Қоғам

Ардагерлер қашанда алғы сапта

Биыл соғыс және еңбек ардагерлері мен зейнеткерлердің мүддесін қорғау мақсатында құрылған облыстық ардагерлер кеңесіне 35 жыл толып отыр. 130 мыңнан астам адамды біріктіретін ұйым бүгіндері тек ардагерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру сияқты маңызды міндетті де абыроймен атқарып келеді. Осы ретте біз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевпен жолығып, егде жастағы адамдарды әлеуметтік қолдау, жастарға тәлім-тәрбие беру мақсатында қолға алынған іс-шаралар туралы сұраған едік.

– Айтқазы Сейітұлы, облыстық ардагерлер кеңесі – беделді қоғамдық ұйымдардың бірі. Кеңестің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында оқырмандарымызды аз-кем хабардар етіп өтсеңіз.

– Биыл облыстық ардагерлер ұйымына 35 жыл толды. Бүгінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы 11 қалалық және аудандық ардагерлер кеңесін біріктіреді, өз қатарында 130 мыңнан астам мүшесі бар.

Облыстық ардагерлер кеңесі жұмысының негізгі бағыттары – ардагерлер ұйымдарының қызметін жандандыру, бастауыш ардагерлер ұйымдарына жұмыстың жаңа амал-тәсілдерін қолдану мүмкіндігін беру, ардагерлерге қамқорлық жасау, туындаған мәселелерді шешуге көмек көрсету, қарттардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.

Біз заманға сай әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып отырмыз. Айталық, биыл Жеңіс күніне орай облыстық ардагерлер кеңесі «Ардагерге ашық хат» шығармашылық онлайн-конкурсын өткізді. Байқаудың мақсаты жастар бойында мәдени-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, соғыс жылдарындағы халық ерлігі туралы естеліктерді сақтау, аға ұрпаққа құрметті қалыптастыру, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту болды. Оған облыстың 180 оқушысы қатысты. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді, 44 қатысушы «Орындау дербестігі», «Ой бірегейлігі», «Қызықты шығармашылық тәсіл», «Жеңіске деген жігер» аталымдарымен марапатталды. Қалғандар сертификат алды.

Ардагерлер ұйымдарының қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыру, жастарды патриоттық тәрбиелеу, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмысын жетілдіру мақсатында «Облыстың үздік бастауыш ардагерлер ұйымы» байқауы жарияланып отыр.

– Елімізде конституциялық реформалар басталып кетті. Референдумды өткізуге аға буын өкілдерінің белсенді қатысқанын көрдік. Ардагерлер кеңесі жыл басынан бері тағы қандай қоғамдық-саяси мәні зор іс-шараларды өткізуге атсалысты?

– Ардагерлер қашанда алғы сапта. Аға буын саяси процестерден, референдумға қатысудан да тыс қалмады. Халықты құлақтандыру алаңы ретінде әлеуметтік желілер, ақпарат құралдары пайдаланылды. Халықпен, жастармен, студенттермен кездесулер өтіп, түсіндіру жұмыстары жүрді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында бірқатар саяси-экономикалық реформаларды ұсынды. Ардагерлер ұйымдарының ақпараттық-насихаттау топтары түрлі қарым-қатынас формаларын, мысалы «Өз тарихыңды біл және мақтан ет» диалог алаңдарын, «Біздің таңдауымыз – құқықтық мемлекет» дөңгелек үстелін, онлайн кездесулерді қолдана отырып, елдің саяси-экономикалық және әлеуметтік саладағы бағдарын түсіндіруге атсалысты.

– Президент қоғамдық ұйымдардың жұмысына өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартып отыр. Іс-шараларды көзбояушылық үшін, есеп үшін ұйымдастырмай, оның нақты әсері, қоғамға пайдасы болуы тиіс, дейді Мемлекет басшысы. Осы ретте кеңес тарапынан атқарылатын ауқымды іс-шаралардың сапасы жөнінде не айта аласыз?

