Руханият

Ардагерлер киелі жерлерді аралады

Ардагерлер киелі жерлерді аралады
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірдегі ардагерлер атқа қонды. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен Шығыстағы киелі жерлерді аралап шығуды мұрат тұтқан ақсақалдар алғашқы сапарды Ұлан жерінен бастады.
Заманында ел үшін еңбек еткен, қызметтік ғұмырын осы елдің гүлденіп-көркеюіне арнаған зейнеткерлер үйден шыққан бетте аттың басын Ақбауыр археологиялық кешеніне бұрды.
Бір қызығы, ғұмыр бойы осы өңірде қызмет істеп жүрген бүгінгі сапардағы 30-ға жуық ардагердің біразы қаладан 30 шақырым жердегі Ақбауырға алғаш табан тигізуі екен. Сондықтан болса керек, тарихи-археологиялық кешеннің бөлім меңгерушісі Галина Петенева құрметті қонақтарға өзі білетін тарихи орынды егжей-тегжейлі етіп түсіндіріп берді.
Ақбауырда армандар орындалады
Ақбауыр жайлы аңыз көп, ақиқат та жетерлік. Қола дәуірінен бергі қатпарлы тарихты жақпарлы тастарына жасырып жатқан жұмбақ мекеннің шешімді жауабын алғаш тапқан – осы өңірдің төл перзенті, белгілі археолог Зейнолла Самашев. Өткен ғасырдың 70-90 жылдары аралығында бар ынтасын осы таңбалы тастарға арнаған жас зерттеуші тарихшылардың назарын туған жеріне аудартып кетті. Бұрын қойшылардың жауын-шашында паналайтын үңгір тастары енді зерттеушілердің тарихты сағалайтын зертханасына айналды. Ел де елеңдей қарап өтетін болған. Тіпті қазір бейсауат адам мен жайылымдағы мал да кіре алмайды бұл кешенге. Бабадан қалған бағзы дүние мемлекеттің қорғауына алынып, қоршалған.
Ақбауыр – маңайындағы өзге төбелердің төбесінен қарап тұрған маңғаз тау. Бауырында жатқан құнды жәдігерлерінен бе, әлде атағымен қоса еңсесін де Алла биік етіп жаратқандықтан ба, бізге тым биік көрінді. Қонақтарды қорықшылар негізгі екі жерге апарды. Оның алғашқысы – тау етегінен бес-алты метр биіктікте орналасқан үңгір тастар. Ардагер-әжелер бір-бірінің сүйемелдеуімен әлгі үңгірлерге беттеді. Кейбір әжелер смартфонымен селфи жасап жатыр. Ал кейбірі мұнда нендей қызық бар дегендей аңтарыла қарап тұр. Галина Петенева әлі түсіндіріп жатыр…
Мынау кешеге дейін қойшылардың құтқарушысына айналып келген төбесі тесік үңгірлер бабаларымыздың аспан денелерін бақылайтын бірден-бір орны болыпты. Олар сол саңылаулар арқылы қай жұлдыздың қашан туатынын, қашан орнын ауыстыратынын бақылап отырған. Ал анау үңгір төріндегі петроглифтер – көне заманның қолтаңбалары. Егер бұл жердің шын құпиясын білгісі келген жандар көктем мен күздегі күн мен түннің теңелген уақытында келіп аспанға көз салғандары абзал екенін айтып жатыр қасымыздағы тарихшы.
Әжелер тобынан бөлініп, оқшау әңгіме қозғап тұрған бірнеше ақсақалдың сөзі тіптен қызық. Ақбауыр туралы әлде бір аңыздың шетін сөгіп жатыр.
«Мынандай сап ауада бір түнеген жұбайлар аңсаған армандарына жетіп, бала сүйеді деп естіп ем», – деп әңгіме бастады еңсегей бойлы, ат жақты ақсақал, «Жоқ, бұл жерге тек ұл баланы армандап жүрген жастар келеді деп естігем», – деп сөз қосты қасындағы жігіт ағасы. Бұл әңгімені қазақы жосыннан жаңылмай, ақсақалдарға қымызын ала келген жақын маңдағы «Ақбауыр» шаруа қожалығының жетекшісі Бердік Сүйенішұлы жалғады.
– Мен осы жерде 1998 жылдан бері тұрам. Төрт ұлым бар. Алыс-жуықтан қонақтар келіп жатады. Кейбірі қасиетті жер деп ырымдап келеді. Мүмкін армандары орындалған шығар, оларды қайта кездестірмедім. Менің бір білерім, бұл жердің шөбі ересен құнарлы. Тіпті, кейбір кісілер қымызымыздың қоюлығына таңданып жатады. Шарапатты жер ғой, – дейді сол шаруа қожалықтың жетекшісі.
Ақбауыр бауырындағы тұмса табиғат аясында ақсақалдар әзілдесіп келеді. Ал әжелердің шуылы шегірткенің шырылына ұласып, тарихи орында тіршіліктің бесігін тербетіп тұр. Мүмкін ертеңгі осылардың бір ұрпағы «Ақбауырда бабамның ізі қалған» деп зерттеп жатар. Ал кешегі мына тастағы суреттерді салған жандар болашаққа жұмыс істеп жатқанын сезді ме екен?! Ал бүгінгі ардагерлер ертеңге жұмыс істеп жүргенін сезеді.
– Әр аудандағы ардагерлермен ақылдаса отырып шығардық бұл шешімді. Келген ардагерлердің тең жартысы алғаш рет келіп отыр. Біз балаларымыз бен немерелерімізге өңірдің киелі жерлері туралы сөз қозғау үшін, әуелі өзіміз көріп алайық деп ой түйдік. Жобамызды облыс басшысы Даниал Кенжетайұлы қолдады. Енді бұл сапарымызды Жидебай, Берел сияқты қасиетті орындарда жалғастырсақ деп отырмыз, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев.
Жалпы, бұл ардагерлерді қолдау үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отырған екінші үлкен жоба екенін айта кету ләзім. Бұған дейін облыстық ақсақалдар арасында «Ақ бата» атты бата беру сайысы өткенін жазғанбыз.
Ақбауыр мен ғарыштың арасында қиял жарыстырған қариялар Алғабас ауылына қарай ат басын бұрды.

