Қоғам

«Арабелла» неге еркінсіп жүр?

«Арабелла» неге еркінсіп жүр?

Облыс орталығындағы драматеатрдың маңайында салынып жатқан «Нұрлы жол» саябағы тұрғындарға 1 маусымда есігін айқара ашатын болады. Қақ ортасында биіктігі 25 метрлік обелиск бой көтереді. Оның ұшар басында алтын бүркіт орналастырылмақ. Жобаның архитекторы Сәрсен Сейітов облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІ атқарылып жатқан шаруаларымен таныстырды.

Архитектордың сөзіне қарағанда, саябаққа басқа жақтан тамырымен, топырағымен қазып алынған шыршалар отырғызылмақ. Осы мақсатқа арнайы көлік сатып алыныпты. Құны 80 миллиондық мәшинемен ағашты тек бір-бірден қазып әкеліп, топырағына ауа кіргізбей, тез орналастыра қою керек. Саябаққа барлығы 150-дей мәуелі ағаш отырғызылады деп жоспарланған. Сәрсен Сейітов аймақ басшысына қойылатын орындықтарды, кіші архитекторлық нысандарды, көгалдың аумағын көрсетті. Балалар алаңқайы жұмыс істейтін болады.

Жаңа саябақ қалалықтар үшін тосын сый болмақ. «Оның ашылу салтанатында өскемендіктер мұндағы ағаштардың қашан жайқалып өсе қалғанына таңғалатын болады. «Бұл не сиқыр? Дайын саябақ қайдан келді?». Әлемде саябақтардың барлығы осылайша бой көтереді. Бүгін бос жатқан жер, ертең қалың орманға айналуы ғажап емес. Көшіріліп отырғызылған ағаштардың 95 пайызы жерсініп кетеді», – деп түсіндірді Даниал АХМЕТОВ.
Аймақ басшысы құрылысшыларға саябақты қоршап қою жөнінде тапсырма берді. Бұл скверді бұзақылардың зиянды іс-әрекеттерінен сақтайтын болады.

Облыс орталығында жүріп жатқан барлық абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары үнемі аймақ басшысының назарында. Әсіресе, соңғы жылдары Славский атындағы жағалау көріктендіріліп, веложол салынып, өскемендіктердің бос уақыттарын пайдалы әрі тиімді өткізуіне барынша жағдай жасалды.
-Тұрғындар өздері үшін жасалған қолайлы жағдайларды бағаламайды. Мен жағалауды аралап көрдім, спорттық құралдар сындырылған, спортпен шұғылдану үшін қойылған заттар ұрланған. Бір кәсіпкер өзінің баржасын өзенге шығарып, мемлекеттің мүлкін қиратады. Мен қала әкіміне тапсырма бердім. Әлгі баржа тіпті теңіз регистрінде тіркелмепті де, ол адамдар өміріне қауіп төндіріп тұр, – деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, облыс орталығында Ертіс өзенінде тұрған «Арабелла» кафесінің тросы үзіліп кетіп, нысанның еркін жүзуге кеткеніне біраз уақыт болды. Бұған дейін баржа жағалауға соғылып, гранит тастарын сындырып жіберген болатын. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жауапсыз кәсіпкердің баржасы осылай жүзе берсе, аспалы көпірдің тірегіне соғылуы мүмкін екенін, онда көпірді жөндеуге тура келетінін айтты. Аймақ басшысы бұл мәселелерді қала басшылығы, қарапайым тұрғындар да, БАҚ өкілдері де назардан тыс қалдырмай, бақылап отыру қажеттігін ескертті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button