Қоғам

Ардагерлерімізге айрықша құрмет көрсетілді

Елбасы тапсырмасына орай

Ардагерлерімізге  айрықша құрмет көрсетілді

Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атынан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ соғыс ардагерлерін құттықтап, 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақының сертификаттарын табыс етті. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Светочеваға пәтер кілтін табыстады.
Ұлы Отан соғысы кезінде кеуделерін оққа тосып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлер облыс орталығында бас қосып, аймақ басшысымен кездесті.
– Елімізге бейбіт өмір, бақыт пен қуаныш сыйлаған Сіздерсіздер. Өздеріңіздей ардагерлермен кездесу мен үшін үлкен мақтаныш. Бастарыңызға амандық, отбасыларыңызға, немере-шөберелеріңізге зор денсаулық, бейбіт өмір тілеймін! – деп жылы лебізін білдірген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ әрбір ардагердің қолын алып, ақшалай сыйақының сертификаттарын табыс етті.
Ал пәтер кілтіне ие болған ардагер Анастасия Светочеваның ризашылығында шек болмады. Анастасия Павловна 1922 жылы Күршім ауданы, Буденовка ауылында дүниеге келген екен. 1942 жылдың мамырында Кеңес әскері қатарына шақырылып Ленинград қаласының 26-шы Қызыл тулы жеке байланыс полкінде Отан алдындағы борышын өтейді. Ленинград қаласын фашистердің блокадасынан босату операциаларына қатысқан. Кескілескен шайқастарда қайсарлық танытқан бойжеткен «Ұлы Отан соғысының» I дәрежелі орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталған. Жас жауынгер қыз соғыстан кейін Ленинградтың монтаждау техникумына оқуға түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтағаннан кейін барып туған жеріне оралады. Құрылыста шебер, прораб болған. Белсенді қоғамдық жұмыс атқарып, қалалық кеңеске депутат болып сайланған. Бүгінде тоқсанның төртіне келген Анастасия Светочева бейнеттің зейнетін көріп отырған қарт әже Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА, облыс басшылығына алғысын жаудырды.
– Жыл сайын соғыс ардагерлерін құттықтап, құрмет көрсетіп жатқан сіздерге ризамын. Биылғы 9 мамыр мерекесі мен үшін ерекше болды. Олай дейтінім, облыс басшылығы маған пәтер кілтін сыйлады. Мұндай жақсылық жасап жатқан Президентіміз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА, облыс басшылығына үлкен рақметімді айтамын, – деді ардагер Анастасия Светочева.
Ардагерлерге мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетіліп жатыр. Облыстағы 438 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің әрқайсысына 500 мың теңге көлеміндегі бірыңғай төлем төленді. Сонымен қатар, он бір соғыс ардагерінің үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Майдангер қарттар салтанатты құттықтау рәсімінен кейін жайылған ақ дастарқанға жайғасты. Үстел басында сұрапыл жылдарды естеріне алысып, әңгіменің көрігін қыздырды. Ал облыс басшысы Өскемендегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері Құрмат Рахимовты, Павел Ященконы, Әбілмәжін Байжүменовті үйлеріне арнайы барып құттықтады. Оларға да гүл шоқтары мен ақшалай сыйақы сертификаттарын тапсырды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ардагерлердің шаңырағында отырып, кеңінен әңгімелесті. 92 жастағы Құрмат Рахимов жеңісті Кенигсбергтің Инстинбург стансасында қарсы алған екен.

Ардагерлерімізге  айрықша құрмет көрсетілді

– Жеңіске жеткенімізді әскери әуежайда естідім. Ұшқыштары қонғаннан кейін бас киімдерін аспанға атып қуанды. «Жеңіске жеттік!» деп жар салды. Бұл – 7 мамыр болатын. Сөйтіп, жеңіске жеткенімізді ертерек естіп қойдық. Бірақ капитуляция туралы ресми хабарламаға 9 мамырда қол қойылды. Сол кездегі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді әңгімесінде отставкідегі полковник Құрмат Рахимов.

