Нұржан Кенжеұлы
Әлем кубогы үшін жарыстың алғашқы финалисі анықталды. Көпшілік болжағандай, Катардағы доп додасының шешуші ойынына бірінші болып Аргентина құрамасы жолдама алды. Ал өткен түнде, газетіміз оқырманға жол тартқан кезде аргентиналықтардың финалдағы қарсыласы да белгілі болды.
Дегенмен, бүгінгі мақаламызды латынамерикалық ұжымға арнамақпыз. Дәл қазір 46 миллионнан астам тұрғыны бар Аргентина халқы бір кісідей қос Лионель – ұлттық құраманың бас бапкері Скалони мен команда капитаны әрі басты жұлдызы Мессидің тілеуін тілеп отырғаны сөзсіз.
Биылғы Әлем чемпионатын ала-құла бастаған «La Albiceleste» немесе «ақ-көгілдір жейделілердің» ойыны жарыстың соңына қарай жүре бастағандай. Естеріңізде болса, латынамерикалық ұжым шымылдықашар матчында ойламаған жерден Сауд Арабиясынан жеңіліс тапқан болатын. Сол кезде аргентиналықтардың ойынын сынамаған жан болмаған шығар, сірә. Әсіресе «Мессидің дәурені өтті, оны негізгі құрамнан алып тастау керек, жастарға жол беру қажет» деген сыңайдағы пікірлер көп айтылған еді. Дей тұра, Мессидің аты Месси ғой. Әйтпесе, Әлемнің үздік ойыншысына берілетін «Алтын доп» жүлдесін жеті мәрте жеңіп алсын ба?! Сын сағатында командаластарын жігерлендіріп, алға сүйреген Лионель шын мәнінде өзінің көшбасшы, үздіктердің үздігі екенін дәлелдей білді. Бүгінде оған даңқты отандасы Диего Марадонаның биігіне көтерілу үшін бір-ақ нәрсе жетпей тұр. Ол – Әлем кубогы. Естеріңізде болса, 2014 жылғы Мундиальда Месси мен Аргентина құрамасы бұл жүлдеге қолсозым жерде тоқтауға мәжбүр болған, жарыстың финалында Германия құрамасынан жеңіліс тапқан.
Сөйткен Мессиіміз құрамасымен бірге тағы бір финалына шығып отыр. Кім білсін, бұл матч көзі тірісінде аңызға айналып үлгерген футболшының ұлттық құрама сапындағы соңғы ойыны болуы да мүмкін. Төрт жылдан кейінгі жаһандық додада ол кезде жасы отыздың тоғызына жететін Лионель Мессиді жасыл алаңнан көруіміз екіталай. Сондықтан алдағы ойында Аргентина құрамасының бапкерлік құрамы да, ойыншылары да Мессидің қолына армандағы кубогын ұстату үшін барын салары хақ.
Ал енді аз-кем статистикаға көз жүгіртіп өтсек, Аргентина аяқдопшылары осыған дейін бес мәрте Әлем біріншіліктерінің финалында өнер көрсетсе, соның екеуінде жеңіске жеткен екен. Ол 1978 және 1986 жылғы додалар болатын.
Осы ретте латынамерикалық ұжымның алдағы финалдағы қарсыласымен өткен екеуара кездесулерінің тарихына да қысқаша шолу жасап көрсек. Мақаламыз әзірленіп жатқанда екінші финалистің аты әлі белгісіз еді. Ол матчта Франция мен Марокко құрамалары кездескенін бәріміз білеміз. Ал енді аргентиналықтардың дәл осы екі құрамамен өткізген ойындары қалай аяқталып еді, соған тоқталайық. Бүгінге дейін Франция мен Аргентина құрамалары жасыл алаңда 12 рет кездессе, оның тең жартысында «ақ-көгілдір жейделілердің» мерейі үстем болыпты. Француздар үш ойында жеңіске жетсе, тағы үш кездесуде тең нәтиже тіркелген екен.
Ал Марокко құрамасымен небары үш ойын өткізген аргентиналықтар бұл матчтың барлығында қарсыластарынан басым түсіпті. Демек, статистикаға сенсек, Марокко да, Франция да Аргентина үшін алынбайтын қамал емес, екеуі де оң жамбасына келіп тұр. Сөйте тұра, алдағы ойынның бұған дейінгілерден жөні бөлек екенін түсіну керек, себебі бұл – Әлем чемпионатының финалы!
Сіздің болжам
«Сіздің болжам» сайысына қатысушылар Әлем чемпионаты ойындарының есептерін дәл табуы тиіс (Мысалы, 3:2, 0:0, 1:3 дегендей). Әр дұрыс жауапқа үш ұпайдан берілетін болады. Есептерді дөп басып айтқан оқырмандарымыздың аты-жөндерін газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялап отырамыз. Доп додасының соңына дейін жалғасатын байқаудың қорытындылары бойынша ең көп ұпай жинаған қатысушыларға газетіміздің атынан сыйлықтар беріледі. Болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!
Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.
DIDAR газеті