Қоғам

Қарауылдағы жәрмеңке қанатын кеңге жайды

Қарауылдағы  жәрмеңке қанатын кеңге жайды

Шыңғыстау-2014

Ертедегі Қоянды, кешегі Қараөткел жәрмеңкелерінің тарихи жалғасына айналған Қарауылдағы дәстүрлі Шыңғыстау жәрмеңкесі кеше осымен екінші рет қана өткізіліп отырғанымен, өзінің сән-салтанатымен, халықаралық ауқымымен келушілерді таң-тамаша қалдырды. Аталмыш шараның ашылуына қатысып, жәрмеңкені бастан-аяқ аралап шыққан облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ауданның өзге ауылдарындағы да болып, бірнеше әлеуметтік нысандарда да болды.

Саржалда ауылдық клуб ашылды

Қарауылдағы  жәрмеңке қанатын кеңге жайды

Әуелі облыс басшысы Саржал ауылындағы клубтың ашылу салтанатына қатысып, жаңадан салынып жатқан білім ошағының құрылысымен танысты. Осыдан екі жыл бұрын саржалдықтар аймақ басшысымен кездесу барысында ауылға мәдениет ошағының қажет екенін, ал 1971 жылы іргесі қаланған 500 орындық мектеп оқушыларға тарлық етіп отырғанын мәселе етіп көтерген. Сол тілек кеше орындалып, ауылдық клуб қолданысқа берілсе, 320 орындық мектептің құрылысы алдағы үш айдың ішінде аяқталуы тиіс. Бұрынғы сауда үйінің ғимараты «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында мемлекет меншігіне беріліп, мәдениет ошағы ретінде қайта жарақталған. Бұдан былай саржалдықтар бос уақытын осындағы кітапхана мен шахмат-дойбы залында немесе бильярд бөлмесінде өткізе алады. Ал балет биіне қызыққан жеткіншектердің арнайы үйірмеге жазылуына болады. Осы ауылдың тумасы, белгілі филолог, профессор Арап Еспенбетов клубтың кітапханасына өзінің жеке қорынан 200 кітап табыстапты.
Жаңа мәдениет ошағына көзайым болған қуанышты халықпен облыс басшысы клубтың акт залында кездесті.
-Елдің абыройын асырып, тәуелсіздігінің баянды болуына әсер ететін саланың бірі – мәдениет пен әдебиет. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында берген тапсырмаларында әр елді мекенде заманауи мәдениет ошағы болу керектігі айтылған. Осыдан екі жыл бұрын өздеріңізбен кездескен кезде берген уәдеміз орындалып отыр. Ғимараттың құрылысына облыс бюджетінен 174 миллион теңге бөлінген болатын.
Ендігі мәселе – осы клуб қаңырап бос қалмауы керек. Әсіресе, демалыс күндері мен мереке қарсаңдарында бұл жерден халық үзілмегені қажет. Мәдениет осындағы клубтың ішіндегі шаруалармен шектелмейді. Ауылдарыңыздағы оңды өзгерістерге қарапайым халық та икемделіп, өз үлестерін қосқаны абзал. Егер әр аула жинақы қалыпқа еніп, әр көше сәнмен сап түзесе, ол да мәдениет. Сондықтан ауылдарыңыздың күннен-күнге гүлденуіне бүкіл ел болып атсалысуларыңыз қажет, – деді аймақ басшысы.
Мектеп құрылысымен толықтай таныса келе, облыс басшысы 80 орындық акт залы 320 балаға арналған мектеп үшін тарлық ететінін ескертіп, құрылыс жобасына кеш те болса өзгеріс енгізу керектігін айтты.
Өңір басшысы аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп-лицейді де аралады. Аралас білім ошағы 500 орынға шақталғанымен, қазір мұнда 678 оқушы білім алуда. Жуықта мектептің жанынан шағын этноауыл ашылған. Ауданның табиғи жағдайынан хабар беретін этноауылды құру үшін аудан бюджетінен 700 мың теңге бөлініпті. Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков осындай этноауыл Көпбай ауылында да жұмыс істеп тұрғанын айтады.

