Тылсым дүние

Арқабай дуана соғыстың болатынын алдын ала болжапты

Арқабай дуана соғыстың болатынын алдын ала болжапты

Бұрынғы Семей облысы Еңірекей болысына қарасты Сыбан елінен аты республикаға танымал көптеген өнер иелері шықса, сондай-ақ, сол өлкеде аты аңызға айналған көріпкел-әулиелер де баршылық. Солардың бірі – Аягөз, Жарма ауданына аты кеңінен таныс Арқарбай дуана. Осы дуана жөнінде белгілі өлкетанушы Сайлаубек Жақыпов мынадай дерек айтады. Ол бірде аягөздік Сырғаш Мергенбаеваға жолығып, Арқарбай дуана туралы суыртпақтап сыр тартады ғой. Сексеннің сеңгіріне шыққан апа дуана туралы бала күнінде көрген, білгенін сөз етеді. Бірде дуана шекара асып, Шәуешек қаласына барса, сақшылар ұстап алып, «шпионсың» деп түрмеге жауып тастайды. «Мен ел қамын ойлап, елге жақсылық тілеп жүрген адаммын» десе, оған сенбейді. Түн ішінде есік өзінен¬-өзі ашылып, дуана түрмеден босап шығады. Содан қайтар жолда бір ауыл шетіне келіп, шөлдеген дуана шеткі үйге соғып, сусын сұрайды. Бірақ ешкім бермейді. Үстінде ақ көйлек, ақ дамбал, өзі жалаң аяқ, қолында таяғы бар дуананы көрген үй иесі Жүніс деген кісі тіпті үйге жолатпапты. Оны байқап қалған Сырғаштың жұбайы Тұрсағұл жалынып, жалпайып әулиені үйге кіргізіп, күтеді. Сусын ішкен соң, дуана: «Бізге бір жерде көп отыруға болмайды» деп, қопаңдап, «Алла-һақтайлап» – анау үйдің оты өшеді, байы өледі, кемпірі қаңғырып қалады» деп орнынан тұрып:
– Ойпырай, боздақтарым қырылып жатыр, жастарымның қаны нақақтан төгіледі-ау, халқым қиын жағдайға душар болады-ау! – деп, ағыл-тегіл жылапты. Сөйткенше болмай, «Алла һақ!» деп, етігін таяғымен бір қағып, үйден шыға жөнеліпті. Үйдегілер не күлерін, не сөгерін білмей есік алдына шықса, дуана ұшты-күйлі жоқ, көзден ғайып болыпты.
Айтқанындай ертеңінде ел басына қаралы күн туып, Ұлы Отан соғысы басталды деген хабар елге тарапты. Ал әлгі сусын бермеген Жүніс отағасы әскерге жарамды биесін бермеймін деп, табанына шеге қағып қойғанын білген сот орны оны он жылға соттап жіберіпті. Содан хабар-ошарсыз жоғалған. Бәйбішесі қайтыс болып, шаңырағының оты сөнген. Сөйтіп, дуананың болжамы дәл келген.
Сол бір сұрапыл соғыс жылдарында миллиондаған боздақтар майдан даласында көз жұмып, қаншама қан төгілді емес пе? Қаншама әйел жесір қалып, қаншама ана көзінің ағы мен қарасындай ұлдарынан айырылды. Кейде Арқарбай дуана осының бәрін қалай білді деп, таң-тамаша да қаласың.
Ел арасындағы әңгімеге қарағанда, Арқарбай дуана өзінің дүниеден өтерін де алдына ала біліп, ағайын-туғандарына: «Мен бір жылдан соң, бұл өмірден кетемін. Басыма арғы-бергі өткен ел дұға оқитын сандықша-белгі орнатыңдар» деп өсиет етіпті. Міне, айта берсе әулие Арқарбай дуана туралы аңыз-әңгіме көп-ақ. Әттең, тек соны жиып-теріп елге жеткізетін саналы жан табылмай-ақ тұрғаны өкінішті.

Мәуітқазы Зүкенов
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button