Қоғам

Ардагерлердің барлығы құрметке лайық

Жеңіс күні қарсаңында аймақ басшысы Даниал Ахметов Ұлы Отан соғысы ардегерлерінің үйлерінде болып, мерекелерімен құттықтады.

Аймақ  басшысы Семей қаласында ең алдымен Рашида Хасанованы құттықтады. Ол 1932 жылы 14 наурызда дүниеге келген. Сегізінші сыныпты аяқтаған соң кітапханашы болып жұмыс істеген.

Екіжылдық мұғалімдер институтын аяқтағаннан кейін сол уақыттағы Жаңасемей ауданының Бұлақ ауылына жолдама алған. Кейін педагогикалық институттың физика-математика факультетін тәмамдап, Түрксіб мектебіне оқу ісінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.  Бұдан кейінгі жылдары сегізжылдық мектепте директор лауазымында жұмыс атқарды. 1973 – 1988 жылдары, құрмет демалысына шыққанға дейін, Рашида Ашрафовна мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтын басқарды. «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, облыс және қала әкімдерінің грамоталарымен, «КСРО және ҚазКСР білім беру ісінің үздігі», «Ұлы Отан соғысының ардагері» төсбелгілерімен марапатталған.

Келесі 97 жастағы соғыс ардагері Матвей Юрченко аймақ басшысына өзінің жауынгерлік жолы туралы айтып берді.

Матвей Юрченко 1925 жылы 20 тамызда дүниеге келген. 1943 жылдың 8 наурызында Красноярск өлкесінің Минусинский аудандық әскери комиссариатымен әскер қатарына шақыртылған ол 1943 – 1945 жылдары 229 атқыштар полкі қатарында Екінші Украина майданында шайқасқан. Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Сондай-ақ облыс әкімі Жеңіс күнімен 96 жастағы соғыс ардагері Асқар Рахымбаевты да құттықтады. 1941 жылы Асқар Рахымбаев Ақсуат аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақыртылған. 378 әскери бөлімнің қатарында Шығыс майданында шайқасқан ардагер Румынияны, Брашева және Мишельді фашистерден азат етуге қатысқан.

Жауынгерлік ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Мінсіз еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Ардагердің 10 баласынан 27 немересі, 43 шөбересі, 2 шөпшегі бар.

Облыс басшысы соғыс ардагерлерін және тыл еңбеккерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар оларға бір жарым миллион теңгенің сертификатын, тұрмыстық техника және азық-түлік себеттерін табыстады.

Бұдан бөлек, облыс аумағында Жеңістің 77 жылдығына арналған басқа да іс-шаралар өтті. Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің түкпір-түкпірінде тұратын соғыс  ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін мереке қарсаңында  жеке-жеке құттықтады.  Сондай-ақ  аймақ басшысы 9 мамыр күні «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Өңірде ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсету, ерліктерін ұлықтау, еске алу іс-шаралары жеңіс күнінің алдында, бірнеше күн бұрын басталды.  Мереке қарсаңында Кеңес заманында бірнеше рет батыр атағына ұсынылған қазақстандықтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қайтыс болғаннан кейін ең жоғары мемлекеттік наградамен марапатталды. Олардың арасында 1934 жылы Зырян ауданында (қазіргі Алтай ауданы) Зырян аудандық әскери комиссариатымен Қызыл әскерге шақырылған Александр Несмеянов та бар. Ол Кеңес Одағының Батыры атағына үш рет ұсынылып, бірақ әртүрлі себептермен марапаттар берілмеген еді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін жоғары дәрежелі «Халық қаһарманы» атағы берілді. Жарма ауданының тумасы, 8-ші гвардиялық атқыштар полкі 302-ші гвардиялық атқыштар ротасының мергені Төлеуғали Әбдібековке де осындай жоғары  атақ  берілді. Бұл оқиға Қазақстанның батырларға деген ерекше құрметтің белгісіндей болды. Ұлы Отан соғысында бір жарым миллионнан астам қазақстандық жауға қарсы шайқасып,  610 мың отандасымыз  майдан даласында қаза тапты. Соғысқа аттанғандардың тең жартысы қайтпады.

Ерліктің үлгісі болған жандарды аймақ басшысы Даниал Ахметов мерекемен құттықтап, Риддер қаласындағы ардагер Павел Альбохтың шаңырағында болды. Павел Прокофьевич   ұшақтардағы байланыс радиожабдығы механигі болды.  «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері.

Ал Өскемен қаласында Литва және Беларуссияны  азат етуге қатысқан Құрмат Рахимовқа барып, ардагерге құрмет көрсетсе, 17 жасында қан майданға аттанған  ардагер Степан Мишиннің шаңырағында болып, мерекемен құтықтады. Жақында ғасыр тойын атап өткен тыл еңбеккері Анна Лабкова да назардан тыс қалмады. Ол соғыс жылдарында күні-түні еңбек етті. «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ал қазірде мұғалім және ақын ретінде танымал Масара Нұрғазина соғыс жылдарында тылда адал еңбек еткен жандардың бірі.

Ардагерлердің барлығына 1,5 миллион теңгеден сертификаттар мен сыйлықтар, тұрмыстық техникалар табыс етілді.

– Қазіргі бейбіт күнде өмір сүруіміз үшін әзиз жанын аямай,  жаумен соғысқан ардагерлерді қолдау, көмек көрсету біздің қасиетті парызымыз. Жеңіс күні – әрбір отбасына қатысты мереке.  Майдан даласында соғысып, тылда жұмыс істегендердің бәрінің ерлігі ерен, ешқашанда ұмытылмайды. Біздің ардагерлеріміздің батылдығы, табандылығы, еңбекқорлығы мен патриотизмі – қазіргі жастар үшін лайықты үлгі. Осы мереке күні оларға денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін! Барлық шығысқазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтаймын, әр отбасында бейбітшілік, келісім және амандық болсын, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Еске сала кетсек,  облыста Ұлы Отан соғысының 42 қатысушысы мен мүгедектеріне 1,5 млн. теңгеден сыйақы берілді. 10 754 ардагер мен оларға теңестірілген және еңбек ардагерлері үшін төлемдердің жалпы сомасы 630 500 мың теңгені құрады. Сондай-ақ облыс әкімдігі марапатталған тыл еңбеккерлеріне, ҰОС қатысушылары мен мүгедектерінің жесірлеріне, концентрациялық лагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына, блокада кезінде жұмыс істеген адамдарға және Кеңес Армиясының ерікті жалдама құрамына 100 мың теңгеден төлем жасады. Сонымен қатар марапатталмаған тыл еңбеккерлері 50 мың теңгеден алды.  Осылайша, Жеңіс күнін сыйлаған барлық жандарға мереке күні ерекше құрмет көрсетілді.

Флора Левина,

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button