Қарауыл өзені қайта ағып жатыр
Осыдан бір ай бұрын өлкетанушы, журналист Майсары Рақышев мұражайдың қасынан өтіп бара жатып: «Қарауыл өзенінің бас жағына барып келдім, су түсіп ағып жатыр», – деген болатын. Бірақ мен сеніңкіремедім, арада бір апта өткен соң, Қарауыл өзенінің ағып жатқанын өз көзіммен көрдім.
Қарауыл өзені жылда сәуір, мамыр айларында ғана ағып, содан соң суалып қалатын. Бұрын «Абай жолы» романынан Абайдың досы Ербол осы Қарауыл өзеніне батып кете жаздағанын оқыған едім.
Бір қар жауғаннан кейін өзен жаққа барғам. Жағасына қабыршықтана мұз қатыпып, бетінен қырбақ қар жауыпты. Өзен баяу жылжып ағып жатыр. «Бұлағы болмаса өзен де сарқылар» деуші еді, демек бұлағының су алмағаны ғой.
– Кезінде Шыңғыстауын аралай ағатын Қарауыл өзенінің маңында ну тоғай өсетін. Алайда, ашаршылық пен соғыс жылдарында Қарауыл ауылының тұрғындары сол ағаштарды кесіп отқа жағып күн кешкен. Жүгірген аңы мен ұшқаны құсы да бар еді, – дейді көнекөз қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Жағыпар Жүнісжанұлы.
Енді міне, тура 70 жылдан кейін қараша айында Қарауыл өзенінің арнасынан су жүріп, қайта ағып жатыр. Табиғаттың бұл құбылысына Қарауыл ауылының тұрғындары да аң-таң. Енді бұл өзеннің жағалауына аң біткен ағылып келіп, маңайына жан бітіп жатуы да ғажап емес. Келер жылдары жағалауы жасыл желекке оранады деген де болжам бар. Өзеннің қайта ағып жатқанын көрген көнекөз қариялар жақсылыққа балап отыр. Дарияның басы осы шығар деседі. Ендігі әрі осылай аға берсе, кейінгі жұрттың иірімдерінен балық аулап жүрулері де әбден мүмкін.
Аудан тарихындағы ерекше табиғат құбылысын біз де қалың оқырман біле жүрсін деп жазып отырмыз.
Малғаждар Жүнісжанов,
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің Абай ауданындағы филиалының меңгерушісі