Қоғам

Ардагерлеріміз Астанада ерекше құрметке бөленді

Ардагерлеріміз Астанада ерекше құрметке бөленді

Астана қаласында өткен шеруге өңірімізден 17 ардагер қатысып қайтты. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған арнайы шараға жерлестеріміздің қалай барып келгендігі жөнінде оларды апарып, алып қайтқан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары айтып берді.
Басқарманың әлеуметтік қызметкерлерінің айтуынша, шығысқазақстандық ардагерлер шеру барысында өздерін еркін сезініп, ширақ ұстаған. Жоспарланған шаралардың бәріне де қатысқан, тілшілерге сұхбат та беріп үлгерген. Жүрген жерлерінің бәрінде қошеметке бөленген. Әсіресе, астаналықтар мен елорда қонақтарына ардагерлеріміздің бір түсті формасы мен аспан түстес көк береттері қатты ұнаған.
– 9 Мамырға арналған негізгі мерекелік шаралардың ұйымдастырушысы біздің басқарма болды, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова. – Біздің әрқайсымыз өзімізге бөлінген орындарда болдық. Басқармамыздың бөлім басшылары Әлия Бариева мен Василий Куликов ардагерлермен мамыр айының 5-10 күндері аралығында Астана қаласына барып келді. Бүгін міне, бәріміздің басымыз қосылғанда осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Біз ардагерлерімізді тек 9 Мамырда ғана елеп-ескермей, жыл көлемінде ұлықтауды мақсат етіп отырмыз.
Әлия Бариева мен Василий Куликов басқарма ұжымы мен жиналғандарға Астана сапарының әсерін әңгімелеп берді. Шығысқазақстандық ардагерлер осы бес күннің ішінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қабылдауында болды. «Бәйтеректің» басына шығып, «Қысқы баққа» саяхат жасаған, М.Горький атындағы театрда болып, арнайы қойылымдарды тамашалаған. Белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен мерейтойлық үлкен концерттің куәсі болған.
– Мұндай үлкен шеру мен осындай кең көлемдегі мерекелеу бұған дейін болып көрген жоқ. Шеруге қатысқан кіші ардагеріміз – 88 жаста болса, ең үлкені 95 жаста болды. Олардың бәрі де ширақ жүрді. Мәселен, бізбен бірге барған 95 жастағы Максим Домовецке ұшақтан түскенде ұйымдастырушылар терминалға тез жету үшін мүгедектер арбасын ұсынған еді. Ол «мен мүгедек емеспін ғой», – деп арбамен жүруден бас тартты. Елбасы қабылдауына кірерде де, «Мен Президентке бара жатырмын!» деп қолындағы таяғын есік аузына қалдырып, қартайғанын білдірмей, өз аяғымен қабылдауға кірді, – дейді Әлия Бариева.
Елбасы ардагерлерді жылы қабылдап, әрқайсысына мерейтойлық марапат тапсырса, Президентпен тілдесу бақытына ие болған кешегі майдангер Максим Домовец «Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз әлі де ұзақ жылдар елімізді басқара беріңіз!» деген ізгі тілегін жеткізген.
Ең бастысы, ардагерлеріміз ерекше құрметке бөленді. Олар Астанадан Біз әлі талай шеруге қатысамыз» деп оралды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button