Қоғам

Қария тағы да ерледі

     Алғабас ауылында тұратын Қаратаев Зарлыхан ақсақалдың шахмат спортынан ешкімге дес бермей, турнир атаулының баршасынан қанжығасына бас жүлдені байлап қайтып жүргені туралы бірнеше мәрте жазғанбыз. Қария тағы да топ жарып, бұл жолы Катонқарағай ауданынан олжалы оралды.

Үлкен Нарын ауылының тұрғыны, интеллектуалды оыйындардың неше мәрте жүлдегері, белгілі спортшы Бауырлан Мұзтауовтың зейнет демалысына шығуы құрметіне орай ұйымдастырылған шахмат пен дойбы ойындарының облыстық турниріне Күршімнен Ш.Ашубаев, Ж.Нұрмұхамбетов және З.Қаратаев сынды әйгілі шеберлер аттанған болатын. Барлығы 14 адам қатысқан айтулы бәсекеде Зарлыхан ағамыз тағы да ешкімге есе бермей, I орынды жеңіп алып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

– Тарбағатай ауданындағыдай, мұнда да ұйымдастырушылардың ұқыптылығы мен жауапкершілігіне барынша риза болдық, – деді Зарлыхан аға. – Қонақтарды күтіп алу мен шығарып салуда, құрмет, қошемет көрсетуде нарындық азаматтар ерекше ілтипат пен береке-бірліктің шынайы үлгісін көрсетті. Аудан басшылары тегіс келіп, қонақтарға әдейілеп сәлем берді, ойындарына табыс тіледі. Сайыс  аяқталған сәтте ұйымдастырушылар тіпті жеңілген ойыншыларға да ақшалай сыйлық беріп, құрметпен шығарып         салды.

Шахмат ойынына 20 минут, ал дойбы сайысына 10 минут уақыт берілген екен. Осы уақыт аралығында 74 жастағы З.Қаратаев қарсыластарының барлығын таза жеңіп, финалда бәсекелес болған екі ойыншыға да сан соқтырды. Осылайша, ол өзінің облыстағы ең мықты шахматшылардың алдыңғы легінде тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдеп шықты.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button