Мәдениет

ҚАРАШАҢЫРАҚТАҒЫ ҚАРБАЛАС

 Қазақта «Қарашаңырақ» деген ұғым бар. Білген жанға мағынасы терең әрі жан-жақты. Белгілі бір әулетке қатысты қарашаңырақты айтпағанда, кез келген аудан немесе облыс орталығындағы өнер ордасына, тарихи маңызы бар мектепке немесе ұзақ жылдардан бері сол елдің айнасы бола білген газет редакциясына деген айрықша құрметтің белгісі ретінде қарашаңырақ сөзін қосып айтамыз.

Бір ғана Семейдің өзінде осындай қарашаңырақтардың бірнешеуі бар дейтін болсақ, солардың бірегейі – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайы. Абай еліне тұңғыш табаны тиіп, шаһарға ат басын тіреген есті адамның ең алдымен Абай мұражайын іздеуі заңдылық. Ұзақ жылдардан бері осы бір қасиетті қарашаңырақтың шырақшысы бола білген Ибрагимов Төкен ағамыздың дүниеден өткеніне де біраз жыл болып қалыпты…

Жаны жәннатта болғыр Төкен ағамыз ширек ғасыр бұрын өткен Абайдың 150 жылдық тойының қарсаңында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп мұражайдың мейлінше жаңартылып, қосымша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, керегелері сәл де болса кеңеюіне барынша еңбек сіңіргенін Семейдің жасы да, кәрісі де біледі. Сол қасиетті қарашаңырақтың бүгінгі тынысы мен тіршілігі қалай екен, келер жылғы Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойына деген дайындықтары қай деңгейде деген сұрақтарға жауап іздеп мұражайға біз де бас сұққанбыз.

Қарт тарихтың қойнауын оймен қайттық аралап…

– Көке, қарсы болмасаңыз, бастық келгенше мұражайды аралап шықсақ, – деп биязы жымиып, ізетпен қарсы алған азаматтың есімі Нұржан екен. Мұражайдың насихат бөлімінде меңгеруші болып қызмет ететін Нұржан ініміздің сыпайылығы, сөйлескен адамын бірден баурап алатын сөз саптасы, ең бастысы,  мұражайдың табалдырығынан бастап, төріне дейінгі қойылған әрбір жәдігерге қатысты берген жан-жақты мәліметі қайран қалдырды. Әрине, мұражай қызметкері болғасын ондағы жәдігерлердің қайдан келіп, қайдан қойғандығын, кімнен, қашан алынғандығын білуі міндеті шығар. Дегенмен еліміздегі талай мұражайларды аралап, көргенім бар еді. Шынымды айтсам, дәл мұндай әсерленбеппін. Ара-арасында Абай мен Шәкәрім аталарымыздың жыр шумақтарын жатқа оқи жүріп әңгіме көрігін қыздырған бауырым мені жетелегеннен-жетелеп апарып, сонау ХІХ ғасырдың қойнауынан бір-ақ шығарды.

Семей шаһарынан басталып кеткен кішігірім сапарымыз айналасы бір жарым сағатта Күшікбай асуынан асып, Бөріліге түсті. Онда көп аялдамастан Қарамола мен Сырт Қасқабұлақты сырттай өтіп, Ақшоқы мен Ойқұдыққа ойыстық.  Шілікті кезеңі мен Шыңғыстауды шыр айналып кеп, әйгілі Қарауыл мен Жидебайдан бір-ақ шықтық. Арғы жағында жатқан Көпбейіт, Кеңбұлақ, Бақанас пен Балашақпақтарға барып қайтуға уақытымыз тығыз болды… Ұққаным – Абай мұражайын айызың қанғанша аралап, шыны әйнектің ар жағына ұқыппен қойылған құнды жәдігерлері мен сол заманғы еліміздің салт-дәстүрлері, пайдаланған заттары т.б. жайлы толық мағлұмат алу үшін толық бір күн қажет екен.

