Қоғам

Қарбалас жұмыс бел ортасынан ауды

Қарбалас жұмыс бел ортасынан ауды


Аудан диқандары ауа райының жауын-шашынды болғанына қарамай егіс алқаптарына түрен салып, жер жыртып, тұқым себу жұмыстарын әлдеқашан бастап кеткен болатын. Өңірдің кейбір шаруашылықтары осы күндері бұл қауырт жұмыстың ортан белінен асты.

Биыл ауданда 188520,3 гектар аумаққа тұқым себілмек болса, қазір оның 120288,3 гектарына тұқым егіліп болды. Ауданда егістікті әртараптандыруға ерекше назар аударылып отыр. Күнбағыс алқабын біршама азайту жоспарға алынған. Жер өңдеу жүйесінің ғылыми негіздеріне сәйкес 2017 жылы күнбағыстың егіс алқабы 76699,8 гектар болса, биыл 4942,8 гектарға азайтылды. Соның өзінде күнбағыс дақылы ауданымыздың егіс алқаптарының 38% алып отыр.

Көктемгі дала жұмыстары басталғанда 109,2 мың гектар аумаққа ылғал жабу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 60,2 мың гектар сүдігер, 43,9 мың гектар көпжылдық малазықтық дақылдар, 5,1 мың гектар күздік бидай. Өңірімізде күздк бидай 5,1 мың гектар жерге егілген, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 0,4 мың гектарға артық.

Топырақ құнарлығын арттыру мақсатында қолданылатын минералдық тыңайтқыштарға ауылшаруашылық құрылымдарымен биыл 5,1 мың тонна тыңайтқыш әкелінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 0,4 мың тоннаға көп.

Аудан бойынша 2018 жылдың көктемгі егіс жұмыстарына 7,3 мың тонна дәнді дақылдар тұқымы дайындалған «КазАгрЭкс» АҚ Үржар аудандық филиалының зертханасының берген мәліметі бойынша, тексерістен барлығы 7,5 мың тонна дәнді дақылдар тұқымы өтті. Бұл – тұқымның қажетті мөлшерінен 103% артық. Тексерілген 7525 тонна тұқымның 400 тоннасы бірінші класты, 5197 тоннасы екінші класты, 1928 тоннасы үшінші класты тұқымдар.

Өткен жылы жаздық бидай 31610,6 гааумаққа себіліпті. Биыл 32172,0 гектарға себілмек. Осы мезгілге дейін 25444 алқапқа бұл тұқым дәні сіңірілген. Арпаның аумағы 12654,0 гектар болса, оның 10672 гектарына арпа тұқымы егіліп, қалған аумақты игеру жүріп жатыр. Сонымен қатар майлы дақылдарды егу де қарқын алып келеді. 2017 жылы 83138,8 гектарға бұл тұқым түрін себу толық қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылы 78525 гектар атырапқа себілуде.

Көктемгі дала жұмысында жүрген техникаларды дизель отынымен қамтамасыз ету үшін шаруашылықтарға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан қажетті мөлшердің 3160 тоннасы бөлінді.

Ауданда көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтар да баршылық. Қазір өлкеміздің ауылдық округтері бұл пайдасы мол іске кірісіп те кетті. Мысалы, Науалы елді мекені 48 гектар жерге картоп егуді жоспарласа, оның 46 гектарын орындап та үлгерді. Сол сияқты Қабанбай ауылы межеленген 82,0 гектардың орнына 85,0 гектар картоп егіп болды. Ал Қарақол округі 67,0 гектарға картоп отырғызуды жоспарласа, бүгіндері оны толық орындаған.
Бұл күндері ауданның барлық күші егін себу науқанына жұмылдырылған. Қазір көктемгі қауырыт та қарбалас жұмыс бел ортасынан ауған.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button