Жоңғарды жойылар деп кім ойлаған?

Аталмыш ауылдың солтүстік жағындағы Аблайкит (қалмақ-қорған) ғибадатханасы бар. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан негізгі бес нысанның бірі – осы жер.
Әйгілі Сібе көлдерінің маңынан тұрақ тепкен бутхана туралы да бүгінге дейін айтылып келе жатқан әңгіме көп. 1654 жылы жоңғардың Абылай тайшысы салдырған діни тұрақты 1671 жылы сол елдің қолбасшысы Қалдан Серен қиратты деген аңыз бар. Жергілікті жазушылардың кейбірі бұл жерді қазақ батырлары шабуыл жасап, бұзған деген де уәждерін айтады. Қазір ғибадатхананың орнында тас қорғандар мен қыш кірпіштердің сынықтары ғана қалған. Орыс зерттеушілері мұндағы жәдігерлерді І Петр заманында Ресейге алғызып алған десе, кейбір деректерде Франция мұражайларында да осы қорғанның бұйымдары тұрғанын айтады. Мейлі, кім қиратса да, кім тонаса да, мұның бәріне қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологиялық топ жауап табар деген үміттеміз. Тіпті кейбір зерттеушілер ғибадатхананың алтын-күмістері қорғанның үстіңгі жағындағы тау ортасындағы көлдің түбінде жатқанын айтады. Абылай тайшы қамал қолдан кеткесін, бар байлығын көл түбіне жасырып қашыпты дейді.
Ардагерлер киелі жерлерді аралады
Бестерек ауылына көліктерін қалдырып, арнайы автобусқа мінген ардагерлер жол бойы батып жатқан машиналарға бір, жолдың күдірлігіне бір алаңдап, тас қаланың тағанында қалған белгілерін көріп, ғибадатхананың қирандысын аралай жөнелді. Иә, аталмыш ауылға көлігін қалдырып, жаяулы-жалпылы жүрген туристерді жолықтырдық басынан.
Барлығы қорғанға іліне сала жер бетінен өзі жойылып, тарихта аты қалған жоңғар дейтін көршіміздің ерен еңбегі мен ақыл-парасатына таңдай қағысып жатты. Біз де сүйіндік. Шебер қаланған тастар, бөлмелер, оңтүстік пен шығыс қақпасының арасындағы тайшаптырым аумақты алып жатқан құрылыс тағандары аздаған еңбек емес екенін аңғартып тұр.
Ардагерлердің кейбірі тарихи орынды аралап әлде бір ойдың жетегінде жүрсе, кейбірі жидек теріп, тамылжыған табиғаттың қызығын көрді. Ал біздің қиялда осыншама өнерлі халық та жер бетінен жойылып кетеді екен-ау деген үрей тұрды.
Тау сағалап кеткен ардагерлердің басын біріктірген ұйымдастырушылар қонақтарды Ұлан ауданының бес көл бойында жайған дастарханына бастады. Ән әуелеп, күй шалқыған Шалқар көлдің жағасында облыстың әр түкпірінен келген ардагерлерді аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы күтіп алды.

Мұратхан Кенжеханұлы
Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button