Қоғам

Қардың астында қалдық

Қардың астында қалдық


Құтқарушылар 17 адамды қар құрсауынан алып шықты. Коммуналдық мекемелер түні бойы жұмыс істеді. Трамвайлар тоқтап, автобустардың қозғалысы қиындады. Көшеде көліктер кептелісі… Қарашамен ере келген қалың қардан кейінгі қарбалас бұл.

«Қазгидрометтің» ақпаратына сүйенсек, қарашаның тоғызы күні көз байланар уақытта басталып түні бойы тоқтаусыз жауған қардың қалыңдығы 25 сантиметрден асыпты. Мамандардың айтуынша, бұл әдеттегі нормадан көп. Қалың түскен сулы қардың кесірінен Өскеменде көліктердің қозғалысы қиындай түсті. Жолаушылар тасымалдайтын қалаішілік кейбір автобустар діттеген жеріне жете алмай жол ортадан қайтса, қала іргесіндегі елді мекендер Самсоновка, Ушанов, Прапорщиково, Опытное поле және 22-ші шақырымға қатынайтын №351, №352 және №356 бағыттағы қоғамдық көліктер жол тазарғанша қызмет көрсеткен жоқ. Ал Өскемен-Бобровка (Глубокое ауданы) бағытында жоға шыққан автобустың қар тұтқынында қалған 17 адамын құтқарушылар қауіпсіз жерге жеткізді. Автобусты айтамыз-ау, қаладағы жеңіл көліктердің өзі мысықтабандап қалды. Өскеменнің орталық көшелері мен Аблакетка, ЖМК, Красин кенті, Защита секілді ықшамаудандарда бұрын-соңды болмаған көлік кептелісі туындады.

Қалың жауған сулы, нығыз қардың кесірінен қарашаның оны күні таңертең облыс орталығында трамвайлар жолаушылар тасымалдауға шықпай қалды. Теміржол тазалайтын техниканың нығыздалған қарды аршуға шамасы келмей, тракторлардың көмегіне жүгінген.

Қарашаның тоғызынан онына қараған түні Өскеменнің коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеді. Қалалық ТҮКШ бөлімінің хабарлауынша, облыс орталығын қардан тазартуға 66 техника жұмылдырылды, оның 28-і «Өскемен Тәртіп» кәсіпорнынан, 38-і мердігер мекемеден шығарылды.
– Дәл осы уақытта мұнша қалың қардың жауып қалуы мен білсем кейінгі төрт-бес жылда болмаған. Біздің жұмысшылар түні бойы дамыл тапқан жоқ. Техникалардың тоқтаусыз жұмысына қарамастан қазір тазалаған көшені қазір қар басып салды. Оған қоса жел ұйытқып, бұрқасындатты. Үлгергенімізше тазаладық. Қар тек таңға жуық саябыр тапты, – деп түсіндірді «Өскемен Тәртіп» коммуналдық кәсіпорнының директоры Денис Федченко.

Кәсіпорын басшысының сөзіне қарағанда, қаладағы жолдар мен көшелерді қардан тазалау жұмыстары әлі жалғасуда. Аялдамалар мен жол қиылыстарына, бұрылыстарға, көпірлерге және басқа тайғақ жерлерге құм, шиыршық тас себілді.

Қардың қалың түсуіне қарамастан облыс аумағындағы барлық бағыттарда жол ашық. Көліктер жүріп жатыр. Дегенмен, төтенше жағдайлар қызметі азаматтарға қауіпсіздік шараларын есте ұстауды ескертеді. Мәселен, көшедегі үлкен жарнама құрсаулары мен беріктігі күмәнді құрылыстардың, қураған биік ағаштардың жанынан өткенде, сондай-ақ, көлікпен немесе жаяу жүргенде аса сақ болған абзал. Мүмкіндігінше таулы аймақтарға, алыс жолға сапар шекпей күте тұру да артықтық етпейді.

«Қазгидромет» орталығының директоры Марина Шмидтің айтуынша, алдын ала жасалған болжам бойынша биылғы қыс ерте басталып, ауа температурасы қалыпты нормадан төмен болады. Әсіресе, қаңтар мен ақпан айларында саршұнақ аяз қысады. Қардың түсу мөлшері әртүрлі болмақ. Еліміздің солтүстік, орталық және оңтүстік өңірлерінде қар қалың түссе, біздің облыста жылдағы нормадан сәл аздау. Негізінен ең көп қар жауатын аралық ақпан айына тұспа-тұс келеді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button