Ардабектің жұлдызы жанды, Жұлдызайдың жігері мұқалды

Алтай елі өткен жылды айтыспен түйіндеді. Елдің бәрі Аяз атаның тақпағын таусап жүргенде, өскемендіктердің өрелі өнермен сусындағаны «Рухани жаңғырудың» бір шарапаты деп түйдік.
Тәуелсіздік тойына арналған бұл дәстүрлі дода соңғы алты-жеті жылдың еншісінде үзбей өтіп келеді. Тек биыл мүшәйра өтпей қалды. Бұрын осы айтыспен қатар өтіп келе жатқан жыр жәрмеңкесінің биыл неге күйісінен жаңылғаны жекелеген адамдарға ғана мәлім болар. Қалай десек те, поэзияның мықты толқыны қалыптасып келе жатқан Өскемен руханияты үшін бір әттеген-ай тұсы осы болды. Сонымен «Тәуелсіздік – жыр басы» атты облыстық айтысқа оралайық.
«Ертіс концерт» мәдениет үйінде өткен дүбірлі додаға он ақын қатысты. Кеш тізгінін айтыстың айбозы Серік Құсанбаев ұстады. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев, қатарында ұзақ жылдар мәдениет басқармасының тізгінін ұстаған Түсіпхан Түсіпбеков, «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі Азамат Қасым, айтыстың ардагері Дәмеш Омарбаева, ақын Гүлнұр Зұлқаршынқызы және Нұрсағила Серікбайқызы деген кісі отырды.
Айтысты ақтаңгер ақын Абаш Кәкенов арнау жырмен ашып, ізбасарларына сәттілік тіледі. Бұрын Өскемен өңірінде өтетін бұл айтыста ақындар сахнада жеребемен жұпталатын. Халық ақындардың тап бермедегі тартысына куә болатын. Бұл жолы айтыстың деңгейін көтергісі келген болар, қазылар алқасы күн бұрын жұптап қойыпты. Сонымен өткен жылғы осы айтыстың жеңімпазы глубокоелік Қуаныш Еркінұлы мен семейлік Нұрлан Бектас сөз бастады. Құрдастар арасында құрылған әзіл-қалжың үлгісінде өрбіген айтыста семейлік серінің бағы мен бағасы жоғары шықты. Екінші жұп болып ел алдында Құралай Камалиева мен Дәурен Сембайдың сөзі таразыға тартылды. Ақсуаттың абыройын асқақтатып жүрген Дәурен көптен бері көбең жүрген әйгілі Құралайға не айтар екен деген ел көңілі екеуінің айтысын қошеметтен кенде еткен жоқ. Жалпы айтысқа өз әуенімен, дара талантымен келген санаулы ақындар қатарынан саналады ғой Құралай. Осыдан жиырма жыл бұрын Алатау баурайында топ жарған қыз сол тебінін байқатты. Көп көңілінен шыққан айтыс болды. Дәурен өрелі өнер көрсетсе де, әпкесіне аталы сөзден есе жіберді. Қазылар алқасы осыны ескеріп, Дәуренге сәл төмендеу ұпай беріп еді, халық шу ете түсті. Бірақ елдің жөнсіздеу айғайға басқанын аңғарған қазылар алқасының төрағасы турасын айтып, елдің мысын оңай баса салды. Келесі кезекте арқалы ақын Фархат Маратұлы мен жас пері, көкпектілік Аян Қалымбек сөз қағыстырды. Фархат бабында екен. Жерлес інісіне көп күш жұмсамай-ақ, қажетті ұпайын алып екінші айналымның жолдамасына ие болды. Төртінші жұп болып зайсандық ақын Ардабек Ақбабаұлы мен семейлік Қуандық Кенжебекұлы шықты. Биылғы Глубокое, Зайсан аудандарында өткен айтыстардың бас жүлдесін иеленген зайсандық ақынның ел алдына шыға салып танытқан екпіні мен аяқ алысы ғажайып болды. Аузынан төгілген інжу сөздер түйдек-түйдегімен халыққа жетіп жатты. Тіпті нағыз ақынды көрген жұрт шуламай-ақ үнсіз тыңдайды екен. Тек әр тыныстағанда бір дүркіретіп қол соғады. Ел разы болды. Шынын айтқанда, қарсыласының не айтқаны есімізде қалмапты. Ақырғы болып семейлік Манарбек Сатыпалды мен өскемендік Жұлдызай Маратбекова ел алдында өнер көрсетті. Жалпы соңғы кездері Жұлдызай да ел назарына іліне бастаған. Өскемендік қыз бабында екен. Жігітті бірінші айналымға қалдырып, өзі келесі кезеңге кетті.

Екінші айналымда айтысты Құралай мен Нұрлан бастады. Әпке, бауыр арасындағы сыйласымды айтыс болды. Екпіні елді шулатқан Ардабек пен Дәурен үзеңгі қағыстырған. Бірақ бұл айтыста өзіне тең келетін ақын жоқтығын Ардабек тағы бір мәрте дәлелдеп тастады. Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, соңғы жұп болып Фархат пен Жұлдызай шықты. Қыз бен жігіттің әдемі айтысын көрсетті. Жалпы Фархат өрелі ақын ғой, он бес жасынан топ жарған тәжірибесі де жетерлік. Бүгінде Көкпекті ауданының мәдениет үйінде қызмет істеп жүрген замандасымыз көп уақыт салып барып айтысқа қайта оралды. Әйтпесе кезінде Жүрсіннің жүлде бермес жүйріктерінің бірі болғанын ел біледі. Сол даңқынан жас қыз ыққан жоқ. Керемет өнер көрсетті. Соңғы жылдары Өскеменнен ақын шықпай кеткеніне налып жүрген елге бұл үлкен қуаныш еді. Бірақ қазылар алқасы осы тұста оқыс мінез танытып, бір-біріне жалтақтай отырып баға көтеріп жас қызды «ұшырып» жіберді. Халық шулауға дәрменсіз, алдында орынсыз айғайға басам деп опық жеген ғой. Өскемен руханиятын дамытқысы келіп жүрген азаматтардың бұл қылығын түсінбей біз дал болдық. Тек Құсанбаев қана ақындар үшін шыр-пыр болып отырды. Қанша дегенмен осы айтыстың қыр-сырын білетін, қиянатын көп көрген ақын ғой…
Сонымен жарты миллиондық айтыстың бас жүлдесін Ақбабаның баласы талассыз алды. Бірінші орын Дәуренге, екінші орын Фархатқа бұйырды. Олар 300 мың және 250 мың теңгелік жүлдеге ие болды. 150 мың теңгелік үшінші орындар Құралай мен Нұрланның қанжығасында. Ал Жұлдызай «Шығыс Ақпарат» ЖШС тағайындаған 100 мың теңгелік арнайы жүлдеге ие болды. Жыламсырап тұрған ақын қызға «болашағың алда» деп жұбату айтқандай болдық. Ал қазылар «Жұлдызай ренжімейді, өзіміз ғой» деген уәж айтты. Егер өнерін өрістеткісі келген өзге өңір болса Жұлдызай шыңдала берсін деген мақсатта Ардабекпен бір айтыстырып алар ма еді?! Өскеменнен жарқ етіп шыққан ақындардың жалп етіп өшіп қалатыны айтысқа өзімсініп істейтін осындай «қамқорлықтан» болар, кім білсін?! Жалпы бұл айтыс облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттар басқармасының демеушілігімен өткенін айта кету ләзім.
Мұратхан Кенжеханұлы