Қоғам

Қараталдың қиярына қызығушылар көп

Қараталдың қиярына қызығушылар көп

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының берері мол екеніне зайсандықтардың да көзі анық жетіп отыр. 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін осынау бағдарлама аясында аудан бойынша барлығы 277 адам 651 миллион теңгенің несиесін алып, өз кәсіптерін ашыпты. Солардың бірі – қараталдық Ержан Жұртбаев.

2013 жылы аталған бағдарлама бойынша 2 миллион теңге алып, жылыжай ашқан Ержан қазір өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Аумағы 400 шаршы метрлік жылыжайда көкөніс өсіріп, пайдасын көруде.
Бабын таба білсең, жер дегеніңіз нағыз байлық қой. Еңбек етуге ерінбесең, жер де саған иіп, бойындағы барын береді. Қазір Ержанның көзі осыған жетті. Бұрын тұрақты жұмысы болмағандықтан, әр шаруаның басын бір шалып жүретін ол қазір бұл іске машықтанып алған. Бүкіл Қаратал ауылын, одан қалса, Зайсан ауданын көкөніспен қамтамасыз етіп отырғандардың бірі. Қанша дегенмен, өз топырағыңда өскен өнімге не жетсін! Зайсанға апарып, саудалаған кезде тұрғындар «Мынау қасиетті Қараталдың қияры ғой» деп, тамсанып тұрып сатып алады екен. Кейде «Маған бәленбай келі қияр сақтап қойшы» деп арнайы тапсырыс беретіндер де бар.
Біздің бір байқағанымыз, Ержан шаруаға ғана мығым секілді. Өзі мүлдем сөзге сараң. Қойған сұрақтарымызға қысқа ғана жауап береді. Негізінен жылыжайдағы өнімді саудалау, оның есеп-қисабын шығарып отыру оның зайыбы Алтынай Ыдырбаеваның мойнында көрінеді. Алтынай Ержан секілді емес, керісінше сөзшең.
– Жылыжайдан бір тергенде 15-20 келіге дейін өнім аламыз. Қиярдың келісін қыстай 500 теңгеден саттым, – дейді ол.

Қараталдың қиярына қызығушылар көп

Ержанның жылыжайының ішіне де кірдік. Жылыжайдың іші қайнап тұр. Қыстың суық күнінде де осындай температура сақталатын көрінеді. Көп су да кетпейді. Ержан тамшылатып суарудың өте тиімді әдіс екенін айтады.
Сонымен қатар, Ержан жылыжайда неше түрлі гүл көшеттерін де өсіреді екен. Сөйтіп, өзінің туған жерінің гүлденуіне үлес қосып, азаматтық танытып жүр. Кейде аудандағы мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпорындардан да гүл көшеттеріне тапсырыс түсіп жатады екен.
Алдағы уақытта Ержан Жұртбаев пен Алтынай Ыдырбаева жылыжай көлемін ұлғайтып, 1060 шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Алтынай Ыдырбаева «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 15 миллион теңге көлеміндегі жеңілдетілген несие де алыпты. Қазір жылыжай құрылысымен айналысуда. Құдай қаласа, көлемі ұлғайған жылыжайда қияр мен қызанақтан басқа да көкөніс түрлерін өсіру ойда бар.
– Бір арманымыз – дайын өнімді таситын көлік алу, – дейді Ержан.
Ержан мен Алтынайдың отбасында үш бала өсіп келеді. 13 жасқа келген үлкендері қазірдің өзінде қолғанат.
– Құдай қаласа, тағы бір кішкентайлы боламыз ба деп отырмыз, – дейді Алтынай.
Отағасы Ержан да балажан жігіт болса керек, қуаныштан болар, жымиып қояды.

Мейрамтай Иманғали

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button