Қоғам

«Қаражыра» көмір жеткізу көлемін арттыруы тиіс

«Қаражыра»  көмір жеткізу көлемін арттыруы тиіс
Өткен жыл өңір тұрғындары үшін сабақ болған сияқты. Ұзаксонар кезекте тұрып, көмірге қол жеткізе алмай әлек болған олар биылғы қысқа мамыр айынан қамдана бастады.
Қазір өткен жылыту маусымындағы келеңсіздіктердің алдын алу үшін өңір тұрғындарын, жылу орталықтары мен әлеуметтік нысандарды көмірмен жоспарлы түрде қамтамасыз ету бақылауға алынды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың қатысуымен өткен кеңесте облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев өңір үшін алдағы жылыту маусымына 1 млн. 232 мың тонна көмір қажет екендігін атап өтті. Оның 122 мың тоннасы бюджеттік ұйымдарға тиесілі. Өткен жылғыдай дүрбелең тудырмай, осы мөлшердегі көмірмен тиісті мекемелер мен тұрғындарды қамтамасыз ету үшін облысқа тәулігіне 45 вагон көмір жеткізілуі тиіс. Оның 25 вагоны Өскемен қаласын қамтамасыз ету үшін қажет.
– Алдағы жылыту маусымына қажетті көмір мөлшерін жеткізу жөнінде тиісті кәсіпорындармен келісімшарт жасалды. Бүгінге дейін облысқа 142 170 тонна көмір жеткізілді. Күн сайын мониторинг жасап, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз,-дейді басқарма басшысы.
Мұрат Мұсатаевтың мәліметіне сүйенсек, осы айда «Қаражыра» АҚ келісім бойынша 565 вагон көмір жеткізуі тиіс болатын. Алайда бүгінгі күнге дейін оның тек 369 вагоны келіп жетті. 26 шілдедегі жағдай бойынша жоспар 200 вагонға кем орындалып жатыр.
– Бұл – 2900 отбасы осы айда көмірге қол жеткізе алмады деген сөз. Бұл мәселе «Қаражыра» АҚ мен «Қазақстан темір жолы» компаниялары жұмысының жүйесіздігінен туындап отыр,-дейді басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ ведомствоға «Қаражыра» акционерлік қоғамынан өңірге қанша тонна және вагон көмір жөнелтілгені, өңір кәсіпорындарының қаншасымен келісімшарт жасалғаны жөнінде ақпарат түспей жатқандығын да қадап айтты.
Қатты отынның келісілген мөлшерде келмей жатқанын өңірге көмір жеткізумен айналысатын «ВЭУС» ЖШС бастығы Иван Тимофеев те мекемеге арнайы барғанымызда айтқан болатын. Иван Тимофеевтің айтуынша, келісім бойынша «Қаражыра» АҚ қоғамы шілде айында 37 мың тонна көмір босатуы тиіс болаған. Осы айдың он жетісіндегі жағдай бойынша оның 18 мың тоннасы жеткізілді.
– Қазірдің өзінде көмір тиейтін орындарда жүк мәшинелері кезекте тұр. Күн сайын келетін вагондар жарты күнге жетпей түгесіліп қалады. Дегенмен өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда биыл көмір сатып алушылар екі есе көп екендігін де ескеру керек. Мәселен, маусым айында жүк мәшинелері 30 мың тоннаға жуық көмір тиеп әкетті. Жалпы, соңғы 13 жылда шілдеде мұнша көмір сатылмаған, – деген-ді «ВЭУС» ЖШС кәсіпорнының басшысы Иван Тимофеев.
Өңірге әлеуметтік көмірдің де кесте бойынша жеткізілмей жатқанын өткен аптада жылыту маусымына дайындықты пысықтауға арналған кеңесте Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құдияров та атап өткен. Бауыржан Құдияровтың айтуынша, көмір ең алдымен жеке кәсіпкерлік нысандарына емес, әлеуметтік аз қамтылған топтарға босатылуы тиіс.
– Бір ғана Өскемен қаласында әлеуметтік көмір алушылардың саны 6 мыңнан асып жығылады.Күзде дүрбелең тудырмай, оларды көмірмен уақтылы қамтамасыз ету үшін күніне кем дегенде 400 тонна көмір босатылуы керек. Өткен айдың соңында «Қаражыра» АҚ меморандумға қол қойды. Осы 20 күннің ішінде келіп түскен 870 арыздың тек 200-іне көмір жеткізілді. Демек 20 күнде біз күніне 50 тонна ғана көмір алдық,-деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың осы мәселеге байланысты «Қаражыра» АҚ жасаған ескертуінен кейін кәсіпорын өкілі Алмат Арсыланбаев тамыз айында облысқа жөнелтілетін көмірдің жоспары артатынын алға тартты. Оның айтуынша, Семей қаласын қоспағанда облысқа 68 мың тонна көмір жеткізілмек. Ал Семейге 17 000 тонна қатты отын жеткізу қарастырылған. Жиын барысында «Қаражыра» АҚ тамыз айынан бастап облыс қажеттілігі үшін тәулігіне 40 вагон көмір жөнелту жөнінде уәде берді. Оның 20-сы Өскемен қаласына тиесілі болмақ.
«Қаражыра»  көмір жеткізу көлемін арттыруы тиіс
Жиында мәлім болғандай, бүгінгі күні облыстың денсаулық сақтау мекемелерінің алдағы жылыту маусымына дайындығы 92 пайызды құраса, әлеуметтік нысандар қысқа толықтай дайын. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаевтың айтуынша, облыстағы жылу энергетикалық орталықтар мен қазандықтарда дайындық жоспарға сәйкес жүзеге асып жатыр. Дегенмен Семей қаласының «Теплокоммунэнерго» кәсіпорнында бірқатар мәселелер туындап отыр. Кәсіпорынға жаңа құрылғылар қажет болса, оның бюджеттік ұсынысы тек алдағы мәслихатта қарастырылады. Қаржы бөлінгенше күн де салқындап кетуі мүмкін дейді кәсіпорын өкілдерді.
Облыстың білім беру мекемелерінің де жылыту маусымына дайындығы ақсап тұр. Бүгінгі күні олардың тек 55 пайызы қысқа әзір. Жалпы, облыстағы 959 білім беру мекемелерінің 364-і ғана орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылған. Қалғаны жергілікті қазандық арқылы жылытылады. Алдағы жылыту маусымы үшін облыстың білім беру мекемелері 1,68 миллиард теңгенің көмірін сатып алулары тиіс. Өңірдің он ауданы осы мақсатта келісімшарт жасаса, бесеуінде қаржы тапшылығы туындап отыр. Бұл жөнінде алдыңғы аптада өткен жиында қаржы басқармасының басшысы Лязиза Кенжетаева айтқан болатын. Соңғы кеңеске қатысқан білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова аталған бес аудан бойынша бюджеттік ұсыныс жасалғанын атап өтті.
Өңірдің жылыту маусымына дайындығын пысықтаған облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жылыту орталықтары мен қазандықтарының жағдайын бақылауға арналған жұмыс тобын құруға тапсырма берді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button