Ардагерді ардақтады

Жаңа жыл мейрамы қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің қадірлі ақсақалы Фрунзе Жақсылықовтың шаңырағына бас сұқты.
Бүгінде тоқсанға таяқтастам жерде тұрған қария саналы ғұмырын Шығыстың өсіп-өркендеу жолына арнап келгені белгілі. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» дейтін халық даналығын ғұмырымен дәлелдеген – осы ақсақал. Сонау қазақ даласына аранын ашып, миллиондаған қазақ жан тапсырып жатқан жылдары өмір есігін ашқан Фрунзе ақсақалдың балалық дәуірі де сұм соғыстың қан-қасап жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол бір үрейлі күндердің тезі ерте есейтті. Аштық пен тылдың ауыр азабы шынайы адам болудың жолын көрсеткендей.
Катонқарағай өңірінде туып, ат жалын тартқан азамат Күршім, Самар аудандарында жауапты қызметтер атқарды. Жай атқарып қана қойған жоқ, абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленді. Еңбек демалысына шыққан соң да, аузы дуалы ақсақалдардың алдында жүрді. Бір сөзбен айтқанда, тақтан түссе де, аттан түспеген ардагерлердің бірі бола білді.
– Өміріме қатты ризамын, қарағым. Біз – қару алып майданның алдыңғы шебінде болмасақ та, тылда жүріп ауыр азап тартқандардың біріміз. Аш-жалаңаш жүріп жұмыс істедік. Қолмен жер жырттық, шөп шаптық. Масақ теріп жан бақтық. Енді осындай бақытты таңда немере-шөберелеріме айтатын ең басты ақылым – адал болыңдар деймін. Кейде солар «Ата, сонша жыл жұмыс істегенде, тым болмаса бір мотоцикл мінбедіңіз бе?» деп сұрайды, ойланып қаламын. Шынында, күні бүгінге дейін мен неге тым болмаса бір балама темір көлік алып бермедім екен дейсің.
«Құдай бергенін алса да, берерін алмасын» деген аталы сөз бар. Бүгінге аман жетуім сол адалдықтың арқасы шығар. Жаңа жылға орай жағдайымды білгелі келіп жатқан өңір басшысы Даниал Кенжетайұлына үлкен алғысымды айтамын, – деді Фрунзе ақсақал БАҚ өкілдерімен әңгімесінде.
Шарапатты шаңыраққа келген аймақ басшысы ақсақалға 300 мың теңгенің сертификатын тапсырып, мерекелік сый-сияпатын ұсынды. Қадірін асырып, қалін сұрап келген атқамінер азаматтарға ақсақал алғаусыз алғысын айтты.
Мұратхан Кенжеханұлы