Қоғам

Қаратоғайлық ұстаздар «Дидарға» түгелдей жазылды

Қаратоғайлық ұстаздар «Дидарға» түгелдей жазылды


Көкпеңбек Бұқтырманың тынып аққан толқынын қақ айыра пароммен өтіп, «…сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал, күн жылт етсе төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тыраңдасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны», – деп Жүсіпбек Аймауытов сөзбен кестелеген Күршімге келдік. «Дидар» газетінің Күршім өңіріндегі оқырмандарымен алғашқы кездесуіміз Қарасеңгірдің етегінде жатқан Қалғұты ауылдық округінің орталығы, қасиетті мекен – Қаратоғай ауылынан басталды.

Қаратоғай өңірі есімі халық есінде қалған Ақаш Жүнісовтей өлкетанушы, шежірешімен, Тоқтаубек Әлдиевтей өнерпазымен, Асқар Алтайдай жазушысымен, Нүрбилә Шәкеновадай ұстазымен, Совет Әбікеновтей, Кеңесхан Баймұхамбетовтей ел құрметіне бөленген еңбеккерлерімен, басқа да танымал тұлғаларымен белгілі жер.

Қаратоғай ауылының тұрғындарымен, мектеп ұжымымен болған кездесуде Қалғұты ауылдық округінің әкімі Динара Әбиева, Қаратоғай орта мектебінің директоры Нұржан Чақаев, «Дархан» ШҚ иесі Жұмахан Есентаев, мектеп мұғалімі Сәуле Хамитова, өзге де ауыл тұрғындары облыстың бас басылымын үзбей оқып келе жатқандарын жеткізіп, газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Оқырмандар әсіресе, «Дидар» газетінің «Мен ауылдың баласымын», «Алаш қайраткерлері», «Киелі туған жер», «Кәсіпкер», «Спорт» беттерін қызыға оқитындарын айтты. Оқырмандарымыз «газет бетінде белгілі бір заңдарға түсініктемелер беріліп тұрса, латын әліпбиіне көшудің барысы жан-жақты жазылып тұрса» деген, өтініш-тілектерін жеткізді.

Кездесуде облыстағы бас басылым – «Дидардың» журналистері Жанаргүл Мұқатай, Нұржан Кенжеұлы, газеттің Күршім ауданындағы меншікті тілшісі Хасен Зәкәрия Дидардың «Дидардың қонағы», «Атамұра», «Кәсіпкер», «Денсаулық», «Сарбаз», «Сұраңыз, жауап береміз», басқа да беттері мен «Иманшарт», «Біз де бала болғанбыз», «Тіл бітсе, сурет не дейді?» сияқты көптеген айдарларының оқырмандар көңілінен шығып отырғандығын айтып, ауыл тұрғындарын газеттің қызықты шығуына атсалысуға шақырды. Облыстың қоғамдық-саяси өмірін, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтитын аймақ жаңалықтарының бәрін алдымен жеткізіп, ел ішіндегі «әттеген-ай» деген тұстарды назардан тыс қалдырмай жазып отырған «Дидар» газетінің алдағы уақытта мазмұны мен арнаулы беттері одан әрі байып, түрлене түсетінін баяндады. «Алтайньюс» сайты, электрондық нұсқасы бар «Дидарда» биылдан бастап оқиға, жаңалықтарды бейнетаспаға түсіріп, теледидардан көрсетуге де мүмкіндік туып отыр. Өз оқырманы үшін «Дидардың» тілшілерінің ұялы телефондары қашан да қосулы, редакцияның есігі әркез ашық.

Елмен емен-жарқын өткен кездесуде Қаратоғай ауылы орта мектебінің басшысы Нұржан Чақаев бастаған ұстаздар қауымы бастама көтеріп, «Дидар» газетіне 2018 жылдың жартыжылдығына түгелдей жазылды.

Жанаргүл Мұқатай
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button