Руханият

Археология мұражайы салынады

Археология мұражайы салынады


Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 27 жоба және 18 кіші жоба іске асырылуда. Биыл бағдарламаға 15 миллиард теңге, оның ішінде жергілікті бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінді. Қала-аудан әкімдіктері тарапынан 305 жобаға 2,3 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Археология мұражайы салынады

Осы және өзге де ақпаратты облыс әкімдігінің мәжілісінде ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит мәлім етті.

Облыстық 27 жобаның үшеуі толық аяқталған, олар – «Әдеби Шығыс», «Қолөнер шеберханасы», «Таң» халықаралық ғылыми-көпшілік журналы» жобалары. 16-сы іске асырылуда, төртеуі («Қаламгер», «Табиғат және табиғи мұра», «Мәдени код: Шығыс Қазақстан», «Тархан геологиялық мұражайын құру») қаржыға байланысты тоқтап тұр.

– «Шығыс Қазақстанның көне қазынасы» жобасы бойынша археологиялық зерттеу жұмыстарының үшжылдық бағдарламасы аяқталды, үш жыл ішінде 450 миллион теңге бағытталып, облыс мұражайлары 19 мыңға жуық артефактпен толықты. Үшжылдық «Үш тілде білім беру» бағдарламасының нәтижесінде 3730 тіл мұғалімінің біліктілігі артып, 18 үздік ұстазға жалпы сомасы 7,2 миллион теңге болатын сыйақы берілді, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит.

«Әдеби Шығыс» жобасы бойынша өткен жазда 2200 оқушы облыстың киелі және тарихи орындарында болды. «Білікті маман» жобасы аясында жоғары оқу орындарының талапкерлері үшін қажет мамандықтарға 446 грант бөлінді, бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш.

«Арт заман» жобасы бойынша облыс мұражайлары үшін отандық суретшілердің сомасы 55 миллион теңгені құрайтын 25 туындысы сатылып алынған. «Абай әлемі» жобасы бойынша сомасы 39 миллион теңге болатын 13 684 мың дана кітап шығарылыпты. «Шығыс Қазақстан інжу-маржаны» жобасы аясында киелі және танымал туристік орындар инфрақұрылымын дамыту, Алакөл жағалауын абаттандыру жалғасып, оларға осы жылы шамамен 2 миллиард теңге бөлінді.
Бағдарламаны іске асыру мақсатында өңірде басқарма және жобалық кеңсе құрылған. Кеңсе қызметкерлері биыл 25 көшпелі семинар өткізіп, қала-аудан штабтарындағы 32 қызметкерге тағылымдама берген. Қазір жобалық офиске заңдық мәртебе беру мәселесі пысықталуда.

Археология мұражайы салынады

Өкінішке қарай, бағдарламаны іске асыруда мәселелер де бар. Айталық, қала-аудан әкімдіктері штабтар жұмысын тиімсіз үйлестіруде. Катонқарағай, Тарбағатай, Аягөз, Глубокое, Ұлан аудандары, Семей қаласының офистері сұралатын ақпараттарды уақытында жібермейді. Қалалар мен аудандар негізінен конкурс, флешмоб, акция сияқты бірреттік іс-шараларды жиі жоспарлайды, яғни кешенді жұмыс аз, бұл бағдарламаның тиімділігін арттыруға ықпал етпейді.

– Қалалар және аудандар әкімдіктері, басқармалар 10 ай ішінде бірде-бір жаңа жоба туралы бастама көтерген жоқ. Бағдарламаны іске асыруға 19 облыстық басқарманың негізгі жетеуі ғана қатысуда, бұл бағдарлама тиімділігін төмендетеді, – деді баяндамашы.

Бүгінгі таңда жобалық офис «Ақ жүрек» әлеуметтік бағдарламасын әзірлеп отыр, мақсаты – мүгедектерді әлеуметтендіру және олардың тұрмыс сапасын арттыру.

Елбасы Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын енгізу туралы тапсырма берген-ді. Аталған тапсырманы іске асыру мақсатында ішкі саясат басқармасы ауыл жастарының кәсіби өсуін арттыру жөніндегі «Жігерлі жастар – ауылға» жобасын, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Еңбек жастары» жобасын әзірлеген.

Жалпы, аталмыш сүбелі бағдарламаның өңірдегі барысы жаман емес, алдағы жылдарға ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр.

– Осы бағдарламаның арқасында облыста тұратын ұлттар мен ұлыстардың ауыз әдебиеті үлгілері жиналды, кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, жиырма мыңға жуық жәдігер табылды, ұлттық мұрамызға қосылды, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов облыста еліміздегі ең ірі Археология мұражайы салынатынын жеткізді. Оның аумағы 15 мың шаршы метр болмақ. Бұл туристерді тартуға да ықпал етуі тиіс.

Облыс әкімі, сондай-ақ Алакөл жағасындағы Қабанбай ауылында салынып жатқан тарихи-өлкетану мұражайының филиалын тездетіп аяқтауды, келер жылы «Алакөл-2019» музыкалық фестивалін халықаралық дәрежеде өткізуді міндеттеді. Сөз соңында аймақ басшысы бағдарламаны Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған жаңа жобалармен толықтыруды, қолға алынған жобалардың сапасына жіті мән беруді тапсырды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button