Экономика

Қарауылда қылшық жүнді кәдеге жаратады

Қарауылда жаңа жылдан бастап жүн өңдеу ісі жолға қойылмақ. Сол мақсатпен осындағы «Дерикар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғимаратына Қытайдан жалпы құны 22 миллион теңгеден асатын құрал-жабдықтар әкеп орнатылған.

Қарауылда қылшық жүнді кәдеге жаратадыОсы орайда ең алдымен «Дерикар» серіктестігі туралы бір-екі ауыз сөз айта кеткеніміз жөн болар.

Серіктестік басшысы Тасболат Битенов – іскер азамат. Тынымсыз еңбегінің арқасында өткен жылы «Құрмет» орденімен марапатталса, облыстық мәслихатқа қатарынан екі рет депутат болып сайланғаны өз алдына бір төбе. Іскерлігі емей немене, биылғы күзде мал сою цехын іске қосып қойды. Енді, міне, семейлік Ертіс Омаров және Бақытжан Мұсажанов деген азаматпен бірлесіп жүн өңдеу ісін жолға қою мақсатымен қызу іске кірісіп отыр. Аты аталған екі серіктесі де бұған дейін жүн өңдеу ісімен айналысқан білікті мамандар.

Бұл өңдеу орнында жүз адам жұмыс істейтін болады. Олар қазір іріктеліп, сақадай сай әзір тұр. Мұның сыртында Семейдегі жүн өңдеу фабрикасынан бес-алты маман көмекке келмек. Олар бір жыл бойы мұндағы әріптестеріне жүн өңдеудің қыр-сырын үйретеді.

Жуылған жүн Қытайға жөнелтілетін болады. Соған орай алдын ала жасалған келісімшарт бар. Мұнда орнатылған жүн өңдейтін құрал-жабдықтардың жылдық қуаты – 2,5 тонна. Қара қойдың қылшық жүнінің маңызын енді ғана біліп жатқандаймыз. Болмаса кешегі кеңес заманында ол тек киіз бен әскерилердің шинеліне ғана пайдаланылыпты. Ал Қытайда қылшық жүннен тауық пен балыққа жем жасалса, дәрі ретінде ол бүйрек ауруын емдеуге, түсіп қалған шашты қайта өсіруге де пайдаланылады екен.

Жүннің шайырының маңызы тіпті ерекше. Оның құрамында ланалин деп аталатын май бар. Осы майдан парфюмерия бұйымдары, түрлі кремдер мен иіссулар жасап шығарылады. Ал болашақта шайыр осында өңделмек. Сол мақсатпен Қытайдан тағы да жаңа құрал-жабдықтар сатып әкелініп, орнатылмақ. Онда қосымша тағы 15 жұмыс орны ашылатын болады.

Қылшық жүннің бір келісіне қырық теңге төлеуге дайын зауыт басшылығы шикізатқа және алаңдап отырған жоқ. Өйткені, осы аймақтағы аудандардың бәрі дерлік қылшық жүнді қой өсірумен шұғылданады. Ал осыған дейін соншама байлық кәдеге аспай жатқаны және шындық.

Жергілікті жердегі жүн өңдеу саласы құрылтайшыларынан өздеріндегі жалақы жайын сұрастырғанбыз. Мұнда ең төменгі жалақы қырық, ал жоғары жалақы сексен мың теңге мөлшерінде белгіленіп отырған көрінеді.

Дәулет Сейсенұлы

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button