Қараусыз мал – қарақшыға жем

Облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері мал ұрлығына тосқауыл қою үшін жедел алдын алу шараларын жүргізуде. Аталмыш шара аясында өңірдегі ірі мал базарлары мен ет сататын дүкендерге тексеру жұмыстарын жүргізетін 99 топ құрылған. Бұдан бөлек, мал тиелген жүк көліктерін бақылаудан өткізетін 130 мобильді топ жұмыс атқаруда.
Рейд барысында өңірдегі 168 жол бекетінде мал еті тиелген 293 автокөлік тоқтатылып, тиісті құжаттарға тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, ешбір құжаты рәсімделмеген 21 көлік жүргізушісі анықталып, оларға еліміздің «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 406-бабына сәйкес ветеринария заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл салынған.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, өңірдегі мал ұрлығы өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 31,3 пайызға төмен. Облыстық ішкі істер департаментінің криминалды полиция басқармасының басшысы Нұркен Көпжасаровтың айтуынша, жайылымда жүрген ірі қара малдарды ұрлау жиі кездеседі.
– Өткен жылы далада қараусыз қалған 240 бас мал жоғалса, биыл жайылымда жүрген 167 бас мал ұрланған. Өкінішке қарай, 2016 жылы 104 бас малды қорадан ұрлап кеткен. Ал ағымдағы жыл басынан бері 70 бас мал қорада тұрған жерінен қолды болған. Жалпы, облыста 100 қылмыс жасалса соның 70-сі ұрлық. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға айтарым, салғырттық танытпаңыздар. Егер малыңыз жоғалып кетсе, сол күні бірден учаскелік полиция қызметкеріне хабарласыңыз. Әйтпесе, біздің халық малы жоғалып кеткен кезде ешкімнің көмегіне жүгінбей, 2-3 апта көлемінде өзі іздейді. Содан таба алмай, әбден әбігерге түскен соң арыз жазып, малдың жоғалғанын айтады. Ұрлықтың ізі суып кеткеннен кейін, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арада бірнеше күн немесе ай өткен қылмысты ашу қиынға түседі. Содан барып мал иесі полиция қызметкерлеріне барлық кінәні арта салады. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан барлық адамдар кез келген қылмыс пен ұрлықтың жасалғанын білсе дереу тәртіп сақшыларына хабарласуын сұраймыз, – дейді Нұркен Көпжасаров.
Облыстағы ең көп мал ұрлығы Абай ауданында тіркелген. Айта кетейік, былтыр Жарма, Тарбағатай аудандарында мал ұрлығымен айналысатын қылмыстық топтар құрықталып, тиісті жазаға тартылған. Жалпы, өңірдегі барымта қылмысының алдын алу үшін облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері жыл сайын барлық аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп, оларға жануарларға таңба салып, малды кезектесіп бағу жұмыстарын ұйымдастыруға шақырған.
– Біздің полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу үшін жаз-күз мезгілдерінде жайлауларды міндетті түрде тексеріп тұрады. Себебі, бұл маусымдарда барымта көбейеді. Айта кететін бір жайт, облыста ең көп жоғалатын ірі қара мал – жылқы. Өйткені, күзде семіз малды соғымға іздейтін адам көп. Сол себептен, төрт түліктің бұл түріне барымта жиі жасалады, – дейді Нұркен Көпжасаров.
Ажар Сағатбекова