Қоғам

Қардан тазалау қалай ұйымдастырылған?

Қардан тазалау қалай ұйымдастырылған?

Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі республикалық деңгейдегі автокөлік жолдарын күтіп ұстау мәселелері қаралып, құзырлы мекемелер басшыларының есебі тыңдалды. Жиынға «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов қатысты.
Биылғы қыс алдыңғы жылдардағымен салыстырғанда аса қарлы болмаса да, коммуналдық қызмет мамандары мен құтқарушыларды біраз әбігерге салып үлгерді. Бұған облыс аумағында қыс айлары үшін сирек құбылыс саналатын қар аралас жаңбырдың жаууы да өз әсерін тигізгені сөзсіз. Сондай-ақ, ақ түтек боран мен сақылдаған сары аяз да қалааралық жолдардың жиі жабылуына себепші болды. Осындай аномальді ауа райы өңірдегі жолды күтіп ұстау қызметінің осал тұстарын тағы бір айқындап берген-ді.
Жиында баяндама жасаған «ҚазАвтоЖол» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Серік Ақтанов қар тазалайтын техниканың жетіспеушілігі аймақтағы жолдардың оқтын-оқтын жабылуына әкеліп соқтырғанын мәлім етті. Осыған байланысты құзырлы мекеме мамандары көршілес облыстардан көмек сұрауға мәжбүр болыпты.
– Өз күшіміз жетіспей жатқан сәттерде Алматы, Павлодар және Ақмола облыстарынан арнайы техника алдырттық. Өз техникамыз жиі істен шығатынын ескерер болсақ, бұл біз үшін үлкен көмек болғаны рас. Жалпы, көршілес өңірлерден жолдарды қардан тазалау жұмыстарына алты шнекоротор жіберілгенін айтқым келеді. Алайда, алдағы уақытта басқа облыстардағы әріптестерімізді қайта-қайта мазалай бергіміз келмейді. Сондықтан бізге жаңа ауыр техника сатып алуға көмектессеңіздер, – деді Серік Ақтанов.
Бұл сөзге облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков та қосылды. Оның айтуынша, облыстағы арнайы ауыр техника паркін міндетті түрде жаңалау керек.
– Дегенмен, жылына бірнеше күн ғана жұмыс істейтін су жаңа техника сатып алу да дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан кәсіпорындармен және шаруа қожалықтарымен қар тазалайтын техникаларын пайдалану туралы алдын ала келісімшарт жасасу дәстүрін жалғастыра беруіміз қажет. Сондай-ақ, шұғыл жағдайларда қосымша техниканы жалға алатын қаржы резерві де болуы шарт. Жалпы, әзірге құзырлы мекемелер өз міндеттерін ойдағыдай орындауда. Алайда, кемшін тұстар да баршылық. Бұған қоса, су тасқыны маусымы жақындап қалды, оған да әзір болуымыз керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиында желтоқсан айының соңынан бері облыс жолдар 88 рет жабылғаны белгілі болды. Оның жартысына таяуын республикалық трассалар құрайды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Александр Ломыгин мәлім етті.
– Шемонайха – Ресей Федерациясының шекарасы жолына қызмет көрсететін техниканың аздығына байланысты дәл осы учаскеде көлік кептелісі жиі орын алады. Соның салдарынан шекара бекетінің маңында жеңіл және жүк көліктерінен, автобустардан құралған ұзын сонар кезек қалыптасады. Тағы бір айта кетерлік жайт, диспетчерлеріміздің арнайы қар тазалау техникасының қай учаскеде екенін біліп, олармен 24 сағат бойы байланыс ұстап отыру жағы қиындау болып тұр. Сол себепті GPS-навигация құралдарын қолданысқа енгізуіміз қажет сияқты, – деді ол.
Бұл проблемаға қатысты «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов компанияда GPS-навигация құралдары жеткілікті мөлшерде бар екенін айтып, алдағы уақытта оларды қолданысқа енгізу мәселесі шешімін табатынын жеткізді.
Синоптиктер ақпан айының басында облыс аумағында қалың қар жауады деп болжап отыр. Осыған байланысты таулы аймақтарда қар көшкінінің жүру қаупі бар. Бұл жөнінде ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты «Қазселқорғаныс» мемлекеттік басқармасы басшысының орынбасары Есімхан Бәтібаев мәлім етті.
Ал облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімінің бастығы Сергей Коваленко, облыстағы ең қауіпті жол учаскелері қатарына Қанай, Привольное, Рассыпное, Зимовье ауылдарының маңындағы трассаларды қосты.
– Қазіргі кезде әсіресе, Өскемен-Шемонайха, Өскемен-Семей, Алматы-Өскемен трассаларының кей учаскелеріндегі жағдай қиын. Мәселен, Алматы мен Өскемен арасындағы жолдың 680 шақырымында бірнеше жүк көлігі қар құрсауында қалып қойған. Сол сияқты Таскескен-Бақты бағытындағы жолда да түйіткілді мәселелер жетерлік. Жалпы, биыл қардың ең көп мөлшері Көкпекті және Зырян аудандарында түскенін атап өткен жөн. Бірақ бұл өңірлердегі жолға қызмет көрсету мекемелерінің жұмысына айтар сынымыз, тағар мініміз жоқ, – деді ол.
Жиында «Шығысжоллаборатория» мекемесінің директоры Нұржан Жұмәділов те баяндама жасады. Оның айтуынша, Өскеменнен Қалбатауға және Шемонайхаға апаратын трассаларға жүргізілген тексеріс барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған.
– Негізі атқарылып жатқан жұмыс жаман емес. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Боран жоқ кезде техникамыз жұмыссыз тұрмауы тиіс. Мәселен, оларды жылда күрелмей қалатын учаскелерді қардан арылту жұмыстарына жұмылдыруға болады ғой, осы жағын ескерсеңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Жиын соңында «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасының орынбасары Ұлан Әліпов құзырлы мекемелер мамандарына атқарылған жұмыстары үшін алғыс білдіре келе, ерекше назарға алатын мәселелерді алға тартты.
– Бүгінде республика жолдары қар күрейтін арнайы техникамен 30 пайызға ғана қамтылған. Бұл жағынан сіздердің облыстарыңыздағы жағдай анағұрлым тәуір. Себебі, Шығыс Қазақстанның ауыр техникамен қамтылу деңгейі 60 пайызды құрайды. Ал өз күшіміз жетпей жатқан кездерде біз жұмысқа қосымша техниканы жұмылдыратын боламыз. Сондай-ақ, құзырлы мекемелер басшыларына тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмысын күшейту қажет екенін ескерткім келеді. Ал жол полициясы қызметкерлеріне айтарым, бірінші кезекте жүк көліктері дөңгелектерінің маусымға сай не сай еместігіне ерекше мән беріңіздер. Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан жолдарындағы жағдай қалыпты, атқарылған жұмысқа көңіліміз толады, – деді жиынды қорытындылаған Ұлан Әліпов.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button