Ардагерлер Күршімде бас қосты
Аудан жұртшылығы бүкіл облыс көлемінен ат арытып, арнайы жеткен құрметті қонақтарды қошеметпен қарсы алды. Паром өткелінен тосып алған қонақтарын күршімдіктер бүгінде ауданның ат байлар босағасы іспетті болып кеткен Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың ескерткішіне алып келді. Күршімде өткен облыс ардагерлерінің басқосуында барлық 19 ауданнан келген аудандық кеңестер төрағалары мен кеңестер делегаттарының саны 80-нен асып жығылды десек, оған Күршім ауданынан сайланған ардагерлер мен депутаттар қосылып, жұрт қарасы молая түскен-ді.
Ескерткіш жанындағы алаңға шоғырланған қалың жұрттың алдында белгілі әнші, ақын Есен Мәженов көкейден жыр маржанын ақтарып, құттықтау арнауын айтты. Осы салтанатқа әдейілеп келген әжелер ата-баба салтымен шашу шашты. Бұл арадағы қошеметті салтанат аяқталған соң, жиын қонақтары №5 Күршім орта мектебінде арнап жайылған дастарқанға шақырылып, азанғы астарын ішті.
Бұдан соң осы ошарлы қауым Барақ батыр атындағы аудандық спорт кешенін аралап, ондағы барша жетістік-игіліктерді асықпай тамашалады. Соңынан қонақтар мұндағы ұйымшыл ұжым даярлаған фуршетте емен-жарқын әңгіме-дүкен құрысып, асықпай дәм татысты.
Аудан орталығында орналасқан Даңқ аллеясындағы салтанаттың да көңіл тебірентерліктей деңгейде өткені рас. Осындағы мәңгілік алау басына н облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Шерубаев пен Күршім ауданының әкімі С.Шоқаев арнайы венок қойды. Екінші венокты айтулы басқосуға шақырумен келген ардагерлер қойып, Отан үшін опат болған жауынгерлерге құрмет көрсетті.
Осыдан кейін қонақтар аудандық мұражайды аралап көріп, ондағы жәдігерлердің тарихынан хабардар болды. Ал бұрынғы ескі мәдениет үйінен орын тепкен аудандық ардагерлер кеңесі мен оған іргелес орналасқан Жастар орталығының жай-күйіне жіті назар салған қонақтар мұндағы жоғары деңгейде жасалған жағдайға, түсіністікпен араласып, тиянақты әріптестік танытып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісіне тәнті болғандарын жасыра алмады.
Ал балалар мен ересектерге арналған «Қазақ елі» монументі жанындағы демалыс саябағына келген ардагерлердің таңданыстарында шек болған жоқ. Мұндағы барлық аттракциондар жұмыс істеп, төңірек шаттанған бала-шағаның қуанышты күлкісімен жаңғырып тұрған болатын. Жадыраған жазғы күннің шуағы мен тұрғындардың шадыман көңіл күйі саябақтың сәнін одан әрі аша түскен-ді.
Бұдан соң басқосуға жиналған қауым аудандық Мәдениет үйінде өткен пленарлық мәжіліске қатысты.
Келелі жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Шерубаев ашып, жүргізіп отырды. Жиында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы әңгіменің өзегіне айналды. Күршім аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов мазмұнды баяндама жасап, атқарған жұмыстары мен қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Осы мәжілістің Күршімде өтуінің басты себебі де сонда – өткен жылдың қорытындысы бойынша күршімдік ардагерлер облыс көлемінде алдыңғы орыннан көрініп, үздік нәтиже көрсеткен болатын. Есманбек Адайұлы өздерінің осы табыстарын орынды мақтанышпен атап айтып өтті.
Бұдан соң сөз кезегін алған аудандық жастар орталығының директоры Ш.Дабырбаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Жакуперова, Бородулихадан келген ардагер О.Байжанов, ШҚМТУ профессоры, сол университеттің ардагерлер кеңесінің төрайымы, жастық шағын Күршімде өткізген Л.Әубәкіровалар өздерінің жүрекжарды пікірлерін ортаға салып, бүгінгі игілік-молшылықты өз қолдарымен жасаған, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып келе жатқан аға буын өкілдеріне ризалықтарын білдірді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі С.Шоқаев келген қонақтардың баршасына разылық білдіріп, шын көңілден шыққан алғысын арнады. Бұл жиынның келешекте дәстүрге айналуынан үмітті екенін баса айтқан Сейсенғазы Жұмағалиұлы сөзін осында отырған қариялардың әлі де талай басқосулардың қонағы болатынына сенім білдіре аяқтады.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.