Қоғам

Ардагерерлерді аялаудан еш аянбайды

Ардагерерлерді аялаудан еш аянбайды


Қаладағы төтенше жағдайлар жөніндегі басқармада жаңа келген жастарға тәлім-тәрбие беріп, ақыл-кеңестерін айтып отыратын ардагерлер кеңесі құрылған. Оның төрайымы – Л.Муслимова. Лариса Дмитриевна бұл қоғамдық жұмысты сегіз жылдан бері атқарып келеді.

Ардагерлер кеңесінің бөлімшелерінде ұзын саны 352 адам бар. Құрамына Семейдің ғана емес, Курчатов, Бородулиха, Бесқарағай және Абай ауданының зейнеткерлері де кіреді.

Өрт сөндіру қызметінің ардагерлер ұйымы зейнетке шыққан қызметкерлерді назардан тыс қалдырып көрген емес. Олар жаңа тіршілікке бейімделуге көмек, моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп жатады.

Лариса Дмитриевна көп уақытын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнады. Қазіргі кезде өрт сөндіру қызметі ардагерлеріне және жас ұрпаққа көп көңіл бөлуде. Өмірлік тәжірибесі арқасында өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге, қаланың жас құтқарушыларын кәсіби дайындауға елеулі үлес қосуда. Сырқаттанған ардагерлердің халін біліп, госпитальға, ауруханаға немесе үйіне барып, қаржылай және әлеуметік көмек көрсетіп, қолдау танытады, ардагерлердің әртүрлі проблемаларын шешуге белсене қатысады.

Ардагерлерді мерейтойларымен, мемлекеттік және кәсіби мерекелерімен құттықтап, үйлеріне барып гүл сыйлау, басқа да сыйлықтар жасау жақсы дәстүрге айналған. Қоғамдық ұйым басшысы ретінде Лариса Дмитриевна ардагерлердің жеке мәселелеріне де бейжай қарамай, мүмкіндігінше оны басшылармен бірлесе шешуге тырысады.

Жыл сайын күзде зейнеткерлер үшін табиғатқа шығуды ұйымдастырады екен. Онда ақсақалдар жастармен әңгіме-дүкен құрып, жеміс-жидек теріп, демалып қайтады. Қарттар күні ардагерлер мен зейнеткерлерге құрмет көрсетіледі. Төтенше жағдайлар басқармасы бұл мерекеге алдын ала дайындалады. Әр ардагерге құттықтаулар мен сыйлықтар әзірленіп, мерекелік дастарқан жайылады.

Міне, үнемі осындай игі істердің басы-қасында жүретін Лариса Дмитриевна Семей қаласының ТЖ басқармасының «Қазақстан Республикасының ІІМ Құрметті ардагері», «ҚР ІІМ ТЖК 20 жыл» медалімен марапатталды. Тағы бір қуанышты жайт, ұйым жұмысы Республика бойынша үздік деп танылып, Лариса Муслимова Ішкі істер органы және Ұлттық гвардия ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Грамотаны табыстаған Семей қаласының ТЖБ бастығы Қанат Әбділов осындай тәжірибелі адамдар жас жауынгерлер мен офицерлерді тәрбиелеуде басшыларға демеу бола алады деп атап өтті.

– Біздің ардагерлер белсенді өмір салтын ұстанып, алға ұмтылуымызға, ең бастысы, өз әкелеріміз бен аталарымызды құрметтеуге үйретеді, – деді ол.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button