Ардагер спортшы атындағы турнир
Ерлан БАПАНОВ
Қойнауына құт дарыған Тарбағатай ауданында түтіні түзу, тірлігі бекем ауылдар көп десек, соның бірі – Қабанбай ауылдық округі.
«Береке басы – бірлік» екендігін сезінетін ауыл азаматтары бірін-бірі көтермелеп, болар елдің баласындай татулықты ту ететіндігімен әйгіленіп жүр. Әсіресе алдыңғы толқын ағаларының еңбегіне сый-құрметі бөлек.
Жуырда зейнет жасына толған ауыл азаматы, ардагер спортшы, ақын әрі палуан жерлестері Берікхан Мұхаметрахымұлының атында волейболдан аудандық ашық турнир ұйымдастырды.
Жарысқа Зайсан ауданынан Шілікті, Тарбағатай ауданының Қабанбай, Маңырақ, Ақжар, Жетіарал, Ақмектеп, Шорға, Тұғыл ауылдарының сайдың тасындай іріктелген командалары қатысты.
Тартысты бәсекеде осал команда болған жоқ. Бәрі де жеңіс тұғырынан үміт етіп, жанкештілікпен әдемі ойын өрнегін көрсетті. Бағы да, бабы да келіскен Маңырақ пен Ақмектеп командасы ақтық сында айқасқа түсті. Сойқан соққылар жасаған волейболшылар алма-кезек ұпай жинаумен болды. Дегенмен, Маңырақ командасы басым түсіп, турнирдің бас жүлдесін иеленді. Сәйкесінше, екінші орын Ақмектепке бұйырды. Тамаша ойын өрнегін көрсеткен Қабанбай командасы үздік үштіктен көрінді. Шіліктіден келген волейболшылар төрттікке табан тіреді. Жеңімпаздарға арнайы кубок, дипломдар берілді. Үшінші орынға 100 мың, екінші орынға 150 мың, бірінші орынға 200 мың теңге қаржылай сыйақылар табысталды.
Бүгінде ауыл-ауылда өтетін спорттық ойындар жастар арасындағы достықтың алтын арқауына айналды. Осылайша, волейболдан өткен аудандық ашық турнир де жастарға рух беріп, оларды өзара жақындастыра түсті. Бұқаралық спортты жүйелі дамытуда Қабанбай ауылдық округі әкімдігінің, ауыл азаматтарының бірлесіп ұйымдастырып жүрген іс-шаралары атап айтуға тұрарлық. Бұл үйлесімді үрдісті басқа ауылдар да іліп әкетсе қанекей?!
ТАРБАҒАТАЙ.