Ардагерлерімізге  айрықша құрмет көрсетілді

Ардагерлермен кездесу кезінде Даниал АХМЕТОВ те әкесінің алты жыл соғыста болғандығы туралы айтты. Қызықты әңгіме ардагер Павел Ященконың шаңырағында жалғасты. Павел ақсақал соғыстан кейін отыз жыл Өскемен титан-магний комбинатында қызмет еткен екен. Ән айтуды жаны сүйетін ардагер Жеңістің 70 жылдығында Әлібек Дінішевпен бірге ән салғанын мақтанышпен айтты. Соғыс кезінде де әуезді әндер сарбаздарға жігер берген деседі. Павел Ященко мен жұбайы Екатерина Егоровна ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің арасында бақытты өмір сүріп жатыр. Ардагер Әбілмәжін Байжүменовтің де шаңырағы шаттыққа толы. Ол маршал Рокосовскийдің қол астында Белоруссияны азат етуге қатысқан. Бірақ Әбілмәжін ата сұрапыл жылдарды есіне алғысы келмейді.

Ардагерлерімізге  айрықша құрмет көрсетілді

Статистикалық деректерге сүйенсек, сонау соғыс жылдары облысымыздан 180 мың адам Отан қорғауға аттанса, оның 96 мыңы майдан даласында қайтыс болған, із-түссіз жоғалып кеткен. Яғни, Отан қорғауға аттанғандардың тең жартысы оралмаған. Жандарын шүберекке түйіп, жауға қарсы шыққан 109 сарбазымыз Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Сондай-ақ, 24 шығысқазақстандық «Даңқ» орденінің толық кавалері атанған.
Өскемендегі шарадан кейін облыс басшысы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес ардагерлерді құттықтау үшін Семейге барды.
Облыс басшысы қала әкімі Ермак Сәлімов және депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдерімен бірге ардагерлердің үйіне барып, Елбасының атынан ақшалай сертификат сыйлықтарын табыстады. Семейлік ардагер Қалиасқар Искаков – жастайынан соғысқа аттанып, ел қорғаған жаужүрек батыр ағаның бірі. 1941 жылы ол мектеп бітірісімен бірден соғысқа аттанады. Мәскеуді қорғауға қатысады. Үшінші Балтық жағалауларын азат етіп, Бірінші Украина майданында ерлікпен көзге түскен. Кейіннен Кеңес әкері қатарында Эстонияны фашист басқыншыларынан азат еткен. Ол Ұлы Отан соғысының 1-інші дәрежелі орденімен екі рет және 3-інші дәрежелі «Даңқ орденімен» марапатталған.
-Мен сізге арнайы келдім, Қалиасқар аға, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ. – Елбасының атынан сізге ұсынып отырған сыйымыз бар, мына 500 мың теңге өзіңізге арнайы беріліп отыр. Сіздер елімізді жаудан ерлікпен қорғай білдіңіздер. Ал бейбіт күндерде еліміз бен туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек еттіңіздер.
Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ 101 жастағы ардагер Николай Верещагинді құттықтады. Николай Верещагин армия қатарына шақырылып, әскери міндетін өтеп жүрген кезде соғыс басталып кетіп, еліне қайта алмай қалады. Әскери әуе қорғаныстары батальонының құрамында болып, Украина, Батыс майдандарында соысқан. Вена, Будапешт қалаларын азат етуге атсалысқан.
– Елбасымызға ерекше рақмет айтамын. Қазір Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде коммуналдық жеңілдіктерді пайдаланып отырмыз. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар. Отбасын құрдық, бала сүйдік. Шүкір, қазір балаларымыздың қолында тұрып жатырмын. Мынадай ықылас-ниеті үшін Президентімізге, облыс басшылығына ризашылығымыз шексіз, – дейді 101 жастағы ардагер.
Облыс әкімі Ольга Янчуктың шаңырағында болды. Майдангер жеңіс оңайшылықпен келмегенін айтты. Миллиондаған отандасымыз қолына қару алып, жаумен айқасса, тылда да еңбек майданы қайнап жатты. Қалай десек те, майдангер қариялар қан¬дай құрметке, сый-сияпатқа да лайық жандар. Өйткені, олар сұрапыл соғыста қанын төкті, ал бейбіт өмірдегі еңбекте жанын аямады. Дәл қазіргі күндегідегідей Тәуелсіз еліміздің ертеңі еңселі болуын қалады.

Мерей Қайнарұлы,
Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button