Қоғам

Арда азамат еді

Қарақан басына да, елінің иығына да қандай ауыртпалық түссе де сыр бермейтін жаны жайсаң, пейілі кең, көңілі ақ азаматтар болады. Сондай жанның бірі Үржар ауданын ұзақ жыл басқарған Дүйсенбай Селиханов еді.

Еңбек жолын колхоз зоотехнигінен бастап, аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары секілді көптеген жауапты қызметтерді атқарып, жұрт құрметіне бөленген, облыстың және Үржар ауданының Құрметті азаматы атақтарының иегері Дүйсенбай Мағзұмұлының бұл жалғаннан өткеніне де екінші жылға аяқ басты. Келер ұрпаққа ізгілік пен адамгершілік ұрығын сепкен Дүйсенбай Селиханов арда азамат еді.

Мен Дүйсенбаймен 1976 жылы таныстым. Сол тұста мен «Қызыл тау қырандары» колхозында зоотехник едім. Екеуміз жақсы қарым-қатынаста болдық. Ол мені аға деп бағалады, мен оны іні деп сыйладым. Барлық қызық пен қуанышта бірге жүрдік. Ел ішінде бір ақылды тентектер болады ғой. Дүйсенбай ондай жандардың да асып кеткен шақтарына кешіріммен қараушы еді. Менің жанымда достығымыз жарасқан белгілі ақын, әнші, сазгер Құсмілия сері Нұрқасым болды. Дүйсекең екеуімізді жақсы сыйлады. Құсмілияның «ерке» мінезін де кешіре білді. Тіпті, бір кездері «Құсанның сағы сынып, Маймұрат ағасының тепкісіне түсіп кетпесін» деп, Семей қаласы мәдениет саласының басшысы болуына да ықпал еткен.

Жалпы, Дүйсенбай Мағзұмұлы Үржар ауданын басқарып тұрғанда бірде-бір адамды қуғындамағанын, керісінше жұмыстан босап қалған азаматтарға жұмыс тауып беруге ықпал еткенін біреу білер, біреу білмес.

– Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы 1992 жылы Алматыда өтті, – дейді сол жылдары Үржар аудандық әкімдігінің инспекторы болған Құсмілия Нұрқасым, – Тарбағатай бауырынан шыққан салқар көшті құрылтайға Үржар ауданының басшысы Дүйсенбай Селиханов бастап барды. Біз сол кезде ауданға қызметке жаңа келгендер едік. Дүйсенбайдың төңірегіне жиылған Рысқан Жағыпарқызы, Әсет Қылышханұлы, Аманғали Жақсыбаев, Бақтыбай Теңізбайұлы секілді қыз-жігіттер жұмысқа белсене кірісіп кеттік. Сол шақта алғаш рет Дүйсенбай Мағзұмұлының қарапайымдылығына көз жеткіздім. Аудан басшысымын деп шіренбей, жігіттермен бірге киіз үйіміздің «отымен кіріп, күлімен шықты». Сол жолы Дүйсенбайдың ақыл-парасатына, кеңдігіне, адамгершілігіне ризалықпен қарап, артынан еруге болатын көшбасшылығына көзіміз жетті.

Ол 1952 жылы Ресейдің Алтай аймағының Шипунов ауданындағы Вахитов деген ауылда туған. Атасы Селиханның кіндігінен төрт бала тараған – Әбдірахман, Ахметжан, Мапруза, Мағзұм. Бұлардың туған жері Павлодар облысы болатын. Алмағайып заманда Селихан балаларын ертіп, Ресейге қоныс аударады. Әкесі Мағзұм 1918 жылғы, шешесі Сафура 1920 жылғы болатын. Селихан мен Сафура 1939 жылы отбасын құрады. Мағзұм 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де жоғары білімді. Бүгінде Мағзұмнан 22 немере, 30 шөбере тарап отыр.

Алты ұл мен үш қыздың ортаншысы болып өскен Дүйсенбай 1975 жылы Семей малдәрігерлік институтын қызыл дипломмен бітіреді. Сол жылдың күзінде Үржар ауданының «Ленин» (Науалы) колхозында еңбек жолы басталады. Осы колхозда 7 жыл зоотехник, 6 жыл колхоз бастығы қызметін атқарды. Кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық халық депутаттары кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болды. Сосын Үржар ауданы әкімдігі басшысының бірінші орынбасары, Үржар ауданының әкімі болды. 2001 жылы Заң академиясын аяқтады. Бірер жыл облыс әкімінің орынбасары болды. 2007-2009 жылдары облыс бойынша көші-қон департаментінің басшысы, 2009 жылдан зейнетке дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. 2017 жылдан облыс әкімінің кеңесшісі, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басшысының кеңесшісі болды. Зейнетке шыққаннан кейін де облыстық деңгейдегі қоғамдық жұмыстарға араласып, азаматтық ұстанымын таныта білді. Дүйсенбай Мағзұмұлының еңбегі лайықты бағаланып, көптеген марапаттар мен медальдардың иегері болды.

Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Кей сәттерде көңіл-күйі болмай, іштей күйзеліп жүрсе де сыр білдірмейтін. Өмірлік жары, танымал ұстаз Шолпан Сләмғалиқызын қатты сыйлады, балалары мен немерелерін жанындай жақсы көрді. Қызы Әлмира, ұлы Жәнібектен алты немересі бар. Балаларының бәрі де өмірден өз орындарын тапқан.

Бейсен Мұхаметжанов, Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button