– Елімізде құдайға шүкір Абайға қатысты ғылыми-зерттеу орталықтары баршылық және олардың жыл өткен сайын сандары да артып, аумағының да кеңейіп келе жатқандығы қуантады, – деп бастады әңгімесін Семейдегі Абай мұражайының директоры Жандос Мағазбекұлы.

– Солардың барлығы дерлік негізгі деректерді де, белгілі бір жәдігерлердің көшірмесін де осы қарашаңырақтан алады. Өйткені «Абайға, оның әулетіне, айналасы мен сол кездегі қарым-қатынаста болған адамдарына қатысты деректер де, ақынның қолжазбаларының түпнұсқалары да, қандай да бір тарихи фото-суреттер болсын, бәрі-бәрі осында» деп айтуға толық негіз бар. Абайды зерттеген қаншама ғалымдар, қай кезеңде болмасын өздерінің ғылыми жұмыстарын бізден алған деректермен толықтырып келеді…

– Жандос Мағазбекұлы, «Дидар» газетінің оқырмандары да құлақтана отырсын, осы мұражай қай жылдардан бастап және кімдердің бастамасымен іске қосылған?

– Мұражай 1940 жылы Абай атамыздың 95 жылдығы қарсаңында Мұхтар Әуезовтің тікелей бастамасымен әдеби-мемориалдық музей болып құрылған. Мұражай жәдігерлерінің жылдан-жылға толығып, байыған үстіне байи түсуіне бірден-бір мұрындық болушылар да, белсенді атсалушылар да Абай атамыздың тікелей ұрпақтары мен Абайды зерттеп жүрген ғалымдарымыз.

Музей құрылған күннен бастап Мұхтар Әуезов те, Әлкей Марғұлан да: – Абай елі жалпы шежіреге де, шежірешілер мен әңгімешіл көнекөздерге де бай ел. Сондықтан ел аузындағы әңгіме-жәдігерлер елмен бірге жасай беретіндігіне күмән жоқ. Ең бастысы, біздер заттық-жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтай білуіміз өте маңызды, – деп шегелеп тұрып айтып кеткен көрінеді. Сол кездің өзінде Мұхаң мен Әлкей ағаларымыздың мұндағы заттық-жәдігерлерге алаңдайтын жөндері де бар. Олай дейтінім, 1885 жылдары Абай атамыз өзі күнделікті тұрмыста пайдаланған біраз заттарын Долгополовтың ашқан музейіне әкеп өткізген екен. Ондай жәдігерлер бізден өзге ешбір мұражайда жоқ және болмайды да…

Құнанбайдың қорымы қорыққа айналмақ

 – Музейдің жанынан күніне бірнеше рет өтсе де, бас сұқпайтын жандар болады. Былайғы жұртқа жалпы музей жайында, ондағылардың міндеттері мен қызметтері жайлы мағлұмат бере кетсеңіз?

– Былайғы жұрт ойлауы мүмкін: «Е-е, музей деген сол баяғы, аннан алған, мыннан тапқан ескі-құсқы дүниелерді әйнек астына тізіп қойып, соларды күзетіп, анда-санда шаңын сүртіп қойып отыратын жер» деп. Тіптен олай емес, олай деп ойлаудың өзі – барып тұрған сауатсыздық. Музейдегі әрбір жәдігердің өзіндік орыны, кәдімгідей нарықтық бағасы бар, бұл бір. Екінші, «Ол жәдігер кімдікі, оны ол қайдан алған немесе қашан, қаншаға алған? Оны кім деген шебер, қай кезде, қандай материалдан жасаған? Бұл зат осы жәдігерді тапсырушының қолына қалай тиіп жүр? Қыл аяғы, бұл кісінің жәдігерді тапсырудағы мақсаты мен талабы қандай?» – деген сияқты көптеген сауалдардың тізбегі туындары сөзсіз. Осының бәрі «Білгенге маржан» демекші, білген адамға терең тарих. Өте құнды, тіпті баға жетпес мұралар деуге болады. Сондықтан «Музей қызметкерлерінің ең басты міндеттері мен парыздары анда-санда шаңын сүртіп қою ғана емес, осындағы әрбір затты қастерлеп, көзінің ағы мен қарасындай сақтай біліп, келер ұрпаққа аман-сау қалпында жеткізу» деп білемін.

