Қоғам

«Ардагер» атауын Алашқа қайтарған абзал

Тілім-тілім болған тіліміздің жарасының жазылуына әлі де көп уақыт керек-ау! Қарап отырсақ, қаншама терминдеріміз өзге ұлттың қанжығасында кетіпті. Кей сөздің түп-төркінін, этимологиясын зерттей келсек, айналып өзімізге келеді.

Мәселен, солардың бірі – «ящик» сөзі. Шындап келгенде, бұл өзіміздің (түркінің) «ұя», «ұяшық» деген сөзінен шыққан сияқты болып тұрады. Оны біз күнделікті өмірде «қазақыландырып» «жәшік» деп жүрміз. Бір кездегі өз перзентіміз өзімізге тонын айналдырып, қайта оралғанын білмей қалғанымыз қызық.

Сол сияқты  біз ардагер деген сөзіміздің мәні мен мағынасына жете алып жүрміз бе?! «Ардагерді» «ветеранның» аудармасы қылып жібергенімізге жол болсын!  Қазақта ерекше туған дара тұлғаны ғана ардагер деуші еді ғой.  Ардагеріміздің «ветеран» деген осынау тар ұғымға қалай сыйып тұрғанына таңғалам… Атам қазақ ежелден «ардагер» деп халқына еш қылаусыз қызмет еткен, болмаса қызмет жасап жүрген, қаймана қазақтан оқ бойы алда жүрген адамды айтқан еді ғой. Кезінде Жамбыл ақын 1916 жылғы қазақтың ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы Амангелді Имановты:

«… Ардагер Амангелді ердің ері,
Кең өріс, жалпақ дала туған жері.
Елі мен мекенінің туын ұстап,
Қол бастап қан майданда аққан тері», – деп жырлаған жоқ па еді?! Жамбыл Жабайұлы жырына қосқан сол бір кезеңде Амангелді бар болғаны қырық жастан асқан шағы екен. Былайша айтқанда, «ветерандық» жасқа толмаған да болатын. Алайда ол заманда бұл сөздің негізгі түп мағынасы жойылмаған, дүйім елге түсінікті шағы еді. Демек, «ардагер» деген сөзді өз қолымызбен «өлтіріп»,  «көміп», қайта эксгумация жасаған жоқпыз ба?! Өйткені бүгінгі «ардагердің» кешегі ардагерден мәні мен мағынасы мүлде бөлек.

Сол сияқты бүгінгі «искусство» – «өнер» деген атау да ежелгі қалпынан өзгеріп, өзгеше сипат алған. Ертеректе халқымыз қолының епсектігі, икемі  бар етікші, ұста, тігінші, т.б. кәсіппен айналысатын жандарды «он саусағынан өнері тамған», «өнерлі»,  деп  қатты құрметтейтін. Бүгінде «өнер» атауы «искусствоның» қанжығасына байланып кеткені қалай?

Тағы бір жөн-жосықсыз пайдаланып жүрген сөзіміз – «ұту», «ұтты» деген етістік. Баспасөз беттерінде, көгілдір экранда  болып жататын сайыстарда жеңіп шыққан жақты «ұтты» деуге әуес әріптестеріміз баршылық. Ағайындар-ау, «ұту» деген «выигралдың» аудармасы ғой. Қарсыласын жеңіп, жамбасын жерге тигізген балуанды қалай ұтып алды дейміз!? Рас, оңтайлы сәтті дер кезінде пайдаланған шығар-ау! Алайда ұтыс сәтті түсетін бұл лоторея ойыны емес қой. Жамбасқа салып, жер жастандырған  балуанды «ұтты» деудің орнына «жеңді», «жауырынын жерге тигізді» дегеніміз абзал.

   …Бір жас жігіт кенеттен ажал құшты. Жиналған жамағат алдында имам уағызын айтып, фәни мен бақидың айырмашылығына тоқталды.  Сөйтіп, кеше ғана арамызда жүрген жан сүрегі бітіп, аяқастынан қайтпас сапарға аттанды. Яғни, өмір сүруі, сүрегі аяқталды. Шындығында   «күреуден» «күрек», «жүруден» «жүрек» туғандай, «өмір сүру» деген  етістіктен «сүрек» деген зат есім туатынын байқамай келіппіз. Әлгі бір сөйлемді орысшаласаң да «срок» деген сөз мағынасын жоғалтпайды. Яғни, «срок кончился – человек умер». Бұл да – өзіміздің жат жұртқа ұзатқан төл сөзіміз. Жоғарыда айттым,  тілімізде мұндай «ұзатылған» терминдер мен атаулар өте көп. Әрине, тілдің өзге тілдермен байланысы, ассимиляциялануы әлемде бар, заңды құбылыс. Сондықтан бұл тенденциядан қашып та құтыла алмаспыз. Тек келер ұрпақ бабалардан жеткен құндылықтарымыздың бірі де бірегейі – туған тілімізді әспеттеп өтсе, нұр үстіне нұр…

Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button