Арайлымның айтары көп
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбековамен кездесу өтті. Жиында жастардың өзін-өзі дамытуы, жеке қасиеттерін шыңдауы туралы айтылып, волонтерлік мәселесі талқыланды.
Бұл – Арайлым Керімбекқызының елордада Президент қолынан «Құрмет» орденін алғаннан кейінгі жұртшылықпен алғашқы сұхбаты.
– Мен үшін бұл кездесу ерекше. Жиналған қауыммен өткен күндер эмоцияларымен бөлістім. Аманжолов университетінің студенттері әрдайым алдыңғы қатарда екенін білемін, маған олардың қойған сұрақтары ұнады. Ең бастысы – ерінбей еңбек ету, сонда алынбайтын асу болмайды, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры.
Жастар саясаты саласында отыз жылдай қызмет етіп келе жатқан Арайлым Керімбекқызы кездесуде өзінің жетістікке жету жолын баяндап, өмірлік және кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Студенттер үшін бұл – зор мотивация.
– Жүздесуден көп ой түйдік, өйткені бейресми жиындар әрқашан ашық әрі шынайы өтеді. Арайлым Керімбекқызы – көшбасшылық қабілетке ие әрі нағыз үлгі тұтуға лайық тұлға, – дейді екінші курс студенті Таңат Қайратов.
Кездесу аясында «Шабыт» байқауының жеңімпаз журналистері сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орынды «Менің өлкем» газетінің бас редакторы Талғатжан Мұхамадиев, екінші орынды 24.kz телеарнасының меншікті тілшісі Әнел Есенбердина мен Inbusiness.kz сайттың меншікті тілшісі Жанар Асылханова, үшінші орынды облыстық DIDAR газетінің журналисі Ержан Әбіш иеленді.
– Жастар ресурстық орталығы директорының студенттермен кездескеніне қуаныштымын. Арайлым Керімбекқызы біздің студенттерді, олардың бастамаларын әркез қолдап отырады. Сондай-ақ бұқараға жедел әрі шынайы ақпарат таратып, қоғамдағы әр оқиғаны көпшілікке түсіндіріп жүрген журналистерді марапаттадық. Бұл мамандық иелерін бағалау керек, – деді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Шара соңында университет ректоры Арайлым Есімбековаға алғыс білдіріп, оқу орнының дамуына қосқан үлесі үшін оны Абай төсбелгісімен марапаттады.
Ержан Кеңесұлы