– Атқарған әр жұмысымыздың нақты нәтижесі бар. Айталық, Жеңіс күнін өткізу шеңберінде іс-шаралар кешенін әзірлеп, оны іске асыруға ардагерлер активін жұмылдырдық. Басты міндет соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің әрқайсысына нақты көмек көрсету болды.

Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерекше көңіл бөлінді. Мерекелерді атап өту, туған күндерімен құттықтау, сыйлықтар тарту ету, олар туралы жергілікті газеттер пен әлеуметтік желілерде жазу дәстүрге айналған. Соғысқа қатысушылармен, тыл еңбеккерлерімен жұмысқа жастарды, оқушыларды тартамыз. «Жеңіс әркімнің жүрегінде» акциясы жүйелі өтіп тұрады.

Ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын тексеру жалғасуда, соғысқа қатысушылардың, тыл еңбеккерлерінің, жалғыз тұратын ардагерлердің негізгі проблемаларын анықтаймыз. Бұл мәселелерді ардагерлер кеңесі жергілікті билік органдарымен бірлесіп, кәсіпорындардың, мекемелердің, коммерциялық құрылымдардың қатысуымен шешеді. Осылайша, бірқатар зейнеткер үйде күтім жасау, үйде медициналық көмек алу сияқты әлеуметтік қызметтермен қамтылды. «Қамқорлық», «Ауыл ардагерлеріне – халық назары мен қамқорлығы», «Мейірімді жүрек» атты ардагерлердің қоғамдық бағдарламалары тұрақты жұмыс істейді. Жыл сайын түрлі іс-шараларда қарттарға материалдық көмек көрсетіледі, азық-түлік таратылады. Ардагерлер ұйымы мүшелеріне әлеуметтік карталар жасалды.

Ардагерлер ұйымының жұмысы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде, газеттерде жарияланады. Барлық қалалық-аудандық газеттерде «Ардагер» айдары бар, ардагерлер туралы мақалалар, мерейтой иелерін құттықтаулар басылып тұрады. Бұлардың бәрі – елге тигізер пайдасы мол іс-шаралар.

Қазір бастауыш ардагерлер ұйымдары өз чаттарын құра отырып, WhatsApp желісін белсенді қолдануда.

– Қазір бүкіл елде қымбатшылық белең алып отыр. Осыған байланысты зейнеткерлерді, егде жастағы адамдарды әлеуметтік қолдау мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынған?

– Қымбатшылық – күллі әлемнің проблемасы. Дегенмен, еліміз бұл мәселені қысқа уақытта шешеді деп ойлаймын. Энергетикадан азық-түлікке, тау-кен өндірісінен технология өнімдеріне дейін көптеген салада бағаның шамадан тыс өсуі – дүниежүзіне ортақ мәселе. Елімізде инфляциямен күрес қарқынды жүріп жатыр. Қазір атқарушы билік өкілдері сауда орындарындағы баға өзгерісін тексеріп жүр.

– Облыста қарияларға қандай әлеуметтік жеңілдіктер ұсынылуда? Атап айтсақ, жол жүру, коммуналдық төлемдер, емделіп-сауығу, мәдени нысандарға бару кезінде қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен бірлесіп, «Белсенді ұзақ өмір орталықтарын» ашуды көздеп отырмыз. Олардың негізгі мақсаты – аға буынның өмір сапасын арттыру, оларды белсенді зияткерлік, шығармашылық, қоғамдық қызметке тарту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау.

Орталықтардың мақсатты топтары – қарттар. Олар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған мамандандырылған кабинеттерде орналаспақ. Еңбек терапиясы, емдеу-сауықтыру, демалыс, массаж бөлмелері, акт залы жұмыс істейтін болады. Бүгінде мұндай орталық Шемонайха ауданының Первомайка кентінде ғана бар.

Жыл сайын ардагерлер «Үбі» шипажайында денсаулықтарын жақсартады.

