Қоғам

Қаражатсыз кәсіп бастағыңыз келсе…

Қаражатсыз кәсіп бастағыңыз келсе...


Бүгінде жеке кәсіп ашып, ел экономикасының дамуына үлес қосқысы келетін жастар көп. Алайда олардың дені ойдағы бизнес жоспарын іске асырайын десе, қаржы жағы қолбайлау болып жатады. Ал мұндай жағдайда қайтпек керек? Біз осы мәселе жөнінде кеңінен тарқатып айтып береміз.

Грантты қалай ұтып алуға болады?

Көк тиынсыз да кәсіп бастауға болады. Сенесіз бе? Сенбесеңіз, онда облыстық кәсіпкерлер палатасына барып, мамандардан кеңес сұрап көріңіз. Мұндағы қызметкерлер сізге жеке кәсіпті қалай бастау керектігін бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп береді. Егер қолыңызда қаражат жеткіліксіз болса, уайымдамаңыз. Өйткені еш салымсыз да кәсіп бастауға болады.

– Жеке бизнес ашу үшін жүйелі түрде бизнес-жоспар құру қажет. Өйткені бұл қаржыны үнемдеп, рет-ретімен жұмсауға, ісіңізді жүйелеуге септігін тигізеді. Тым болмағанда, күнделік бастап, оған күн сайын қанша қаражат жұмсадыңыз, сондай-ақ кәсібіңізді ілгерілету үшін қандай қадам жасағаныңыз жөнінде жазып отырсаңыз, бұдан еш ұтылмайсыз, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, жас кәсіпкерлер мектебін ұйымдастырушы Елена Березинская-Абилова.

Қаражатсыз кәсіп бастағыңыз келе ме? Ендеше, «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында тегін білім алып, маркетинг пен қаржыны тиімді жұмсаудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп алуға болады. Бұдан бөлек, бұл курсқа қатысушыларға клиент тарту, бизнесті жүргізудің құқықтық негіздері сияқты бірқатар пән оқытылатынын атап өткен орынды. Биз¬нес-тренингті тәжі¬ри¬-белі мамандар жүргізеді. Оқу аяқталғаннан кейін жобаның қатысушыларына арнайы сертификат беріледі. Ал курста тегін білім алуға болады.

Ескерте кететін бір жайт, егер сіздің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында грант алғыңыз келсе, «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында міндетті түрде түрде білім алғаныңыз жөн. Мұның сертификаты сізге қажет болады.

– Жеке бизнесті ашу үшін «Не нәрсеге бейімсіз, қандай қабілетіңіз бар?» екенін алдын ала анықтап алу керек. Одан кейін бизнес-жоспар құрып, шығынға батпаудың жолдарын қарастырып, сенімді серіктестер табыңыз. Егер алға қойған мақсатыңыз айқын болмаса, жеке бизнес ашудан еш пайда жоқ. Өйткені бұл құр шығын, – дейді Елена Березинская-Абилова.

Айта кетейік, «Бизнес-бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері курсын тегін оқуға болады. Оған қатысушыларға жеңілдетілген пайызбен несие беріледі. Мұндағы басты мақсат – еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, жеке кәсіп ашуға қолдау көрсету.

– Жас кәсіпкерлердің үздік жобаларын таңдап, оларға қайтарымсыз қаражат беріледі. Алайда оған қол жеткізу үшін бизнесмен бәсекеге қабілетті болуы тиіс, – дейді Елена Березинская-Абилова.

Бизнесіңізді тегін заңдастырыңыз

Енді жеке кәсіпті тіркеу үшін мемлекеттік мекемелердің есігін тоздырып, сағаттап кезек күтудің мүлдем қажеті жоқ. Өйткені, бұл шаруаны үйден шықпай-ақ тындыруға болады. Ол үшін сіздің электронды цифрлық қолтаңбаңыз қажет. Сонда барлық жұмысыңыз бір мезетте шешіледі.

– Еlicense.kz сайтына кіріп, жеке кәсіпті тегін заңдастыруға болады. Бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, электронды үкіметтің көмегімен санаулы секундта басқа да қажетті анықтамаларды алуға болады. Сондай-ақ балаңыздың балабақшадағы кезегін де қарап отыруға мүмкіндік бар. Бұл үшін баланың ЖСН-ін немесе туған жылы мен күнін, аты-жөнін енгізу қажет. Қорыта айтқанда, «Электронды үкімет» порталының тиімді тұсы көп, – дейді тәжірибелі кәсіпкер.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының тиімділігін көріп отырған кәсіпкерлер көп. Солардың бірі – Әмина Қайратқызы. Ол – жеке кәсіпкер. Бос уақытында тәтті-дәмділерді пісірумен айналысады. Оның қолынан шыққан торттың бір келісі 3500 теңге тұрады.

