Қарауылдың ерке қызына елі ерекше ілтипат көрсетті
Ұлттық кино өнерінде қазақ әйелінің рөлін сан қырынан сомдап, қайталанбас ерекше бейнелер жасай білген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы қарсаңында Қарауыл төрінде әйгілі актрисаның ескерткіш бюсті ашылды. Қазақ киносының жұлдызына айналған әйгілі тұлғаны жерлестері ерекше қошеметпен еске алды.
Жүзі жайдары, көңілі ақ, күлкісі ерекше талант иесін күллі халық көгілдір экран арқылы жақсы танығанымен, Әмина апамыздың Қарауылдың ерке қызы екендігін көпшілігі біле бермейді. Мақтан тұтар даңқты жерлестеріміздің көш басында тұрғаны да Әмина Өмірзақова екені рас. Осы ретте игілікті іске бірінші кезекте аудан басшылығының ұйытқы болғанын ерекше атап айтқанымыз жөн. Өнер әлеміндегі даңқты жерлесіміз 50-ден астам кинофильмге түсіпті. Сонымен қатар, театр сахнасында да тамаша рөлдерімен көрермен жадында мәңгіге жатталып қалған.
Біртуар талант иесін еске алуға арналған мерекелік кешке актрисаның туыстары, әріптестері, ізінен еріп, тәлімін көрген шәкірттері арнайы келіпті. Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Қазақфильмнің» алтын қоржынындағы «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың рөлін тамаша сомдаған Әлімғазы Райымбеков те арнайы келіп, шараның ауқымын еселей түсті.
Әмина Өмірзақоваға арналған ескерткіш-бюстің ашылуына ауданның белді кәсіпкерлері мен мекеме қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын аударып, демеушілік жасаған еді. Аз уақыттың ішінде әзірленген мүсіннің ашылуына алыс-жақыннан меймандар көп келді. Аталмыш шараға Өскеменнен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов және ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, актрисаның туыстары мен Қарауыл ауылының жұртшылығы жиылды.
Ескерткіш тақтаны ашу құрметіне Әнуарбек Мұхтарханұлы мен аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков және осынау шара мейманы, актер Әлімғазы Райымбеков ие болды.
Әмина апамыздың мүсінінен де дәл өмірдегі тәрізді аналық мейірім төгіліп тұрғандай. Қонақтар ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым білдірді.
Бұдан соң жиналған көпшілік алдында аталмыш шараға ұйытқы болған бастамашылардың бірі, өнер мен мәдениет жанашыры, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сөз алып, осынау игілікті істің мән-маңызына тоқталып, демеушілік жасап, қолдау білдірген ауданның атымтай жомарт азамат тарына ризашылығын жеткізді.
Сондай-ақ, ескерткіш жанындағы шағын жиында Әмина апамыздың әріптесі әрі шәкірті болған актер Әлімғазы Райымбеков те сөз алды.
Қазақ киносына ерекше леп әкелген, өзіндік қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Әмина Ерғожақызы жайында тебірене сөйлеген ізбасары өзінің 15 киноға түскендігін айта келе, актерлік өнерде Әмина апамыздың берген ақыл-кеңестері мен тәлім-тәрбиесінің ерекше көмек болғанын айтты. Халықаралық Абай қорының президенті, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Отантай Кәріпжанұлы да Әмина апамыз туралы естеліктерімен бөлісті.
Осыдан кейін аудандық Мәдениет үйінде Әмина Өмірзақоваға арналған еске алу кеші өтті. Шара барысында қазақ киносының жұлдызы жайында тұшымды пікір, ескірмес естеліктер легі ақтарылды. Әсіресе, танымал ғалым Арап Сләмұлының өнер иесінің өмірбаянын қамтыған баяндамасын көпшілік ұйып тыңдады. Әмина апамыз кәсіби шеберлігін жетілдіру жолында көп ізденген жан. Сонау 1938 жылы Ленинград төріндегі мемлекеттік сахна өнері техникумының қазақ студиясын бітіруі соның айғағы. Апамыз сонымен қатар Шымкент облыстық драма театрында, «Қазақфильм» киностудиясы мен балалар мен жастар театрында көп жылдар бойы еңбек еткен болатын. Кино әлеміндегі жарқын жетістіктері үшін алған ордень, медальдары бір төбе. Кеш барысында аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков құттықтау сөз сөйлеп, апамыздың өнегесін көрген ең жақын шәкірті Әлімғазы Райымбековке құрмет-қошеметпен иығына шапан жауып, ат мінгізді.
Әлбетте, Абай еліндегі қандай мәдени шара болмасын ән мен жырсыз өтпейтіндігі белгілі. Осынау кеш барысында да «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблі мүшелерінің күшімен әзірленген мерекелік концерт көпшілік назарына ұсынылды. Бір айта кетерлігі сол, «қаламқастықтар» Әмина апамыз қатысқан спектакль мен кинодағы бейнелерді де сомдады. Біз мұны Әмина Өмірзақованың талантына, оның қазақ киносындағы қалдырған бай мәдени мұрасына деген ерекше құрмет деп білдік.
Тоғжан Рахымбекқызы
Абай ауданы.