Руханият

ҚАРИЯҒА  ҮЙ  СЫЙЛАДЫ

Тәуке ауылында Әбитхан Ақылбеков деген қария тұрады. Оны бала кезінен білуші едім. Жастайынан еңбекте есейіп, бертін келе шаруашылықтың сан саласында жемісті еңбек еткен қария қазір 74 жасқа аяқ басты.

Екінші топтағы мүгедек, жалғыз басты жан өзі тұрған үй ескіріп, құлауға жақын қалғанда ауыл, аудан басшыларына жағдайын айтты. Біз де шамамыз келгенше қарияның өтінішін аудан басшыларына жеткіздік. Жерлестері де көмектерін аямады. Бірнеше мәрте үйін жөндеп берді, отын-суына көмектесті.  Алайда Алтайдың алты айға созылатын қақаған қысында ескі үй сыр бере бастады.

Ауданның бұрынғы әкімі Серікқазы Сәдуақасов өткен жылы қарияның үйінде болып, шынында да, бұл мекенде тұрудың мүмкін еместігіне көз жеткізген соң кәсіпкер Қайрат Қожахметов, ауыл әкімі Мейрамбек Мұқатов ауылдастарын көмек көрсетуге шақырды. Қайрат қажетті құрылыс материалдарын берді. Мал дәрігері Ернат Жұмабеков, ауылдастары Серік Хасенов, зейнеткер Мейрамбек Алтынбеков, Кенжебек Түсіпов, Дастан Семейханов сияқты ауылдастары құрылыстың басы-қасында болды. Мектеп директоры Әлмира Шағраева ұстаздарымен келіп, үйдің қабырғасын сылады, әктеп берді.  Қысқасы, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қысқа мерзімде Әбитханның ақ шатырлы үйі пайдалануға берілді.

Жақында аудан әкімінің орынбасары, кезінде осы үйді қамқорлығына алып, құрылыс материалдарын жеткізіп, жөндеп берген Ержан Сабырбаев екеуіміз қарияның үйіне келдік. Әбитхан құшақ жая қарсы алды. Жаңа үйге кіріп алыпты. Ішіне ендік, үй жылы, пеш дүрілдеп жанып тұр. Әбитхан Ақылбеков ауданның бұрынғы және жаңа әкімдері Серікқазы Сәдуақасов пен Асхат Смаиловқа алғысын айтты. Ал ауыл әкімі Мейрамбек Мұқатовқа ерекше ықылас білдірді. Әлеуметтік қызмет көрсететін Роза Ыдырышева қарияға қажетті көмек көрсетіп тұратынын тілге тиек етті.

Оңдасын Елубай

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button