Ардагерлерге құрмет көрсетті
Жеңіс мерекесіне орай қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина облыс орталығындағы №2 медициналық-санитарлық бөлімде болып, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінн мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
-Мен сіздерді қала әкімінің атынан Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Сіздерге денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Жүріп өткен жолдарыңыз біз үшін өнеге, біз сіздерге сай болуға тырысамыз, – деген Ольга Булавкина қарияларға қала әкімі мен демеушілердің сый-сияпатын табыс етті.
Емдеу мекемесінде қазір төрт Ұлы Отан соғысының ардагері емделіп жатыр екен. Солардың бірі – 91 жастағы өскемендік Мария Сереченко қай жылы, қай сағатта қай қалаға тоқтағандарына дейін анық айтып бере алады. Он жеті жасында алдымен механизаторлардың оқуын, артынан снайпердің оқуын бітірген Мария әжей ұрыстарға қатыспағанымен, майданда болған. Айтысына қарағанда, майдан шебін қалпына келтіруге қатысқан. Оқтар қарша борап жатады, ал қаршадай қыз сол оқтың астында желіні жөндейді. 1943 жылы соғысқа аттанған бойжеткен 1946 жылы елге аман-есен оралған соң енді еңбек майданына бел шеше кіріседі. Бейбіт күнде алдымен теміржолда істеп, кейін кеңшарда тракторшы, комбайншы, сауыншы да болыпты. Өмір бойы қара жұмыс істеген қарияның денсаулығы сыр бере қалса, осы жерге келіп, ем-домын қабылдайды.
-Жылда келіп емделемін. Дәрігерлер де, медбикелер де мейірімді, өз істеріне адал, Соғыс ардагерлері үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған, – дейді әжей. Мария Сереченконың алты баласы, жеті немересі, бес шөбересі бар. Ұрпағы әжелерінің өмір жолын мақтан тұтады екен.
Тыл ардагері Қартай Құдайбергенов Көкпекті ауданынан келіпті. Соғыс басталғанда он бір жаста болған ардагер сол кездегі құрбылары секілді жастайынан колхоздың қара жұмысына жегіледі. Ойын баласы мал да бағады, шөп те шауып, егін де орады. Соғыс біткеннен кейін трактористің оқуын тәмамдаған жігіт 1953 жылы әскер қатарына шақырылып, ол жерден кіші командир болып оралады. Өмір бойы тракторист болып істеген ардагердің он баласы, 17 немересі, 13 шөбересі бар. Балаларының барлығы оқыған, қызмет істейді. Қартай ата да осы жерге денсаулығын нығайтуга келіп тұрады.
Сол күні қала әкімінің орынбасары емдеу орнында жатқан барлық соғыс және тыл ардагерлеріне жолығып, оларға ақжарма тілегін айтып, сыйлықтарын тапсырды.
Терапия бөлімшесінің меңгерушісі Анна Гурьянованың айтуынша, бөлімшеде қырық төсек бар. Қазір төрт соғыс ардагері, екі тыл еңбеккері, екі Чернобыль апатының қатысушысы, екі Ауған соғысының ардагері, Семей полигонының зардабын көрген жеті адам, қалғандары тыл ардагерлері ем-дом алып жатыр.
-Ұлы Отан соғысына қатысушылардың бөлмелерінде қолайлы жағдай жасалған. Біз емделушілерді емдейміз, клиникалық-зертханалық сараптамалар, басқа да диагностикалық зерттеулер жүргіземіз, – деп атап өтті бөлімше меңгерушісі.
Кәмәл Естай