Бүгінгі күні 9986 тыл еңбеккері ай сайын 6126 теңге (2 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде жәрдемақы алады. Ардагерлер ұйымдарының өтініші бойынша көптеген кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары ардагерлерге азық-түлік, көмір, мал азығын сатып алуға, мерзімді басылымдарға жазылуға көмектеседі. Тасымалдаушылармен уағдаластық бойынша қалалық қоғамдық көлікте жол жүру үшін 70 жасқа толған адамдарға 50% жеңілдік беріледі. Мәдениет мекемелері тегін концерттер ұйымдастырады.

Өкінішке қарай, мемлекеттік деңгейде коммуналдық қызметтер бойынша заңнамалық жеңілдіктер қаралмаған.

– Жастарға тәлім-тәрбие беру, ұлтаралық татулықты нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. Осы іске елеулі үлес қосып жүрген аға-апаларымыздың есімдерін атасақ.

– Облыстық ардагерлер кеңесі де, аудандық және бастауыш ардагерлер ұйымдары да ардагерлер қозғалысының белсенділерін үнемі көтермелеп отырады. Соңғы екі жылда «Еңбек ардагері» медалімен Зайсан аудандық ардагерлер кеңесін көп жыл басқарған Тоқан Мырзақанов, Аягөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлшара Жақыпбаева марапатталды.

Осы жылы ұзақ уақыт облыстық кеңестің әлеуметтік-құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарған Тияс Түсіпов, облыстық кеңестің қоғамдық қабылдау бөлмесінің тұрақты басшысы Раиса Воробьева, облыстық кеңестің мүшесі, «Еңбек даңқы» орденінің толық кавалері Зәмзә Қырықбаев, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің «Құрмет белгісімен» марапатталды.

Белсенділер облыстық ардагерлер ұйымының Құрмет кітабына енгізіледі, облыс әкімінің алғыс хатымен көтермеленеді. Ардагерлер ұйымдары, шығармашылық ұжымдар да назардан тыс қалмайды.

Жастарға тәлім-тәрбие беруге, ұлттық татулықты нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, жалпы ардагерлер қозғалысының дамуына үлес қосып жүрген белсенділер көп.

Олар – жастарды патриоттық тәрбиелеу жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Алексей Федоров, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Талғат Халықов, Глубокое аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Зәбіров, Шемонайха аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Светлана Лычагина, сондай-ақ Әлібек Нұрмұхамбетов, Совет Сәлиев, Любовь Сергиенко. Бұл тізімді ары қарай да жалғай беруге болады. Бұлар – өз уақыттарын аямай, қоғамдық негізде жұмыс жүргізетін абзал жандар.

Риддер қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жұмабике Баекенованың 85 жасқа толуына, Зайсан ауданы Кеңсай ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы болып ұзақ жыл қызмет атқарған Шәкен Қабытаевтың 80 жасқа толуына, Ұлан ауданыңда көп жыл бойы еңбек сіңірген ардагерлер Е.Құнанбаевтың 80 жасқа, М.Төкежановтың 70 жасқа, Н.Абдуллинаның 65 жасқа толуына байланысты құттықтау іс-шаралары ұйымдастырылып, сый-сыяпат жасалды. Айта берсем, осындай мысалдар көп.

– Облыста екінші дүниежүзілік соғыстың көзі тірі қанша ардагері қалды? Оларға кеңес тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?

– Өңірімізде Ұлы Отан соғысының 41 қатысушысы тұрады. Жасына байланысты бұл ардагерлер көп жүре алмайды, негізінен үй ішінде қозғалады.

Соғыстың бірде-бір қатысушысы назардан тыс қалған емес. Ардагерлер кеңестерінің төрағалары үнемі олардың денсаулығын, қажеттіліктерін біліп тұрады. Жеңіс мерекесімен қатар, әрқайсысын туған күндерімен де құттықтайды. Туындаған мәселелері әкімдер мен ардагерлер кеңестері тарапынан бірлесе шешіледі, кәсіпорындар басшылары үнемі жәрдем көрсетеді.

– Сұхбатыңызға рақмет! Еңбегіңізге табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш

 

 

Осы айдарда

Back to top button