Ардагер спортшыны әуежайдан қарсы алды

Венгрияның астанасы Будапеште қол күресінен өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетті. Бұл жетістікте жерлестеріміздің де үлесі бар.
Ұлан ауданының ақсақалдары М.Батибаев, Ж.Әшімов, Т.Сағатов, М.Тәкежанов, И.Жақиянов бастаған бір топ құрметті азаматтар Өскемен әуежайынан Ұлан және Көкпекті аудандарының Құрметті азаматы, қол күресінен Әлемнің үш дүркін чемпионы, бірнеше дүркін жүлдегері, Азияның 10 дүркін чемпионы, елімізде және Азияда қол күресі мен гір спорты федерациясын құрған Мұқан Ағзамовты қарсы алды.
Ауылда тұрса да, ұзақ жылдар елімізде қол күресі мен гір спортының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, жүзге тарта Әлем чемпиондарын баптаған атақты ұстаз өзін құрметтеп қарсы алған ағалары мен достарын көргенде қатты толқыды. Ұлан аудандық мәслихатының депутаты, белгілі өнерпаз Нұртай Тілеужан өлеңмен шашу шашқан сәт ерекше әсерлі болды.
– Отыз жылда мұндай құрметті тұңғыш рет көріп тұрмын. Өз басым мақтанғанды жек көремін. Дүбірлі жарыстарға бара жатқанда, елеусіз аттанып, қайтарда да басқаларға салмақ салмай келетінмін. Ұланның елі де, жері де бай ғой. Адамдары қандай жарқын, достыққа адал. Сіздерге ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді Мұқан Сағидоллаұлы.
Иә, шетелде ел намысын абыроймен қорғаған азаматтарға қандай құрмет көрсетсе де жарасымды ғой. Осыны ескерген Мұқанның достары дастарқан жайып, ардагер спортшыдан Мажарстанда өткен Әлем чемпионатының қызықтарын сұрады.
– Будапештегі біріншілікке 55 мемлекеттің 1600-ге тарта ығай-сығайлары жиналды. Олардың арасында бірнеше дүркін Әлем чемпиондары да бар. Қазақстаннан бапкерлер мен спортшыларды қоса есептегенде 84-тен астам адам барды. Әлем чемпионатының тәртібі бойынша жарыстың бірінші және екінші күні 18 бен 23 жастағылар өнер көрсетті. Одан кейін 40-50, 50-60, 60 жастан асқан ардагерлер арасында бірнеше топқа бөлініп сайыстар өтті. Сенесіз бе, жастарымыз жарады! Финалда тек қазақстандықтар өнер көрсеткенде, шетелдік мамандар мен жанкүйерлер «бұл әлем чемпионаты ма, жоқ әлде Қазақстанның біріншілігі ме?» деп таңданыстарын жасыра алмады.
Ұлан ауданынан барған Әлемнің екі дүркін чемпионы Ораз Басаров бұл жолы күміс жүлдегер атанды. Аға жаттықтырушы Ерлан Уәлиевтің тағы бір шәкірті Деши Урсаева алтыннан медаль тақты. Семейдің екі жігіті жеңістің биік тұғырына көтерілді. Жерлесіміз, Күршімнің тумасы, қазір Астанада тұратын Еркін Әлімжан чемпион атанды. Ақтөбелік, бұл күнде Алматыда тұрып жатқан Әділбек деген азамат күміс жүлдеге қол жеткізді. Еліміздегі қол күресі федерациясының президенті, Әлем, Азия чемпионы, менің шәкіртім Марат Асайынов ерледі. Жалпы бұл бәсекеде 12 бапкер бастап барған біздің құрама жастар арасында бірінші, ал ересектер арасында екінші орынға табан тіреді. Әттең мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы жарысқа толық құрамда команда апара алмадық. Егер толық құрамда барғанда, ересектер арасында да бірінші орынды бермес едік. Қол күресі ерекше дамыған Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласының Әлем чемпионы Арман Қарсыбаев басқаратын клубта жаттығатын алты баланың төртеуі алтын, ал екеуі күміс медаль иеленді. Алпыс жастан асқан ардагерлер арасындағы біріншілікке 17 адам қатысып, өзім жүлдегер атандым. Рас, бұл жолы бабым келіспеді. Оның үстіне ауылда тұрамын, бірге жаттығатын адам жоқ, басқа жұмыстар да бастан асады. Келер жылы Антальяда өтетін Әлем чемпионатында топ жарсам деген ой бар, – деп ағынан жарылды Мұқан Ағзамов.
Оңдасын Елубай.