпаққа өзінің сөзін арнаған екен. Екі-үш күн өткен соң оның ғылым қуған туған қызы «әкемді теледидардан неге көрсетесіздер деп» телефон соғып, дау, шатақ шығарған. Қызының айтысына қарағанда, жамағайыны мен құда-құдағилары жеткізген «жаңалықты» оқымысты қыздың өзі бес жылдан бері естімеген болып шығыпты-міс. Бес күн емес, бес ай емес, бес жылдан бері әкесінің қарттар үйінде тұрып жатқанын «білмейтін» мұндай қыздар, ұлдар, туғандар жыл өткен сайын көбейіп барады.
-Қарттар үйінің, қараусыз, бағусыз қалған кәрі әке-шешенің көбейіп бара жатқандығы – мейірімнің азайып, жоғалып кеткендігінен. Осы күні Алланы ауызға алатын адамдар көбейгенімен, адамдардың кейбірі туғанына, туысына деген қамқорлық пен қайырымнан ада болып барады. Қарияларға 35 қызметкер қызмет көрсетеді. Түрлі мәдени іс-шараларды да жиі-жиі ұйымдастырып отырамыз, – дейді Ақжардағы қарттар үйінің директоры Нұрлан апай.
Қызметкерлер қарияларға өз балалары көрсете алмаған қамқорлықты көрсете алуы мүмкін, алайда, өзгенің назары мен ықыласы ата-ананың өз перзентінен іздейтін мейірім жылуын алмастыра алмасы анық.
2017 жылдан бастап қарттар үйіндегілердің зейнетақысының 70 пайызының мемлекетке қайтып алынып отырылуы біраз қарияның үйлеріне қайтуына себепші болыпты. Бұрын қарттар үйіне өткізіп тастаған кәрі әке, шешенің, туысқанының зейнетақысын алып жүрген ұл-қызы, туысы енді олардың зейнетақысын көрмейтін болған соң, оларды қу ақша үшін қайтадан үйлеріне алып кетіпті. Бағып, қақпаса да зейнетақысын алып отыру үшін. Зейнетақысы бұрынғыдай қолдарына толық берілмейтіндіктен, осындағы бірсыпыра зейнеткерді туған-туыстары осылайша қайтадан үйлеріне шығарып алыпты. Зейнетақылары өздеріне беріліп отырғанда балалары, туыстары ақшаны өздері алып немесе келіп, алып кетіп отырған көрінеді.
Қарттар үйінің директоры, осы мекемені талай жыл басқарып отырған Нұрлан Епенқызының айтуынша, мұнда түрмеден шыққан соң тағдыры тәлкекке түсіп, соқа басы ғана қалғандар, отбасымен ажырасқандар, балаларының жоқтығынан басы ауырып, балтыры сыздаса келіп қарайтын адамы болмағандар, ішімдікке салынып кеткендер, ұл-қызы бола тұра қарамай кеткен қарттар тұрып жатыр. Бұл жерде бір-біріне сүйеу болып, отау құрып жатқандар да бар. Төрт қария өз жұптарын осы жерден тапқан.
Туғанына керек болмай қалған тастанды қарттар көбейгенімен, олар далада қалып жатқан жоқ. Сала мамандары қарттар үйіне орналасуға кезек жоқ дейді. Жаңадан ашылып жатқан жекеменшік қарттар орталықтары, үйлері тағы бар.
Қарттар үйі осылайша қара шаңырақты алмастырып барады.

«Зайсан жастары» қалтарыста қалдырмай, демеп жүр
Өткенде Зайсан ауданына іссапармен барған жолы аудан орталығындағы сәулетті, еңселі, әдемі үйдің ішін ән мен күйге бөлеп, келушілерге би үйретіп, психология, компьютер, музыка, сурет сабақтарын өткізіп жатқан жігерлі жастармен жолыққан едік.
«Зайсан жастары» деп аталатын бұл қоғамдық бірлестік мүшелерінің қызметін пайдаланушылар өнерпаз да, спортшы да, өзге де емес, аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Мүгедек балалар мен 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандарға, тірек-қимыл аппараты бұзылғандарға жартылай стационарлық жағдайда арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіп келе жатқан бірлестік ұжымы Қарабұлақ, Дайыр ауылдарында өз бөлімшелерін ашып, ол елді мекендегілермен де бірлестіктің әлеуметтік қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Ашылғанына екі-үш жылдай ғана уақыт өткенімен «Зайсан жастарының» жеткен жетістіктері айтарлықтай.
-Қоғамдық бірлестік өз ішінен ақылы күндізгі бейімдеу орталығы қызметін де көрсетіп жатыр. Осы орталықтан түскен, демеушілерден түскен қаражат есебінен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетіп отырмыз. Вокал, хореография, еңбек сабақтары, логопедтік жаттығулар қызмет алушылардың деңгейінің жетілуіне, қоғамдық өмірге етене араласуына көп көмегін тигізді, алдағы атқаратын іс-шараларымыз атқарғанымыздан да көп,- дейді бірлестіктің төрайымы Жансая Мұстабекова.
Мәселен, «Зайсан жастары» ҚБ-нің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі Бауыржан Уәлиев жиһаз жасаудың қыр сырын үйреніп, жұмыспен қамтылып, отбасын құраған. Бейімдеу орталығындағы іс-шаралармен қоса түрлі құқықтық, тұрмыстық мәселелерін шешуге қолдау көрсетілген оралман Бекен Есболға әлеуметтік қызметтен тыс көмектер де жасалған.
Аудандағы осындай жандардың өздерімен-өздері болып, қалтарыста қалмай, қоғаммен араласуына жағдай жасап, олардың да қолдарынан көп іс келетінін көрсеткен бірлестік жастары Зайсан ауданындағы мұндай айрықша адамдарға әлі талай мүмкіндік туғызатындарын айтады.
Жанаргүл Мұқатай