– Ел Тәуелсіздігінің музей жұмыстарына, ондағы жәдігерлердің жаңарып, толығуына әсері болды ма?

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда музей қоры еселене түсті. Неге десеңіз, кешегі кеңес үкіметі сол кезеңдегі ақын-жазушылардың барлығына да өзінің дегенін істетті. Өйткені саясат, идеология сондай болды. Ел ағасы болған Құнанбайды құбыжық етіп көрсетті. Шәкәрім жайында мүлдем айтылмады да, жазылмады да. Ал сол замандарда күні-түні тіпті жыл он екі ай Абайдың қасында болған ақын шәкірттерінің өзін бертін, тәуелсіздік алғасын ғана танып-біліп жатқан жоқпыз ба? Алаш арыстарына қатысты да осыны айтуға болады. Кеңес тұсында олардың да кім болғандарын, ел үшін нендей тәуекелдерге бас тігіп, не үшін атылып, айдалып кеткендерін білдік пе? Білген жоқпыз. Қазір Семейде жәдігерлік қорлары бай әрі ел жиі баратын екі музей болса, соның бірі осы Абай музейі де, екіншісі – 1997 жылы ашылған Алаш арыстарының музейі.

Тойға дайындықтарыңыз қалай?

– Осыдан 25 жыл бұрын Абай атамыздың 150 жылдығы қарсаңында да бірталай іс-шаралар жоспарланып, кезең-кезеңімен жүзеге асқан болатын. Солардың бірі әрі бірегейі –  Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім кесенесі». Алдағы 175 жылдықтың басты жаңалықтарының бірі – Ақшоқыдағы Құнанбай қажының жатқан жерінің үкімет назарына ілінуі. Біз осы уақытқа дейін Ақшоқыға қорым (мола) ретінде ғана қарап келдік. «Ол жерде ұлы Абайдың әкесі жатыр екен-ау?! Сол кісінің басына тағзым етуіміз керек екен-ау?!» деген ұғым болмады ешқайсымызда. Бұл мәселе, тек өткен жылдан бастап қана газет беттерінде көтеріле бастады. Енді ол жер кәдімгі мемлекет қамқорлығындағы қорық болады бұйыртса.

Қазір бұл мәселені облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы өз бақылауына алып, Ақшоқыға дейін тасжол төселініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Сол жерде, той басталғанға дейін Құнанбай атамыздың музейі ашылатын болады. 175 жылдыққа арнайы мемлекеттік комиссия құрылған. Ол комиссияны мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың өзі басқарады. Оның құрамына вице-премьер Б.Сапарбаевтан бастап, Президент аппаратының басшысы, барлық облыс әкімдері енген. Мен өзім де сол комиссияның мүшесімін, таяуда ғана алдағы тойға байланысты бір отырысына қатысып қайттым.

– Ол жақтан не байқадыңыз, қандай әсер алып қайттыңыз?

– Қарапайым халықты айтпағанда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  өзі бастап, тұтас үкіметіміздің ұлы Абайға назар аударуы, ұлтымыздың танымал тұлғаларының, депутаттардың, елдегі түрлі сала мамандарының, тіпті өзге де ұлт өкілдерінің Абайға, Абайдың өлеңдеріне, оның алдағы келе жатқан 175 жылдық мерейтойына деген ықыластарының ерекше екендігі көңілге айрықша жылу ұялатып, сенімімізді нығайта түскендей. Атқарылатын ауқымды шаралардың барлығы дерлік мемлекет тарапынан қолдау көріп отырғаны, тиісті адамдарға осы бастан тапсырмалардың беріліп, қайсыбір жоспарлы шаралардың басталып та кеткендігі – «Алдағы Абай тойы жоғары деңгейде өтуі тиіс!» деген ізгі ойға жетелейді.

Барлығын тәптіштейтін емес, біздің де алдымызда үлкен-үлкен жоспарларымыз бар. Тойға дейін соларды жүзеге асыру борышымыз.

– Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button