Қараусыз қалған саябақты жаңартып жатыр

Бородулихалық кәсіпкер өз қаржысына қараусыз қалған саябақты жөндеп, абаттандырып жатыр. Новопокровка ауылының қақ ортасынан орын тепкен бұл бақ жергілікті тұрғындардың бірден-бір демалатын орынына айналмақ.
Қазіргі кезде ауылдық округте екі жарым мыңнан астам адам тұрады. Округ орталығы – Новопокровка ауылы.
Осы ауылдағы белді қожалықтардың бірі – «Лина-Агро» серіктестігі. Оның жетекшісі Юрий Ковязин өзінің туып-өскен ауылына қолынан келгенше қолдау көрсетіп келеді. Шаруашылық негізінен егін шаруашылығын кәсіп еткен. Өздеріне қарасты екі мың гектар алқапқа дәнді дақылдар мен күнбағыс өсіреді. Серіктестік қарамағында 50 шақты адам еңбек етіп, нәпақасын тауып отыр.
«Лина-Агро» өндірісін кеңейтіп, техникасын көбейту үстінде. Әлбетте, жұмысшыларының саны да біртіндеп көбейіп келеді. Кәсіпорын басшысы – осы өлкенің нағыз атымтай жомарты, ол туған мекеніне демеушілік көмек көрсетуден еш жалтарған емес. Сондай игілікті істерінің бірі ретінде ауылдағы жаңартылып жатқан саябақты атауға болады. Көп жылдан бері бос жатып, іші қоқысқа толып кеткен бақ бүгінде адам танымастай өзгерген. Келешекте бұл жер балаларға арналған ойын алаңдары бар тамаша демалыс орнына айналмақ. Елбасының мұрындық болуымен іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» атты бағытына Ковязин мырза осылайша үлес қосып отыр.
Ауылдық округ басшылығы «Халықтар достығы» аталатын осы саябақтың абаттануына ерекше қуануда. Олардың айтуынша, бақ пайдалануға берілген соң жергілікті жұртшылықтың бос уақытта балаларымен демалатын керемет орны пайда болып, елді мекен бұдан әрі ажарлана түспек. Мұнымен қоса, ауылдағы түрлі мәдени-бұқаралық іс-шараларды да осы саябақ аумағында өткізуге болады.
–Еңбегіме халық бағасын бере жатар. Осы ауылда туып-өскен соң оның жағдайы, келешегі мені алаңдатпай қоймайды. Өзімнің балаларым осында өсті, немерелерім болып жатса, осы ауылда олар да тұрады. Бұл саябақ ауылдың қақ ортасында тұр. Қараусыз қалғандықтан, шыны керек, іші күл-қоқысқа толып кеткен болатын. Үш жүк көлігіне жететін тұрмыстық қалдық шығардық осы арадан. Қаулап өскен бұталарды шауып, аумақты қашалап шықтық. Енді балалар мен ересектерге арналған ойын және спорт алаңдарын, жайлы орындықтар, әткеншектер орнатып жатырмыз. Оларды Алматыдан алдырттым. Мұнда алдағы уақытта волейбол және баскетбол ойнайтын алаңдар да болады, – дейді шаруашылық жетекшісі.
Жергілікті халық атқарылып жатқан іске сырттай сүйсініп жүр. Олар қожалық басшысының бұл мәрттігіне дән риза. Саябақ іске қосылған соң бұл жер ауылдың жас-кәрісі кешқұрым бас қосып, мәре-сәре болатын бір орталығына айналмақ.
– Ауылымызда мәдени орындар саусақпен санарлық. Мектеп ауласы, футбол алаңы, сосын Мәдениет үйі бар. Енді, міне, отбасымызбен келіп серуендейтін өз саябағымыз болады. Бізде егде жастағы адамдар, зейнеткерлер көп, жас аналар, бала-шаға да жетерлік. Олардың бәрі осы жерге келері анық, – дейді ауыл тұрғыны Әсел.
Ауыл саябағын қалыпына келтіру жөніндегі жоба өткен жылдың мамырынан басталған-ды. Жұмыстар келер жылдың қыркүйегінде толық аяқталуы тиіс. Барлық іс-шараларға шаруа қожалығының басшысы өз қалтасынан 13 миллион теңгеден астам қаржы шығарып отыр. Саябақ салынып біткен соң ол түгелдей жергілікті әкімдік қарамағына беріледі.
– Округ орталығы өсіп-өркендеп келеді. Халық саны да көбеюде. Аталмыш саябақтың ауылдағы көрнекті жерлердің бірі болары күмәнсіз. Біздің ортақ мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын жақсарту, олардың жайлы демалысы үшін жағдайлар туғызу, – дейді ауылдық округ әкімі Индира Бельская.
Ержан Әбіш
Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді