Қарабұта алға басып келеді
Қарабұта ауылдық округі – өңіріміздегі ең ірі және шаруашылығы кейінгі жылдары айтарлықтай алға басып, дамып келе жатқан елді мекеннің бірі.
Округте былтыр барлығы 47 шаруа қожалығы жұмыс істесе, биыл шеттен келген қандастарымыздың ұйымдастыруымен тағы біраз шаруа қожалықтары құрылып, қазіргі күндері елді мекенде 52 шаруашылық есепке алынып отыр. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған экономикалық саясатының талабына орай жуықта алғаш рет ауылда «Болашақ» кооперативі құрылды. Бұл кооперативті ұйымдастырушы және жетекшісі қаладан ауылға отбасымен оралған Дидар Исаев деген азаматымыз.
Қазір бұл шаруашылық қарбалас жұмысын бастап та кетті. Ауылдың ортасынан заманауи қора салып, бүгіндері 50 бас ірі қара, 160 бас қой, 11 бас жылқы өсіріп, басқаларға өз тәжірибелерін ұсынуда.
Елді мекеннің 14 мың 297 гектар егістігі болса, соның ішінде дәнді дақылдарға арналған аумағы 1878 гектар, майлы дақылдарға 8 мың 790 гектар алқап берілген. Сонымен қатар, көпжылдық шөп 2 мың 572 гектар, азықтық дақылдар 505 гектарға егілген.
Мәселен, осы округ былтыр ылғалдың молдығынан майлы дақылдардан 10 центнерден жоғары, дәнді дақылдардан 20 центнерден өнім алды. Осынау мол өнімді жинау үшін шаруа қожалықтарындағы 11 комбайн жеткіліксіз болып, қожалық иелері қыс айларында Қостанайға барып, тағы үш комбайн сатып әкелді. Биыл «ҚазАгро Қаржы» арқылы лизингке ауылдың «Бірлік», «Барқытбел» шаруа қожалықтары бірнеше комбайнға тапсырыс беріп отыр. Мал басын асылдандыру бағытында 2016 жылы жеті бас асыл тұқымды бұқа әкелінді. Анықтап айтатын болсақ, «Әлді – Назар» шаруа қожалығы екі бас әулиекөл, «Айбек» қожалығы бір бас әулиекөл, «Дулат» шаруашылығы бір бас ангус, «Аукен» бір бас ангус, «Екпін» және «Айткенов» шаруа қожалықтары бір-бір бастан әулиекөл асыл тұқымды бұқаларын әкеліп, әр бас үшін 154 мың теңгеден субсидияларын алып отыр.
Көктемгі егін себу үшін және оны жинау жұмыстарын жүргізуге кеткен шығындардың құнын арзандату мақсатында ауылдық округтің 30 шаруа қожалығына қажетті көлемнің 45,6 пайыз субсидиясы төленіп берілді. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті салық түсімдері бойынша Қарабұта елді мекеніне 2016 жылы барлығы 1 миллион 240 мың теңге жоспар берілсе, оны бұл округ 1 миллион 302 мың теңгеге жеткізіп, 105 пайызға орындаған.
Ауылдық округте «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша екі адам және үш адам патентпен, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша бес адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Бұл округте «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында елді мекенді көркейту, абаттандыру жұмыстарын жүргізу – ауыл халқының игі дәстүріне айналған. Округ әкімі Мұратбек Шөмшековпен сұхбаттасқанымызда өзі жетекшілік етіп отырған елді мекеннің шаруашылығының қалай дамып, өркендеп-өсіп келе жатқандығын көптеген мысалдар келтіре әңгімелеп берді.
Сонау тың көтеру заманымен қатарлас ауылдың бүгінгі тұрмыс-тіршілігі шынымен де уақыт өткен сайын оңалып, өңіріміздің экономикасына өз үлесін қосып, алға басып келе жатыр.
Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.