Қоғам

Ардагерлер Шүлбі кентінде бас қосты

Ардагерлер Шүлбі кентінде бас қосты

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Семей маңындағы Шүлбі кентінде ардагерлердің бастауыш ұйымдары бас қосқан облыстық семинар болып өтті. Семинарда
Семейге қарасты барлық ауыл округтерінің әкімдері Жеңіс күніне даярлық барысы туралы есеп берді.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақовтың айтуынша, ең басты мәселе – Ұлы Отан соғысы батырларына арналған обелиск, ескерткіштер бүгінде жөндеуді қажет етеді. Екіншіден, ескерткішер орнатылған ауылдардың тазалығын реттеу керек, көшелерін жөндеп, қоқыстарын шығарған жөн, басқа да атқаратын шаруалар жеткілікті. Семинарға қатысушылар Жеңіс күніне дайындықты әлі де тиянақтау қажеттігін атап көрсетті. Әсіресе, алыс ауылдарда атқарар шаруа көп.

– Бюджеттен қаражат бөлінді, – деді Ново-Баженово ауылының әкімі Нұрлан Шақабаев. – Оған саябақтарды жөндеп, тротуар салдық. Біраз жетпей қалған тұсы да бар. Сондықтан да біз қала әкімінен 3,5 млн. теңге қосымша қаражат сұрап отырмыз. Оған ардагерлер демалатын саябақтардағы орындықтарды жөндеп, электр жарығын реттемекшіміз. Соғыс ардагері Әйткеш Ибраевтың ескерткішін жөндеуді қолға алмақпыз. Оның 90 жылдығын атап өтеміз.

Семинарға қатысушылар Ново-Баженово ауылындағы соғыс құрбандары мен Әйткеш Ибраевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан кейін Шүлбі кентіндегі ГЭС-тің жұмысымен танысты. Бұдан соң жиын Семей қала-сында жалғасып, Достық үйінде ақсақалдар алқасы кеңесінің кезекті жиыны өтті. Семей қалалық ақсақалдар алқасы кеңесінің төрағасы Әзімхан Сәдуақасов жыл бойында атқарылған жұмыс туралы баяндап берді. Облыстық ақсақалдар алқасы кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов облыстық ұйым төрағасының Семей өңірі бойынша жаңа орынбасарын таныстырды. Бұл қызметті енді белсенді қарттардың бірі Дүйсенбай Қошқарбеков атқаратын болды. Жиын ардагерлерден құралған «Атамұра» ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button