Қоғам

Археологиялық зерттеулер әлемдік деңгейде насихатталады

Археологиялық зерттеулер әлемдік деңгейде насихатталады

Облыста қолға алынған ауқымды археологиялық зерттеулер өлке тарихына әлем назарын аудартатын болады. Бұл туралы қазба жұмыстарының жетекшілері арнайы брифингте мәлім етті.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасымен облыстық бюджеттен 100 млн. теңге бөлініп, алдағы үш жыл бойында өңірдің бес елді мекенінде жүргізілетін археологиялық зерттеулерге халықаралық ғалымдар осы мақсатта шақырылып отыр. Мәселен, Аблайкит мазарын зертеу тобының жетекшісі Карл Байпақов өзімен бірге Ұлыбританияның Лондон университеттік колледжінен үш бірдей профессор, Ресейдің Санкт-Петербургінен тарих ғылымдарының докторы бірге жұмыс істейтінін айтады. Кейін бұл ғалымдар Аблайкит мазарындағы жұмыстардың нәтижесін орыс және ағылшын тілдерінде әлемге паш ететін болады.
Археологтың айтуынша, Аблайкит мазары толық зерттеліп бітісімен, қалпына келтірілетін болады. Бұл өз кезегінде туристердің ағынын молайтпақ. Сібенің сұлу көлдері мен тау аңғарында қайта бой көтеретін көне мазар әрбір туристің жүрегін жаулайтыны сөзсіз. Ғалым аталмыш ғимараттың сыртқы кескіні мен құрылыстық сұлбасы сақталғанын айтады. Қазақ жеріне көз сала бастаған тұста патшалық Ресей тарапынан арнайы экспедициялар ұйымдастырылғаны белгілі. Сондай экспедицияның бірін басқарған И.Лихарев аталмыш мазарға тап болып, оның жобасын қағазға түсіріп әкетсе керек. Мұндағы археологиялық зерттеулер бірнеше кезеңде жүргізілетін болады. Әуелі кешен әуеден зерттелмекші. Содан кейін барып қана мазарды топырақтан аршу басталады. Шетелдік ғалымдар осы кезде іске араласады. Бұл ғалымдардың барлығы шығыстанумен, соның ішінде тибет буддизмін зерттеумен айналысады. Өйткені, Аблайкит мазары – еліміздегі тибет буддизмінің бірегей нысаны саналады. Кешен бір кездері орыстың Петр патшасының назарын аударып, Париждегі зиялы қауымның арасында үлкен пікірталас туғызған екен. Қазақ даласын тіміскілеуге арнайы бұйрықпен шыққан эскпедициялар Аблайкиттен тапқан ең құнды жәдігерлерді Петрдің қолына табыстап отырған. Кейін ол заттың бәрі кунсткамераға өткізілген. Алайда, оны өзімізге қайтару мүмкін емес көрінеді. Жоңғар-қазақ соғысының куәсі болған ғимарат неміс және швед, орыс ғалымдары тарапынан көп зерттелгенімен, негізгі құпиясын әлі ішіне бүгіп жатқанына Карл Байпақов сенімді. Ғалым жергілікті тұрғындардан Аблайкит жайындағы аңыз-әпсаналар жинақтауды жоспарлап отыр. Сол аңыздардың бір ұшығы Аблайкит мазарының асыл тастарға толы қазынасын іздеушілерді көлдің түбіне жетелейді. Зерттеушілер тобы қажет болған жағдайда көлдің түбін де зерттемекші.
Ал тәуелсіздікпен бірге жаңғырған Берел қорымы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ да назарында. Жоба жетекшісі Зейнолла Самашевтің айтуынша, бүгінгі қазақ тарихындағы Берел қорымының рөлі А.Яссауи кесенесімен шендес. Ұлттық музейге соңғы рет келгенінде Елбасының Берелден табылған жаңа жәдігерлерді 15 минут бойы тамашалауы – соның дәлелі болса керек. Биыл Берел жазығындағы №2 және №19 қорғандар зерттеуден өтеді. Ал бұған дейін аршылып, толық зерттеуден өткен №11 қорған аспан астындағы мұражайға айналады. Академик В.Радлов бастап зерттеген Берел жазығының аумағында 600-ден астам қорған бар. Солардың ішінде биыл зерттелетін қос қорғаннан қандай жәдігерлер табылатыны әзірге белгісіз. З.Самашев мұндағы зерттеулерге Жапония, Қытай, Қырғызстан, Ресей ғалымдарын тартып отыр. Сонымен қатар, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дан 25, Шәкерім атындағы Семей университетінен 11 студент жұмылдырылады. Жапондық палеогенетиктер қорғаннан табылған сүйектерді генетикалық тұрғыдан зерттесе, ресейліктер дендрохронологиялық құрылғылар арқылы қорғандардың нақты жасын, яғни, көмілген кезеңін анықтауға көмектесетін болады. Осының арқасында бұл қорғандардың ғұн, сақ, қимақ сынды прототүріктік дәуірлердің қайсына жататыны нақтыланады. З.Самашев аймақ басшысымен кездесу барысында С.Аманжолов атындағы ШҚМТУ студенттері биылғы қазба жұмыстарына молынан тартылғанын ескеріп, университет қабырғасында зертхана құруды ұсынғанын айтады. Сондай-ақ, кадрлық сабақтастық жалғасуы үшін археология мамандығына қызығушыларды облыс әкімінің гранты мен шәкіртақылары арқылы ынталандыру жолға қойылса деген тілегін айтты.
Қазақстанда екінші «Алтын адам» Шілікті жазығынан табылғаны белгілі. Оны тапқан Әбдеш Төлеубаев үшінші археологиялық топқа жетекшілік жасайды. Археолог Шілікті маңында әлі де зерттелмеген, бірақ аяусыз тоналған 200-ден астам қорым, бейіттің бар екенін айтады. Одан бөлек Тебіске, Базар, Қарғыба өзендерінің бойында үйсін мәдениетінің жұрнақтары жатқан көрінеді. Бұл жұмыстарға ШҚМУ, Шәкерім, ҚазҰУ сынды оқу орындарының 65 студентімен бірге белгиялық және ресейлік ғалымдар, итальяндық геоархеолог, PhD санатындағы доктор Ренато Сала атсалысады.
Өңірлік кешенді бағдарлама аясында бұлардан бөлек, Абай ауданындағы Қырықүңгір және Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы атты тарихи орындарда қазба жұмыстары жүргізілмек.
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев жетекшілік ететін Қырықүңгірді зерттеуші топ құрамына әйгілі Оксфорд университетінің профессоры Т.Штенберг пен 20 студент кіріп отыр. Ал Елеке сазының құпиясын ақтаруға Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD-докторанты Ерден Оралбай бастаған 10 студнет пен Ресейдің Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің ғалымдары атсалысады.
Брифингке қатысқан ғалымдардың барлығы Қазақстан археологиясы тарихында бұрын-соңды мұншама қаржы бөлініп, кешенді зерттеулер жүргізілмегенін айтумен болды. 1998 жылғы ұлттық тарих жылы мен «Мәдени мұра» бағдарламасынан кейін төл тарихымызға қолдау көрсетілген ауқымды шара биыл біздің облыста бастау алғаны көңіл қуантады, әрине. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қолға алынған зерттеулердің жемісі тарихшылар үшін талай жылға азық болатыны сөзсіз. Ең бастысы, табылған құндылықтардың даңқы шетелден шақыртылған аузы дуалы ғалымдар арқылы бүкіл әлемге жайылады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button