Қоғам

Археологиялық қазба жұмыстарымен танысты

Археологиялық қазба жұмыстарымен танысты


Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Зайсан ауданында іссапарда болды. Зайсандағы Хафиза Мұстафина атындағы орта мектеп ғимаратының жаңа оқу жылына әзірлігімен танысқан облыс әкімінің орынбасары жөндеу жұмыстарына көңілі толатынын айтып, биыл өңір бойынша 152 білім ордасын абаттандыру жүргізіліп жатқанын атап көрсетті. –Мектептерді талапқа сай, заман ағымына орай қалпына келтіруге қыруар қаржы кететіні белгілі. Ұстаздар шәкірттеріне терең білім, саналы тәрбие бергенде ғана еліміз білімді де білікті кадрлармен толығып отырады. Демек, Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді абыроймен орындауға күш салыңыздар, –деді Жақсылық Омар. Мектеп директоры Т.Салбанова бұл сенімнен шығатынын айтты.

Сондай-ақ, Жақсылық Омар, Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжанов Шілікті ауылының маңында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысты. Қазба жұмыстарының жетекшісі Әбдеш Төлеубаев қонақтарды Ауғанстаннан келген Лайхи Ахмади, Мажарстаннан келіп еңбек етіп жатқан Вероника Хорвон, ғалымдар Ринат Асалы, Жан Марк, Қазақ мемлекеттік, Семейдегі Шәкерім атындағы, заң университеттері, топографиялық колледж ғалымдары мен студенттерімен таныстырды. Олар күні бойы қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.

–Еліміздің Шығысындағы Берел мен Шілікті қорғаны жайында ел біледі. Ұзындығы сегіз, ені 88 метр болатын бұл обада талай құнды жәдігерлердің жатқаны сөзсіз. Соны тауып, жария етсек, деген ниетпен жұмысты қолға алған едік. Шілікті-1 қорғанында көне обалар жетерлік. Біздің ғасырымызға дейін VІІ-VІІІ ғасырдағы байлықтар құпиясын бүгіп жатыр. Естеріңізде болар, Маңырақтың солтүстігіндегі патша қорғанын қазу кезінде адамның жылқымен бірге жерленгенін анықтағанбыз. Мына қазба жұмыстары да нәтиже берер деген үміттеміз, – деді профессор Әбдеш Төлеубаев.
Жақсылық Омар ғалымдармен тілдесті, облыс әкімінің археолог-ғалымдардың жұмысынан нәтиже күтетінін айтты.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button