Қоғам

ҚАРАУЫЛ КӨЗ ТАРТАДЫ

Биыл ауданымызда жаңа мектеп  құрылысы толығымен аяқталып, қолданысқа берілді.  Жолдар жөнделіп, аудан көркі арта түсті.  Бірнеше үйлер бой көтеріп, қаншамасы қайта жөндеу жұмыстарынан өтпек. Әсіресе, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде берілетін бұл тұрғын үйлер тұрғындар үшін  қуанышты жаңалық.

Қарауыл ауылында 300 орындық жаңа мектептің салынуы ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында Абай ауданына жасалған айрықша тарту болып отыр.   Жаңа мектеп пайдалануға берілгеннен кейін жаңа оқу жылы халық үшін, шәкірттер үшін үлкен қуанышқа айналды. Нысанның сәулеттік келбеті келуші  қонақтардан да оң бағасын алып үлгерді. Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттарына сай   мектеп заман талабына сәйкес роботтехникасы, ІТ технология, мультимедиялық журналистика, виртуалды шындық кабинеттерімен жабдықталған. Мектеп қарсысына шынар ағаштары отырғызылып, кіші архитектуралық формалар қойылған. Ауыл тұрғындарына, келушілерге әсемдік сыйлау мақсатында гүлзарларды абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталған.

Қуантарлық тағы бір жайт, аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, Қарауыл ауылындағы 1976 жылы салынып, жөндеу көрмей ескіріп, тозығы жеткен су құбыры қайта жаңғыртылуда. Осылайша, аталған жоба бойынша су жүйесі әр тұтынушының үйінің қоршауына дейін жеткізіліп беріліп, барша тұрғындар таза ауы судың игілігін көреді деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар толығымен аяқталғаннан кейін аудан тұрғындары 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар Қарауыл ауылындағы Мұхамедқанов, Бекбосынов, Әйгерім, Мамай, Ұлжан көшелері орташа жөндеуден өтіп, Құнанбай, Мамай, Бекбосынов, Абай көшелеріне тротуарлар орнатылды. Нәтежесінде, қазіргі уақытта аудан көркіне көрік қосылып, көз тоймастай жаңарды.

Қарауыл ауылындағы 20 жылдай уақыт бос тұрған көппәтерлі екі тұрғын үй жөнделіп, қалпына келтірілді. 15 көппәтерлі тұрғын үй тағы бар.

Сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі уақытта жеке меншік қаражат есебінен салынып жатқан екі пәтерлі үш үйдің құрылысы аяқталып және жаңадан қос пәтерлі 13 үйдің құрылысы басталып, жұмыстары жүргізілуде.  Жалпы алғанда, жыл соңына дейін 47 тұрғын үй көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беріледі деп жоспарлануда. Сөйтіп, алдағы уақытта қаншама отбасының шаңырағы шаттыққа кенеліп, қоныс тойы тойланбақ.

Бурхан Мұратов,

Абай аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button