Қоғам

Ардагерлерге 500 мың теңгеден сыйақы беріледі

Ардагерлерге 500 мың теңгеден сыйақы беріледі

Жеңіс мерекесіне орай өңіріміздегі Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 500 мың теңгеден сыйақы беріледі. Қаражат облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Мұндай қомақты ақшалай сыйлыққа жиыны 438 қария ие болады.
Облыс басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша ардагерлерге берілетін сыйақы мөлшері былтырғы Жеңістің 70 жылдық мерейтойында белгіленген көлемде сақталған. Бұған қоса қалалық және аудандық бюджеттерден де қаражат қарастырылған.
Облыста 11 соғыс ардагері мен мүгедегінің тұрып жатқан үйіне жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, ҰОС қатысушыларына теңестірілген 1535 қария мен 26946 тыл еңбеккері де назардан, қамқорлықтан тыс қалмайды.
Жалпы, өңірде Жеңістің 71-ші көктемін атап өтуге арналған мерекелік шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Былтыр ашылған «veteran-vko.kz» сайты жұмыс істеп тұр. Аталған порталда облыстың соғыс ардагерлері, тылдағы кәсіпорындардың жұмысы, естеліктер, мұрағат материалдары орналастырылған.
Естеріңізде болса, Шығыс Қазақстан облысынан 180 мыңнан астам адам майдан даласына аттанып, соның 96 мыңға жуығы туған топырағына қайтып оралмады. Ерен ерлігімен көзге түскен 109 шығысқазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, 24 жерлесіміз Даңқ орденінің толық кавалері атанған.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button