Жан-жақты байланысқа жол ашады

Қарауылдағы  жәрмеңке қанатын кеңге жайды

Бұдан кейін облыс басшысы әйгілі Қарауыл төбеге ат басын тіреді. Ғасырлар бойы Шыңғыстау жұртының тыныштығын күзетіп келген қасиетті Қарауыл бұл күні екінші мәрте бүкіл қазақ халқының мамыражай тірлігінің куәсі болып, молшылық пен еңбекқорлықтың, ұлттар мен көрші мемлекеттер ынтымағының символына айналды. Ресейдің Алтай өлкесі мен Алтай Республикасынан, Қытай, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктерінен меймандар шақырылған бұл жәрмеңкенің ауқымы республикадан асып, жақын шетелдерді қамтып отыр. Бұл сөзімізге осы жәрмеңке үшін Қарауылға Біріккен Араб Әмірліктерінен, Ресейдің Алтай өлкесі мен Алтай Республикасынан, Қытайдың Тарбағатай ауданынан өкілдері келуі дәлел. Бұлардан бөлек Астана қаласы мен Алматы, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда облыстарының өкілдері де жәрмеңкеге артынып-тартынып келіпті. Жалпы жәрмеңкеге 119 шаруа қожалығы қатысты. Көрмеге 215 бас ірі қара, 1000 бас қой, 50 жылқы қойылды. Аталмыш 119 шаруа қожалық қомақты сауда жасағысы келгендерге бұлардан бөлек 3850 бас сиыр, 71100 қой, 300 бас жылқының келісімшартын ұсына келіпті.
Шара Абай ауданының өнерпаздары дайындаған театрландырылған қойылыммен ашылды. Кезінде Қоянды жәрмеңкесінің көрігін қыздырған Біржан сал Қарауыл аспанын әнге бөлесе, талай дастанға арқау болған Қыз Жібектің күймелі көші көшпелі өмірдің бар кереметін паш етті. Осы өлкенің текті әулеті – Құнанбайдың ауылы көз алдымызға XIX ғасырды әкелсе, Қарауыл төбеден талай жаудың бетін қайтарған Мамай батыр мен оның ізбасары ер Тоқтамыстың сарбаздары ат тұяғының дүбірімен тау теңселтті.
Жәрмеңкеге жиналған жұртты құттықтаған аймақ басшысы шараның дәстүрлі түрде өте беретінін айтты.
-Жәрмеңке – жан-жақты қарым-қатынасқа жол ашатын, өте пайдалы шара. Осымен екінші рет Қарауылдың басында жәрмеңке өткізудегі мақсатымыз – көршілес елдермен арадағы нарықтық қатынасты дамыту, өз ішіміздегі аймақаралық ықпалдастыққа серпін беру. Өткен жылы да бұл жәрмеңке табысты өтіп, нәтижесінде бір млрд. теңгенің саудасы жасалған. Ал биылғы жәрмеңкеге 200-ге жуық шаруашылық 300 мың бас мал сату ниетімен келіп отыр. Біз мұхитқа шыға алмайтын ел болсақ та, бабаларымыз интеграцияның не екенін ежелден білген. Соның арқасында атышулы жәрмеңкелердің тарихы бізге жетіп отыр. Біз сол бабалар жолынан таймауымыз керек. Өйткені, қазіргі заман жағдайында экологиялық таза азық-түлікке, соның ішінде мал өнімдеріне деген сұраныс артып отыр, – деген ол жәрмеңкеге қойылған небір асыл тұқымды түліктерді аралап, қожалық жетекшілерімен тілдесті.
«Қасқабұлақ» ЖШС – бұл жәрмеңкеге Ойсылқара түлігін әкелген жалғыз шаруашылық. Серіктестік директоры Амантай Мұқатаев иелігіндегі 130 бас түйені әлі де көбейтетінін айтады. Өйткені, маңғаз түлікке деген сұраныс соңғы жылдары арта бастаған. Ел назарын «Елім-ай Көкпекті» ЖШС-нің салмағы бір тонна 140 келі тартатын ангус тұқымды екі жарым жасар өгізі өзіне аударды. Ал жылқықұмарлар Ұлан ауданынан келген асылтұқымды арғымақтарды айналшықтаумен болды. «Мал өсірсең, қой өсір» дейтін баба өсиетін жадында ұстағандар Шопан ата түлігінің алуан тұқымын салыстырып әлек болып жатты.

Жарты күнде 780 миллион теңгенің саудасы жасалды

Қарауылдағы  жәрмеңке қанатын кеңге жайды

Жәрмеңкеге әкелінген малдың аурудан ада болуына жауапты мамандар да Шыңғыстауға елден бұрын келіп, барлық малды арнайы тексеруден өткізіпті.
– Біз жәрмеңкеге күн бұрын келгенбіз. Кешеден бері көрмеге
қойылатын малдың барлығын тексеріп, құжаттарын реттедік. Сондықтан бүгін сатылған малдың саулығына толықтай кепілдік беруге бармыз, – дейді облыстық мал дәрігерлік инспекция басшысының орынбасары Серік Күдебаев.
Тек түске дейін жәрмеңке меймандарының арасында 780 млн. теңгенің келісімшарты жасалады. Бұл туралы облыс басшысы мал өнімін өндірушілермен өткізген кездесуінде айтты.
-Елбасының еліміздегі ет экспортын жылына 60 мың тоннаға жеткізу жөніндегі тапсырмасы бар екенін білесіздер. Қазір сол межені орындауға мүмкіндік туып отыр. Оның үстіне сыртқы жағдай бізге қосымша жолдар ашып отыр. Соңғы бес жыл бойында мал шаруашылығына субсидиялар берілгенінің арқасында республика бойынша сүт өндірісінің көлемінен бірінші орында, ет өндірісінен екінші орында келеміз. Біздің облыста ғана іске асып келе жатқан «Жайлау» бағдарламасының арқасында кейбір аудандарда ұсақ мал саны жыл сайын 20-30 пайызға артып отыр. Бүгінгі жәрмеңкеге келер болсақ, келушілердің саны былтырғыдан екі есе көп екені анықталды. Түске дейін ғана 780 млн. теңгенің сауда келісімшарты жасалуы бұл жәрмеңкенің жемісті басталғанына дәлел, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов жәрмеңкенің толық нәтижесін жариялауға әлі ерте екенін айтады.
-Жәрмеңкенің кешке дейін жалғасатынын ескерсек, бұл әлі ортасы ғана деген сөз. Бізді шетелден келген меймандармен ортақ келісімге келе алғанымыз қуантып отыр. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдерімен жайлаудағы мал шаруашылығын бірлесе отырып дамыту жөнінде келісімге келдік. Ал ресейліктер бізден мал еті мен құс етінің дайын өнімдерін алуға құлық танытып отыр. Екі мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев арнайы келісімшартқа қол қойды, – дейді Д.Селиханов.
Бұдан кейін өңір басшысы қазақша күрестен Манарбек Таутанов атындағы Республика кубогының ашылуына қатысты. Қазақстан Республикасының дзюдо және самбо күресінің еңбек сіңірген жаттықтырушысы атындағы турнирге еліміздің 16 өңірінен 250-ге жуық балуан қатысып, екі күн бойы бақ сынасады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button