Қоғам

Арбат ашылды, енді бульвар салынады

Жамбыл  және Жастар саябағын жалғап жатқан Бейбітшілік көшесі Өскемен шаһарының  шығармашыл жастары жиналатын орынға айналмақ.  Сәні мен сәулеті жарасқан Арбат үлгісіндегі  көшеде ол үшін барлық жағдай жасалған.

Мұнда   көктемде басталған құрылыс жұмыстары аяқталып, 20 шаршы метр аумақта  жайлы демалыс орны пайда болды. Заманауи үлгідегі орындықтар мен субұрқақтар, жаттығу орындары және балалар алаңы қала күні қарсаңында ашылған Арбатқа жиналған халықтың көңілінен шыққан тәрізді.

-Өскеменде 40 жыл тұрамын. Шынын айту керек, қала соңғы жылдары ажарланып келеді. Саябақтарымыз қандай! Көшелеріміз кеңейіп жатыр. Енді, міне, Арбат ашылды. Халықтың жайлы демалысы үшін жағдай жасалып жатқандығы қуантады,-дейді қала тұрғыны Алмагүл Сейсенбаева.

Ал әлемнің көптеген еліне саяхаттаған Қамбар Елшібаев деген жерлесіміз Өскемен Арбатының да шетелдегіден кем болмасын қалайды.

-Париж, Барселонаны дамыған елдердің қаласы  дерміз. Бірақ ол жақта да біз сияқты адамдар тұрады. Олардың Арбатында  көбінде кәсіби суретшілер мен әншілер емес, әуесқой жастар өз өнерлерін көрсетіп, туындыларын жұрт назарына ұсынып жатады. Өскеменнің Арбаты сондай болса деймін. Жастарымыздың бөлісер дүниелері де аз емес деп ойлаймын. Қазір халықтың көбі мұражай мен театрға, концерттерге бармайды. Рухани азық алатын аспан астындағы осындай орта керек тұрғындарға, – дейді ол.  

 Сол күні-ақ айналасы атшаптырым алаңда жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылар дәріптеліп, бейнелеу өнерінің алуан түріне толды.  Сондай-ақ қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, қала тұрғындары өздеріне ұнаған заттарды сатып алып жатты. Тұрғындардың бір шоғыры скрипкашының өнерін тамашалап жатса, енді бір тобы ұлт аспаптар ансамблінің музыкасына елітіп тұрды. Ал жастардың назарын өзіне аударған сиқыршы баланың өнері болатын.

Халықты құттықтауға келген аймақ басшысы Даниал Ахметов дәл осындай мәдени орын болашақта Семей қаласында да ашылатындығын, шаһардағы абаттандыру жұмыстары жалғасатындығын атап өтті.

-Өмір сапасын жақсарту деген балабақша ашу, жолдарды жөндеу, сапалы медицинамен қамтамасыз етумен қатар, халықтың рухани демалуына да жағдай жасау. Арбат көшесін жабдықтаудағы мақсат осы болатын. Мұндай жер Лондон, Париж, Мәскеуде де бар. Өзіміздің Алматы қаласындағы Арбат та қазір халықтың ең көп жиналатын мәдени демалыс орнына айналғанын жақсы білесіздер. Тұрғындар үшін, жастар үшін жасалған бұл көше де осындай жанымызға жақын ортаға айналады деп үміттенемін,-деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ аймақ басшысы алдағы уақытта   жаңа бульвар салу жоспары бар екендігін айтты.  Новаторов пен Буров көшелерінің қиылысында салыну тиіс демалыс орны облыстағы ғана емес, еліміздегі бірегей бульварлардың бірі болмақ.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button