Қоғам

Ардагер марапатқа лайық

Шығысқа есімі белгілі Өскемен қаласының Құрметті азаматы Серік Оразбайұлы 1949 жылы қазанның 10-ы күні Павлодар облысындағы Май ауданында дүниеге келген. Ол адал еңбегімен, адамдық қасиетімен, халыққа жақындығымен жұрт ықыласына бөленген.

1965 жылы Өскемендегі Жамбыл интернатын бітірген Серік Оразбайұлы №8 училищеде монтаждаушы-cлесарь мамандығын алып шықты. «Үлбі монтаждау» басқармасына жұмысқа орналасты. 1968-1970 жылдары әскерге барып келіп, жұмысын қайта жалғастырды.

1973-1978 жылдары қорғасын-мырыш комбинатында слесарь ретінде жұмыс атқара жүріп, жолдамамен 1978-1982 жылдары Горький атындағы КСРО ІІМ-нің Жоғарғы мектебін құқықтанушы бағыты бойынша оқып, лейтенант шенін алады. Жолдамамен облыстық ішкі істер басқармасына жіберіледі. 1982 жылдан өңірдің ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Үлбі аудандық ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл, бастықтың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, күзет бөлімшесі бастығының орынбасары, кейін Өскемен қаласы ІІБ кезекші бөлімінің бастығы болды. 1996 жылы майор шенімен зейнетке шықты.

Қазір Серік Оразбайұлы Өскемендегі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. «Аманат» партиясының мүшесі ретінде саяси реформаларға үлес қосып жүр. Қаладағы өзін-өзі басқару ұжымына басшылық етіп отыр. Бұрын қалалық №1 жергілікті өзін-өзі басқару комитетіне қарасты ЖМК шағын ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болған.

Облыс ардагерлері арасында өткен «Ауылым – алтын бесігім» өнерпаздар байқауында екінші орын алған «Қазына» көркемөнерпаздар тобының құрамында облыстың біраз ауданын аралап, көрермен алғысына бөленді. Ардагерлердің «Атамұра» өнер ұжымына қолдау көрсетті. Серік Оразбайұлы жастарды және ардагерлерді тарта отырып, «Таза қала», аула-көше тазалау, көшет егу акцияларына қатысып отырады. «Біздің аула таза» аталымын жеңіп алған.

Ол ішкі істер органының үздігі төсбелгісімен, мүлтіксіз еңбегі үшін I, II, III дәрежелі медальдарымен, «Тәуелсіздікке 20 жыл» төсбелгісімен,  облыс-қала әкімдіктерінің, өңірдегі ардагерлер мен ақсақалдар ұйымдарының, полиция департаментінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Серік Оразбайұлы қалалық ардагерлер және ақсақалдар ұйымдарымен бірлесе жастарға ел-жер тарихынан сыр шертіп келеді, №44, №47, №24, №45 мектептердің тәрбие сабақтарына қатысып, оқушыларға ақыл-кеңес береді. Шахмат пен дойбыдан жарыстар өткізеді. Көше аттарын өзгерту жұмысына атсалысады. Әкімдердің есеп беру жиындарына қатысып, ақсақалдарды мерейтойларымен марапаттауға ықпал жасайды.

Өмір бойы Өскемен қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қызметін басқарған жары Бақыл Қабылқызы екеуінен өрбіген балалары мен немерелері инабатты болып ержетті.

Атқарып жүрген жұмыстарын ескере келе Өскемен әкімдігі полицияның майоры Серік Оразбайұлын «Қазақстан полициясына – 30 жыл» медалімен марапаттаса әділетті болар еді.

Нұрғожа Серьянов, ардагерлер кеңесінің мүшесі

Осы айдарда

Back to top button