АРАЙЛЫМНЫҢ НАНДАРЫ СӨРЕДЕ ЖАТПАЙДЫ
Тұғыл ауылдық округіне қарасты Байтоғас ауылында жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып жатқандар қатары артып келеді. Жақында шалғайдағы ауылда болғанымызда оған көз жеткіздік. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын 10 адам бір-екі жылда 11 миллион теңгенің несиесін алып, шаруаларын шалқытып жатыр. Солардың бірі-Арайлым Асаубаева.
Арайлым тура үйінің жанынан наубайхана ашып алыпты. Шағын ғана бір бөлме жинақы, нанның хош иісі мұрынды жарады. Қып-қызыл болып торсиып піскен нанның бес-алты бөлкесі ғана қалыпты. Қалғандары сатылып кеткен.
-Бұдан екі жыл бұрын аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша алты пайыз жеңілдікпен бір жарым миллион теңге несие алдым. Мына тұрған қамырды көтеретін арнайы қондырғы, қалып, электр қуатымен нан пісіретін пеш-Ресейдікі. Бір мезгілде 72 нан пісіре аламыз. Нанды ауыл тұрғындары сатып алады. Еркінбек Кітапбаев деген азамат та наубайхана ашып алды. Қазір бұрынғыдай алыстан тасымаймыз, жерлестерім бізге алғыстарын білдіріп жатады,-дейді Арайлым.
«Бір жарым миллион теңгенің алты пайызы бес жылда 200 мың теңгені құрайды екен. Бұл көп емес»,- дейді жанымдағы аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев. Ержанның айтуынша, бұрындары несиеден жүрексінетін ауыл тұрғындары қазір алуға көмек жасаңыздар дейтін көрінеді. Несие алып, ауданда екі жылыжай ашып жатқан аудан тұрғындарымен кездестік. Олар – Тайжүзген және Тұғыл ауылдарының тұрғындары екен. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деп хакім Абай айтқандай, аудан тұрғындарының наубайхана, кондитерлік цех, кірпіш шығаратын цех, басқа да нысандарды пайдалануға беріп, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқаны көңілген қонымды-ақ.
Тарбағатай ауданы.
Оңдасын ЕЛУБАЙ
Суретте: наубайхана ашып алған Арайлым Асаубаева. Сурет автордікі.
Сур. Почта Дидар, 2017-03-13, DSC 08832.