– Бір тиынсыз кәсіп бастадым. Өйткені маған керекті заттың бәрі үйде бар. Бір жылдан бері декреттік демалыстамын. Негізгі мамандығым – мұғалім. Шынымды айтсам, бастапқыда тәтті-дәмді пісіру менің хоббиім болған. Кейін жеке кәсібіме айналды, – дей келе Әмина «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында үйден шықпай-ақ жеке кәсібін тіркеп, уақытын үнемдегенін айтты.

Ісім өнсін десең, ретін тап

Біздің облыста бизнестің қай түрімен айналысқан тиімді? Жеке кәсіп бастамай тұрып, делдал болып жұмыс істеу дұрыс па? Бұл туралы біздің оқырмандарға Елена Березинская-Абилова түсіндіріп берді.

– Жас кәсіпкерлер «Fashion» индустриясы мен ІТ-технология саласын дамытуға бет бұрса, дұрыс болар еді. Өйткені одан түсетін пайда да шаш етектен. Тек ебін тауып, еңбек ету керек, – дейді ол.

Өңірдегі шалғай елді мекендерде киім дүкендері мен фото-видео студияларын ашу да тиімді бизнес көзі болып саналады. Себебі кім-кімге болсын қалаған затын жақын маңнан сатып алған әлдеқайда жеңіл емес пе?!

– Бизнес бастау үшін ең алдымен делдал болып жұмыс істеп көру керек. Сол кезде сіз бұл кәсіптің қыр-сырын терең меңгеретін боласыз. Сөйтіп, тәжірибе жинақтайсыз. Ал егер ісіңіз оң нәтиже көрсетсе, онда бұл шаруаға инвестор тарту оңай болады. Өйткені демеушілік ететін кәсіпкер де құр сөзден гөрі, нақты істі көргісі келеді, – дейді ол.

«Ісім өнсін десең, ретін тап», – деген екен кезінде хакім Абай. Сол себептен ретін тапсаңыз, барлық алға қойған жоспарыңыз орындалады. Ал жетістікке жету үшін «пәлен жоқ, түген жоқ», «анау болғанда, мынау болмағанда» деп сылтау айтуға болмайды дейді психолог мамандар.

– Жеке бизнеспен айналысқысы келетін кәсіпкер: «Қоғам не нәрсеге мұқтаж? Тұтынушылар арасында қандай тауар түрлеріне сұраныс көп?» деген сауалдардың жауабын тапса, сөзсіз табысқа кенеледі. Осы орайда тұтынушылар арасында сауалнама жүргізіп: «Не қалайсыз?» деп сұраудан еш пайда жоқ екенін атап өткен орынды. Өйткені сіз сол ойыңызды жүзеге асырғанша, тұтынушының талғамы өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Сол себептен жеке кәсіпті ашу үшін бизнес-жоспарды жүйелі түрде құру керек, – дейді Елена Березинская-Абилова.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері үйде отырып-ақ айналысуға болатын кәсіп түрлерін атап өтті. Мәселен,
қолөнер бұйымдарын жасап, тәтті-дәмділерді пісіріп, автокөлік жөндеп те пайда табуға болады. Мұның өзі бизнес дейді мамандар.

– Қай салада кәсіп ашасыз, қаржының көлемі соған байланысты. Ал, жалпы алғанда, менің ойымша, қаржысыз да кәсіп ашуға болады. Мысалы, бейнеролик түсіретін компания ашу үшін қандай қаржы керек? Ешқандай. Тапсырыс аласыз да, қажетті мамандарды жалдап жұмыс істей бересіз, – дейді жас кәсіпкерлер мектебін ұйымдастырушы.

Біле жүріңіз:

– Жеке кәсіпті бастау үшін алғашқы капиталды есептеп, алдағы екі айдың шығынын да ескеру керек.

– Салықты уақытында төлеп, арнайы төлемдер мен еңбекақыны уақытында беруді дағдыға айналдыру қажет.

– Қарыз алып, кәсіп бастауға болмайды. Өйткені бұл жаңадан құрылып келе жатқан бизнеске кедергі келтіреді.

– Кәсіпкерлікте айтарлықтай тәжірибеңіз жоқ болса, тәуекелдерді азайту үшін неғұрлым аз қаржы кететін кәсіп түрін таңдау керек.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button