Ардагерлер атқармақ жұмыс ауқымды
Айтқазы Шерубаев – еліміздегі облыстық ардагерлер ұйымының ең жас төрағасы. Ол осы қызметке «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Шығыс Қазақстан облыстық филиалының VII есеп беру-сайлау конференциясында тағайындалды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев қатысты.
Айтқазы Шерубаев бұрын облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды уйлестіру басқармасына, соңғы жылдары энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына басшылық жасаған.
– Маған көрсетіп отырған сенімдеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бұған дейінгі мемлекеттік органдар саласындағы түрлі қызмет барысында көпшіліктеріңізбен бірге жұмыс істедім. Сондықтан бүгінгі конференция да айтылған міндеттердің бәрін сіздермен бірлесе отырып жүзеге асыратын боламыз, – деді Айтқазы Шерубаев.
– Сіздерді жаңадан тағайындалған әрі ең жас төрағаларыңызбен құттықтаймын. Айтқазы Сейітұлы облыста ұзақ жылдар жемісті қызмет етіп, облыс әкімінің орынбасарына дейінгі үлкен қызметтік жолдан өткен, өмірлік тәжірибесі мол, өңірдің барлық саласымен жақсы таныс адам, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар. – Әрине, алдарыңызға қойылып отырған жұмыс көлемі ауқымды, жауапкершілік жүгі қомақты. Салада бірқатар шешімін табуы тиіс мәселелер де бар. Алайда, ең бастысы – бізде береке-бірліктің жарқын үлгісі бар. Сіздер жергілікті атқарушы билікпен, жастармен бірлесе жұмыс істейтін болсаңыздар, алынбайтын асу болмайды. Күн де Шығыстан шығады. Барлық жақсы бастамалар, жаңашыл идеялар мен игі іс-шаралар да үнемі біздің аймақтан бастауын тауып жатады. Алдымызда даму болашағымызды айқындап берген «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бар, бізбен бірге Ұлы Президентіміз, кең-байтақ жеріміз бар. Ал біздің ең басты байлығымыз – бейбітшілік, бірлік пен келісім.
Есеп беру-сайлау конференциясында ардагерлер ұйымының жұмысына, оның бастауыш ұйымдарына қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Облыстық ардагерлер ұйымының соңғы бес жыл көлемінде атқарған жұмысының есебін облыстық филиал төрағасының орынбасары Ғалия Құсанова жасап, бұл жолғы конференцияның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Парламент Мәжілісінің, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы сынды маңызды оқиғаларға толы тарихи уақытта өтіп отырғандығына тоқталды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ алға қойып отырған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында ардагерлер ұйымдарының жұмысы маңызды рөл атқарады. Олардың саны да жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2011 жылы Шығыс Қазақстанда 811 ардагерлер ұйымы тіркелген болса, 2016 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша олардың саны 1062-ге жеткен. Аға буын өкілдерінің береке-бірлікпен атқарған белсенді іс-әрекеттерінің нәтижесінде тұрғындардың бірқатар мәселелері шешімін табуда. Айталық, зейнетақы мен жәрдемақының көлемі артуда, соғыс ардагерлерінің баспана мәселелері шешілген. Үйде қызмет көрсетуге мұқтаж 300-ге тарта ардагер қажетті көмекпен қамтамасыз етілген. Өкінішке қарай, аға буын өкілдерінің қатары соңғы бес жылдың көлемінде айтарлықтай сиреген екен. Конференцияға қатысушылар оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиында Семей, Риддер қалаларындағы, Күршім ауданындағы, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дағы бастауыш ұйымдардың төрағалары өздерінде атқарылған жұмыстардың есебін берді. Облыстық ардагерлер ұйымы тексеру комиссиясының есебі де жария етілді. Ардагерлердің есеп беру-сайлау конференциясының жұмысы Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезіне дәл келгендіктен, конференцияға қатысушылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сөйлеген сөзін онлайн режимінде тікелей тыңдауға мүмкіндік алды.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев облыстық филиал жұмысында оңды тәжірибе қалыптасқандығын атады.
Сонымен қатар, жиында алда болатын республикалық конференцияға қатысатын делегаттардың тізімі анықталды.
Дәурен Аллабергенұлы