Қоғам

Ардагерлерге мерекелік дастарқан жайылды

Ардагерлерге мерекелік дастарқан жайылды

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жеңіс мерекесі қарсаңында өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған ардагерлерді Өскемендегі «Сұлтан» мейрамханасында құттықтады.
Ұлы Жеңіс күні жақындаған сайын ардагерлердің де жүзіне қан жүгіріп, жүректері жиі лүпіл қағатыны сөзсіз. Өйткені, олар бұл күннің бағасын жақсы біледі. Тобықтан қан кешіп, жеңіс үшін жаумен айқасқан күндер ардагерлеріміздің әлі есінде. Бүгінде қатарлары селдіреп қалған сол қарттарымызға қандай құрмет пен қошемет көрсетсек те артық етпейді. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғалия Құсанованың айтуынша, бүгінгі күні өңірімізде барлығы 725 соғыс ардагері қалған көрінеді. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында жайылған мерекелік дастарқанға жетпіске жуық соғыс және тыл ардагері жиналыпты. Жастары сексен, тоқсанға жеткен қарт адамдарға жол жүру де оңай емес.
– Биыл да мереке қарсаңында ардагерлерге дастарқан жайып, құрмет көрсетіп жатырмыз. Бұл – біздің дәстүріміз. Бұдан бөлек облыс әкімінің шешімімен соғыс ардагерлеріне 70 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілуде. Өскемен қаласының ардагерлері түгел алып үлгерді, – дейді Ғалия Құсанова.
Иә, кеуделерінде орден-медальдары жалт-жұлт еткен ардагерлерді ардақтау кейінгі ұрпақтың парызы. Біз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт күнге сол ардагерлеріміздің жүрек жұтқан ерлігінің арқасында жеттік. Небәрі он сегіз-жиырма жастарында соғысқа аттанып, туған жерге қайта оралмаған боздақтар қаншама?..
– Мен Көкпекті ауданының Қарақол ауылынанмын. Біздің алақандай ғана ауылдан 44 адам соғысқа аттанған екен. Солардың 24-і қиян-кескі соғыста қайтыс болып, тек жиырмасы ғана ауылға аман оралыпты. Қазір солардың бірі де арамызда жоқ, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны, тыл ардагері Имаш Байбазарұлы.

Ардагерлерге мерекелік дастарқан жайылды

Мұны ардагерлерді құттықтаған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ та өз сөзінде атап айтты.
– Құрметті ағалар мен апалар! Бүгінгі іс-шараның барлығы сіздер үшін! Сіздер адамзат тарихындағы ең бір қиын кезеңді бастан өткердіңіздер. Ол – соғыс! Соғыста жеңімпаз атану оңай емес. Соғыста жеңу үшін қайрат пен қажырлылық, табандылық пен қайсар мінез керек. Оның үстіне бұл шайқас дүниежүзі тарихындағы ең бір қанқұйлы соғыс болды. Қаншама шаңыраққа қасіреттің қара бұлтын әкелді. Сол соғыста сіздер ерлік көрсетіп, Жеңістің жақындауына үлес қостыңыздар. Бүгінгі бейбіт күнді кейінгі ұрпаққа сыйлаған сіздерсіздер. Біз сол үшін де өздеріңіздің алдарыңызда басымызды иіп, ризашылығымызды білдіреміз. Сіздер қазір де денсаулықтарыңызға, жастарыңызға қарамай, үлкен қоғамдық жұмыс атқарып отырсыздар. Халқымыз айтпақшы, ақсақалы бар ел – қашан да бай ел. Біз әркез үлкенді сыйлап, қадірлеген халықпыз. Сондықтан да сіздер арамызда көп өмір сүріп, жанымызда болсаңыздар, біз жаман болмаймыз. Әсіресе, әлемнің кейбір елдері мазасыз күй кешіп отырған кезде сіздердің ақылдарыңыз бізге аса қажет. Елде достық пен ынтымақтың, тұрақтылықтың сақталуына сіздердің үлестеріңіз зор, – деген облыс басшысы ардагерлерді шын жүректен құттықтап, ұзақ өмір мен отбасыларына жақсылық тіледі.
Мерекелік дастарқанға жиналған ардагерлерге өңіріміздің белгілі өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, көңілдерін көтерді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button