Қарақолдықтар бас жүлде алды

«Ауылына қарап, азаматын таны», дейді қазақ. Демек, туған жер мен тұрған жер, тіршілік етіп жатқан мекен азаматтың өзіне сай болуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде Үржар ауданын үлгі етіп алуға тұрарлық.
Жуырда мұнда бесінші жыл қатарынан өтіп отырған елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстардың қорытындысы жарияланды. Бас жүлде алған Қарақол ауылдық округінде тәжірибе алмасу семинары өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа алған ұйымдастырушылар Астана қаласының 20 жылдығы мерекесін де атап өтті.
Аудан әкімі С.Зайнулдин, аудандық мәслихаттың хатшысы Қ. Қарашев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Баймұратов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы М. Бітімбаев, ауылдық округтердің әкімдері, барлық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары және БАҚ өкілдері қатысқан шарада біршама мәселелердің басы қайырылды. Аудандағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі екі айлықтың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтіп, жүлдегер атанған ауылдық округтер арнайы сертификаттармен марапатталды. Сонымен, бас жүлде бірнеше жылдан бері жеңімпаз болып жүрген Қарақол ауылына берілді. Әкім Марат Мұсабаевтың тынымсыз атқарған еңбегі лайықты бағаланды. Мұны ауданнан келген басшылар да өз сөздерінде айтып өтті. Сонымен, бас жүлдені Қарақол ауылдық округі иеленсе, І орынға Қаратал, ІІ орынға Науалы мен Қарабұлақ ауылдық округтері, ІІІ орынға Мақаншы, Егінсу, Қарабұта ауылдары шықты.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.