Ардагерлер арасында спартакиада өтті

Өскеменде облыстық спорт ардагерлері ұйымының ұйымдастыруымен спорттың 12 түрінен ардагерлер арасындағы спартакиада өтті. Оған қалалар мен аудандардан екі жүзге тарта адам қатысты. Ядро лақтыру, ұзындыққа секіру, 50, 100 метрлік, орта қашықтыққа жүгіруде олар тамаша нәтиже көрсетті.
Спорт ардагерлері ұйымының төрағасы, қол күресінен әлемнің үш дүркін чемпионы Мұқан Ағзамов Алматыдағы қол күресінен өтіп жатқан Азия чемпионатына қатысып жатқандықтан спартакиаданы оның орынбасарлары Маяк Жақсылықов пен атақты бапкер, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 120-дан астам Әлем чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлерін дайындаған Жанәділ Атаев ашып, жарысқа қатысушыларды құттықтады.
Бұл жолғы спартакиаданың ерекшелігі, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне Шығыс өңірінде бұқаралық спорттың өркен жаюына ерекше үлес қосқан, спорттың бірнеше түрінен ел намысын дүбірлі сайыстарда абыроймен қорғаған бапкерлер мен спорт саңлақтарына, ақпарат құралдары өкілдеріне «Шығыс Қазақстанның құрметті спорт ардагері» атағын тапсыру рәсімі болды. Жасы сексеннен асқан, 25 спорт шебері мен 200-ден астам еркін күрес шеберлерін әзірлеген атақты бапкер, кезінде өзі де Одақта сан мәрте топ жарған Василий Попов бұл марапатқа алғысын білдіріп, күні кеше Токиода өткен Олимпиада ойындарында сәтсіздікке ұщыраған жерлестерімізге алдағы уақытта табыс тіледі. Ұлттық спорт түрлері бойынша, оның ішінде аударыспақ, теңге алу, көкпар ойындары бойынша еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, белгілі бапкер Жұмабек Жәпішев те осындай атаққа ие болды. Ұзақ жылдар бойы спортты баспасөзде насихаттап жүрген журналистер Әлімжан Қадылбеков, осы жолдардың авторына төсбелгіні Жанәділ Атаев тапсырды. Қазақ жастары арасынан шаңғыдан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында екі дүркін топ жарған Қалихан Ноғамбаев, бапкерлер Оралбек Әділханов, семейлік бапкер, халықаралық дәрежедегі төреші Серік Тоқтарғазин, зайсандық бапкер Ақылбай Елеуов, тағы басқалар еңбектерінің еленгені үшін алғыстарын айтты.
Оңдасын Елубай,
ардагер тілші
Өскемен.